15 мая 2025 г. 11:30

«Қазақтың ұлттық киімін қытай мен қырғыз тігіп беріп жүр» – Модельер-конструктор Балжан Ерсерік

Фото: Б.Ерсеріктің жеке мұрағатынан

Мәдениет және ақпарат министрлігі жуырда ұлттық киімнің мәртебесін көтеру төңірегінде жұмыс басталғанын мәлімдеді.

Еліміздегі тігін саласының тұралап тұрғанын ескерсек, бұл жүзеге аса қоюы екіталай науқандай көрінді. Осы ретте ел алдында жүрген жандардың ұлттық нақышта сәнін келістіріп жүрген модельер-конструктор Балжан Ерсерікке хабарластық. Халық әртістерінің сахналық стилін жасаған белгілі Берік Исмаиловтың шәкірті сән мен тігін саласындағы ойын бүкпесіз ортаға салды.

– Балжан, жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда ұлттық киім үлгісін қоғамға енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. Бұдан хабардар боларсыз?

– Иә, шет-жағасын естідім. Өте тамаша бастама. Байқағаным, соңғы жеті жыл ішінде халық арасында ұлттық киімге әуестік артып келеді. Еліміздің батыс өңірінен бастау алған бұл бастама оңтүстік өңірге ойысты. Бұл қуантарлық жағдай. Мәселен, шетелге шығатындар да қазақы киініп баруға тырысатын болды. Соған сай бізге де тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бұрын ер адамдар наурыз мерекесінде ғана шапан киетін еді, қазір күнделікті киюге ою-өрнекпен бедерленген жейде, бешпет, пальто сияқты сырт киім тіктіруге бет бұруда.

– Министрлік білім беру мен әлеуметтік сала қызметкерлері үшін ұлттық колорит пен ою-өрнек элементтері бар костюмдердің эскизін әзірлеп, мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде жолдапты. Бірақ біздегі тігін фабрикаларының тапшы екенін ескерсек, мұны жүзеге асыру мүмкін бе? 

– Әлбетте қиын болады. Себебі біздің елде үлкен тапсырыстарды орындайтын тігін фабрикалары жоқ. Мысалы, біздің өзіміз шағын цех болғандықтан, 200-300 дана ғана тапсырыстарды өтей аламыз. Қазір мысалы мектеп оқушылары қырғыздың желетіне қазақтың оюын жабыстырып киіп жүр. Оның сапасы да сын көтермейді. Егер жан-жақтан құрап-жамамай, сол киімдер бір жерден тігіліп шықса, қандай тамаша болар еді. Егер министрлік меңзеген жұмыс үлкен тапсырысқа негізделсе, бұл тағы Қытай нарығына қол жаюымызға әкелуі мүмкін.

Мойындауымыз керек, бізде тігін саласы тұралап қалды. Бұл саладағы мамандардың айлығы да мәз емес. Мысалы, мен студенттерге қосымша сабақ беремін, ішінде осы салаға қызығушылығы басымдарды тәжірибеге аламын. Жылына ол жерден қанша студент бітіргенімен, айлықтың аздығына орай көбісі басқа салаға кетіп қалады. Сондықтан мемлекет тарапынан шағын цехтардың дамуына жағдай жасалса, сәйкесінше, жастарға жұмыс табылар еді. Бізге отыратын орын табудың өзі оңайға түспейді, табылса, бағасы қымбатқа түседі. Өлместің күнін көріп жүрген шағын кәсіп бұдан қалай қарыштайды.

Б.Ерсеріктің жеке мұрағатынан

– Жалпы ұлттық киім үлгісін жастар арасында қалай сәнге айналдырса болады? Бұл ретте өзіңіздің қандайда бір ұсынысыңыз бар ма?

– Жалпы, жастардың ұлттық үлгідегі сәнге деген сұранысы жоқ емес. Осы ретте қарапайым жейдеге ою-өрнек салғызып киіп жүргендерді де жиі кезіктіреміз. Мәселен, өткенде белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов балаларының сыртқы күртешесін оюлатып беруін өтініп келді. Бұл бізді де шабыттанырады.

 – Десе де қазіргі таңда отандық дизайнерлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдердің бағасы өте қымбат. Неге?

– Себебі, біздің елде мата өндірілмегеніктен, үнемі шетелден сатып аламыз. Оның алу ақысы, келу ақысы – бәрі қымбатқа түседі. Сол сияқты отыратын үстел, тігін машинкасы, үтік, ине-жіп бәрін Қытайдан алдырамыз. Осының бәрінің бағасын есепке алғанда, тиісінше өнім де қымбатқа шығады. Мысалы, кейір келіншектердің тіктіретін кеш көйлегі 150-200 мың теңгеге дейін жетеді. Ал ұлттық нақышта тігілген киімдердің орташа бағасы жүз мыңнан жоғары. 200 мың теңге табыс табатын жанның ондай киім алуы екіталай. Сондықтан қолымыздан шыққан киімдер қолжетімсіз болып жатады.

– Барахолка базарындағы қытай мен қырғыздың қазақы нақыштағы киімдерін нарықтан қалай ығыстырса болады?

– Алматыдағы «Арлан» базарын Бішкектің киімдері басып алған. Егер мақта-мата өндірісі өзімізде бір жолға қойылса, сондай киімдерді бізге де тігуге болар еді. Содан кейін біздің базардағы сатушыларың шетелден тауар алатын себебі – оларда өндірілген киім-кешек арнайы пакет немесе қораптарға салынып, арнайы логотиптерімен келеді. Егер осы аталғандардың бәрі өзімізде өндірілетін болса, базардағы ұлттық киім-кешекті өзіміз де тігіп, нарыққа шығаратын едік.

Тігін саласына бүйрегі бұратын жастарға да жағдай жасалмаған. Жеке кәсіпкерлерге салынатын салық та көп. Жалақы аз, ал керек жарақ қымбат, арада баланс жоқ. Жастардың үкіметтік жұмыстан басын аулақ алып, шетелде немесе жеке кәсіпкерлікте жұмыс істеуге ұмтылатыны да осы. Қазір тіпті базарға баратын да адам саны азайтып кетті, себебі еліміздің кез келген түкпіріндегі тұрғын үйінде отырып-ақ керегін Қытайдан алдырады. Себебі олардың сауда-саттық бизнесін дамытқаны соншалық, тіпті желіге шығарып жіберді. Осы ретте мықты программистер жұмыс істеп жатыр, ал бізде ондай жоқтың қасы.

Б.Ерсеріктің жеке мұрағатынан

– Сонымен, отандық fashion индустрияда өз брендіңді қалыптастыру қаншалықты қиын?

– Мысалы, бізге филармония сияқты мәдени ошақтарға костюмдер тіктіруге ұсыныстар келеді. Бірақ оны орындайық десек, түрлі сертификат сұрайды. Әр матаның құрамына қажетті құжат алатындай, ол біздің елде өндіріліп жатқан жоқ қой. Ал оларды сатып алар болсам, қалтамнан миллиондаған қаражат шығады. Бұл айналып келгенде тендер бойынша жұмыс істейтін болғандықтан, текке қағазға ақша жұмсау. Жағдайды қолдан қиындатып отыр. Сондықтан мемлекеттік мекемелердің ұсынысынан бас тартуымызға тура келеді.

Мысалы, бір жылдары жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында шағын несие мен гранттар төңірегінде түрлі бағдарламалар шықты дегенді естіп, оған да қатысуға бел байладым. Жатпай-тұрмай бизнес планымды жазып, тиісті жерге өткіздім. Оны да қолы ұзындар алады екен. Соңында тігін саласынан сұраныс көп дегенді айтты. Содан салым суға кеткен соң қолымды бір сілтедім. Бірақ сол мемлекеттен алған көмектің арқасында өсіп-дамып кетті деген цехты естімеппін. Әрқайсысы өз қамын өзі күйттеп жүр.

– Танымал адамдардан кімдерді киіндіріп жүрсіз?

– Төреғали Төреәлінің бүкіл сахналық костюмдерін біз тігіп келеміз. Жанболат пен Жазира, Әбдіжаппар Әлқожа, Мұхтар Ханзада, Айбек Қайбулла, Айдар Тұрғамбек, Гүлмира Ақүрпекова сияқты бірқатар өнер адамдарының сахналық сәнін келістірдік.