Студентті екі аяғынан айырған жол апаты: Арыс әкімінің ұлына қатысты іс тоқтатылғаны мәлім болды

Биыл мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған жол апатына қатысты Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлының үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.

newtimes.kz

Астана, NEGE. «NewTimes.kz» желілік басылымының жазуынша, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу бабымен қозғалған қылмыстық іс 16 қыркүйекте рақымшылық актісі негізінде тоқтатылған. 

Жантүршігерлік жол апаты биыл 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Салдарынан 21 жастағы Талғат есімді студент жігіт екі аяғынан айырылған. Көлік рөлінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың 22 жастағы ұлы Ердәулет Закиров отырған. 

Талғаттың әпкесі Гүлсімнің айтуынша, інісі қазір үйінде ем қабылдап жатыр. Ол шілдеде ауруханадан шыққанымен, жарақаттарының салдарынан бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген.

Талғаттың жамбасына тағы бір операция жасау жоспарланған. Бұған дейін оның жағдайы ауыр болғандықтан, мұндай операцияны бірден жасау мүмкін болмаған.

Жәбірленушінің әпкесі алдағы емге байланысты шығын әлі де көп екенін айтты. Оның айтуынша, шілде айының басынан бері Закировтың отбасы Талғаттың жағдайын сұрамаған және емделуіне қаржылай көмек көрсетпеген.

Гүлсімнің айтуынша, үйқамақты ұзарту туралы сот отырысында күдікті кешірім сұрамаған.

Айта кетейік, бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев осы жайтқа қатысты пікір білдірді. Әкім жол апатында көлікті ұлы тізгіндегенін растап, ол кәмелетке толған азамат екенін және заңға сай өз әрекетіне өзі жауап беретінін айтты. Бұған қоса Маңқараев тергеу барысына ықпал ету үшін өзінің қызметтік лауазымын пайдаланбайтынын алға тартқан-ды.