18 июня 2024 г. 21:10

«Отыз жылда құқықтық қоғамның орнына жегіштердің клептократиялық қоғамын орнаттық» – Саясаттанушы

Фото: Фото: ғаламтордан

Саясаттанушы Сайын Борбасов NEGE тілшісіне құқықтық қоғам құрудың жолын айтты.

– Соңғы кездері мемлекеттік органдар қабылдайтын заң жобалары мен шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету туралы жиі әңгіме айтылып жатыр. Сарапшы ретінде бұл ашықтық қай дәрежеде деп бағалар едіңіз? 

– Билік толыққанды қолына көшкелі бері Қасым-Жомарт Тоқаев ақырындап түрлі реформаларды қолға алып жатыр. Оның ішінде конституциялық реформа да бар. Атқарушы биліктің қызметіне де оңды өзгерістер енгізілді. Ауызды қу шөппен сүртіп, «ешқандай жаңалық жоқ» деуге болмайды.

Бірақ гәп мынада. Халықтың саяси сауаты айтарлықтай өскен. Талабы үлкен. Сондықтан қоғамды демократияландыратын реформаларды күшейту қажет. Әр билік тармағы өзіне тән, төл, табиғи функцияларын өркениетті елдердегідей орындайтын болса, біздің Қазақстан дамыған елге айналар еді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін біз осыған жете алмай келе жатырмыз.

Назарбаевтың өзі де бұл жайында көп әңгіме айтты. Бірақ ештеңе істемеді. Көтерген ұрандары жай ғана қалқа болып қалды. «Әділетті, жаңа Қазақстан» құратын болсақ, халықтың мұң-мұқтажын еститін мемлекет құрсақ, демократиялық реформалар жасалуы тиіс.

Мемлекеттік органдар қабылдайтын заң жобалары мен шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге тоқталсақ, соңғы сайланған парламентте жақсы өзгерістер бар. Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Ермұрат Бапи және басқа да бірсыпыра депутаттар заң шығарушы биліктің функциясының толыққанды атқарылуына өздерінің үлесін қосып жатыр. Қазір Парламенттің сөзі бар. Үкімет солардың ығымен қазақша сөйлейтін болды.

Әрине, көп заңға өзгеріс енгізілуі керек. Мәселен, тіл туралы, саяси партиялар туралы заңға жаңашылдық қажет. Партиялар сайлауға еркін қатысуы тиіс.

Фото: ғаламтордан

Бюрократиядан мейлінше арылу туралы Президенттің бастамасы бар. Біраз өзгерістер жасалып жатыр. Бұл жайында қандай пікір айтар едіңіз?

– Осы уақытқа дейін біршама жақсы дүниелер жасалынды. Электронды үкімет арқылы бюрократиясыздану үдерісі жүріп жатыр. Қазір көп мәселені шенеуніктің алдына бармай, онлайн шеше алатын болдық. Мұның өзі – жақсылық.

Мысалы, қазір табысты жариялау онлайн жүріп жатыр. Салықты да шапқыламай, интернет арқылы төлейміз.

– Қағазбастылықтан арылу – жемқорлық пен парақорлықтан арылу деген сөз емес пе?

– Әрине, солай. Мемлекетте бюрократия неғұрлым күшейген сайын, соғұрлым парақорлық күшейе түседі. Өйткені, адамдар шенеуніктерге тәуелді болып қалады. Сондықтан позитивті өзгерістер бар деп ауыз толтырып айта аламыз.

– Мемлекеттiк аппараттың қызметінде қандай оңды өзгеріс бар?

Мемлекеттік аппараттың қызметінде әлі де болса, баяулық бар. Біздің министрлер мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Бір мысал айтайын. Бізде Ғылым академиясы бар. Соны жөндеу қайраңдап тұр. Бұған Алматы әкімдігі мен Білім және ғылым министрлігі жауапты. Соны әлі бітіре алмай жатыр. Жөндеу жұмыстары құрылыс салғандай күрделі жұмыс емес.

Қазір Алматыда құрылыс компаниялары биік үйлерді бір жылдың ішінде салып тастайды. Жөндеу жұмысын жүргізуге не керек? Әкімдік ақша бөліп, министрлік жауапкершілік алу керек. Жауапкершілік жоқ. Мұны Парламент бақылауы тиіс.

Президенттің өзі де жауапкершілік мәселесін сынға алды. Жауапкершілік болмаған соң, ештеңе де болмайды. Жауапкершілік алуды үйрету керек. Міне, ақша, істемесең, орныңнан кетесің дегендей.

– Қазақстандағы құқықтық саясаттың іске асырылу барысы қалай жүріп жатыр?

– Құқықтық саясат дегеніміз – құқықтық мемлекет орнатуды көздейтін саясат. Құқықтық мемлекет орнату дегеніміз – барлық адамның заңға бағынуы. Барлық мәселе заң шеңберінде шешілуі тиіс. Заңнан тыс тұрған ешкім болмауы қажет. Президенттен бастап, кішкентай балаға дейін заңға бағынуы керек. Сонда дұрыс қоғам болады. Одан өзге нәрсені басқа ешкім ойлап тапқан жоқ. Адамзатты, қоғамды, мемлекетті дұрыс ұйымдастырудың жолы – дұрыс заңдарды қабылдау, сол заңдарды орындау, ескірген заңдарды жаңалау.

Фото: ғаламтордан

Бұдан 1 100 жыл бұрын «Құтты білік» деген кітабында Жүсіп Баласағұн осының бәрін айтып кеткен. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Адамзатты ұйымдастырудың оңтайлы жолы –құқықтық мемлекет.

Назарбаевтың тұсында бізде неге бәрі былығып кетті? Назарбаевтың туысқандары заңға бағынбай кетті. Соның кесірінен бүкіл ел бұзылды. Құқықтық қоғамды күлкіге айналдырып жібердік. Құқықтық қоғам орнатамыз деп жарияладық та, клептократиялық жегіштер қоғамын орнаттық.

– Конституциялық реформаның негізгі мақсаты осыны түзеу ме?

– Әрине. Десе де, батыл қадамдар жетіспей тұрғандай. Бізде шамамен 400 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы шетелге кеткен. Кейбір деректер бойынша, тіпті бұл қаражат 1 триллион АҚШ доллары көлемінде болуы ықтимал. Мұның бәрі – халықтың байлығы.

Қазір сол қаржының небәрі 3 миллиарды қайтып келді. 0,15 пайызын ғана қайтара алдық. Екі үш жыл ішінде 40 миллиардын қайтарып алсақ, бұл елдің бір жылдық бюджеті болар еді. Қазіргі біздің бір жылдық бюджетіміз 34 миллиард доллар көлемінде. Бұл – өсіп жеткен көрсеткіш.

400 миллиардты он жыл ішінде қайтарып алсақ, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитын жастарымызға жүз доллардан емес, үш жүз доллардан салуға мүмкіндігіміз болар еді.

Назарбаевтың әулеті халықты әбден тонады. Жиырма шақты туысқаны бүкіл Қазақстанды бөліп алды. Әділдік орнату да құқықтық саясатқа жатады. Олар заңды белшесінен басып, бүкіл халықтың нәпақасын жеді. Әлеуметтік әділеттілік пен құқықтық саясат – егіз ұғымдар. Өйткені, құқықтық әділеттілік орнамай, әлеуметтік әділеттілік те орнамайды. Мұның тірегі – құқықтық мемлекет орнату.

– Сот жүйесiнiң қызметi көңілден шыға ма? Сот жүйесiндегi мазмұндық реформалар туралы не айтар едіңіз?

– Сот жүйесінде де жағымды өзгерістер бар. Соттар еркін әрекет жасай бастады. Жоғары соттан бастап аудандық сотқа дейін Назарбаев бекіткен. Тоқаев осыдан арылып жатыр.

Фото: ғаламтордан

– Адамның құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы жақсарып келе ме?

– Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға қатысты жақсы өзгерістер болып жатыр. Күйеулері әйелдерге қол көтермеуі қажет. Мұны да Назарбаев бүлдірді. Қазіргі заманда адам бірден үш әйел ала ма? Көп әйел алуға өз басым қарсымын. Қазіргі әйелдер басқа. Санасы өзгерген. Білімді. Бір еркекпен бір әйелмен шаңырақ көтерсе, өмір сүргені дұрыс. Мәселен, бір әйелден алты бала сүйген жақсы ма, әлде әр әйелден алты бала сүйген жақсы ма? Қайсысы тату болады? Әрине, бір анадан туғандары.

– Халықтың құқықтық мәдениетін, толеранттылығы мен құқықтық санасын қалыптастырудың маңызы жөнінде айтып берсеңіз?

– Дәстүрлі қазақ қоғамында құқықтық мәдениет ежелден болған. Дәстүрлі мораліміз болған. Ұрлық жасамау, біреудің ала жібін аттамау, өтірік пен өсектен сақтану, әділетті болу – ұлттық мораліміз. Бұл көп халықтарға тән. Бірақ бізде қатты дамыған. Әттеген-айы, біз осының бәрін жоғалтып алдық.