Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша тергеу аяқталды

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша тергеу аяқталды, енді іс сотқа жолданады.

instagram.com/ayankhan_omarov_advocate

Астана, NEGE. Бұл жөнінде жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.

«Бүгінгі күнге дейін жәбірленуші тарап пен олардың адвокаты қылмыстық істің 1–7 томдарымен танысып, олардың көшірмелерін алдық. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жалғасуда. Істің барлық қатысушысы заңда көзделген құқықтарын толық пайдаланып болғаннан кейін іс сотқа жолданады», – деп хабарлады адвокат.

Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтарда жасалған. Сол күні кешке Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы 11 жерінен пышақтап өлтірген.

Бұл факт бойынша адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен он шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.

Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, ол Талғар ауданы Ақтас ауылындағы мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Кейін күдікке ілінген жігіттің ақыл-есінің дұрыс екені анықталды.

Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін қалалық полиция департаменті бастығы мен оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.