Арыс қаласы әкімінің ұлы тізгіндеген көлік жол апатына ұшырап, жолаушы екі аяғынан айырылды
21 жастағы студент Талғат Астана – Павлодар тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан соң екі аяғынан айырылды.
Астана, NEGE. NewTimes ақпаратынша, жол-көлік оқиғасы 2026 жылғы 29 мамырда болған. Сессия аяқталғаннан кейін Талғат Hyundai Tucson маркалы қалааралық таксимен Павлодардағы үйіне бара жатқан. Жолда көлік металл қоршауға соғылып, қоршау көліктің салонын тесіп өткен. Соққыдан артқы орындықта отырған 20 жастағы студент ауыр жарақат алған. Кейін дәрігерлер оның екі аяғын да шап тұсына дейін ампутациялауға мәжбүр болған.
Қазір студент ем қабылдап жатыр. Туыстарының айтуынша, протездеу құны ондаған миллион теңгеге жетуі мүмкін. Ал айыпталушының отбасы бастапқы көмек көрсеткеннен кейін байланысқа шығуды тоқтатқан.
Жол апаты болған күні көлік тізгінінде Арыс қаласының қазіргі әкімі Қайсар Манқараевтың 22 жастағы ұлы Ердәулет Закиров отырған. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Сондай-ақ соңғы бір жылдың өзінде бұл жігіт жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 29 рет жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды. Прокуратура оны тергеу изоляторына қамауды сұрағанымен, сот үйқамаққа жіберген.
Талғаттың әпкесінің айтуынша, осыған дейін Закировты Астанадағы элиталық тұрғын үй кешеніндегі тіркеуден шұғыл шығарып, Екібастұздағы туыстарының үйіне тіркеп қойған.
Жол апатында аяғынан айырылған студенттің туыстары айыпталушының әкесінің қызметі тергеудің объективті өтуіне әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Осыған байланысты олар істі қоғамдық бақылауға алуды сұрап, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне және сот органдарына жүгінді.
Талғаттың туыстары, сондай-ақ, айыпталушыға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының заңдылығын, оның сот алдында Екібастұзға шұғыл тіркелуінің мән-жайын, тергеу барысын, әкесінің – қазіргі әкімнің қызметтік лауазымының тергеуге ықпал етуі мүмкін деген жайтты, сондай-ақ Талғатқа келтірілген зиянның толық көлемде өтелу мәселесін тексеруді сұрайды.
Қазір оқып жатыр
Астана полициясы «боксшы Данияр Елеусінов ұсталды» деген ақпаратқа түсініктеме берді
Сот Атырау облысы әкімінің экс-орынбасарын мерзімінен бұрын босатудан бас тартты
Министрдің ұлы Ақмола облысында аудан басшысының орынбасары болып тағайындалды
Ақтау маңында жоғалып кеткен жігітті іздеуге ҰҚК сүңгуірлері мен дрондар жұмылдырылды