27 октября 2023 г. 14:03

Шілдеде мұз қатырғандар. Статилердің ШАТПАҒЫ мен Бекетаевтың БАТПАҒЫ

Фото:

Жуырда бұрынғы Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ шетелге қашпақ болғанда ұсталды. Оған «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылып, сот санкциясымен екі айға қамалды.

«М.Бекетаев ұзақ уақыт бойы шетелде болған. 2023 жылдың қазанында Бекетаев Қазақстанға келді. Алайда ол қайтадан шетелге кетіп қалуға әрекет жасады. Стамбұл арқылы ұшатын Астана – Лондон рейсіне билет алған», – деп мәлімдеді Антикор.

Атышулы Статилерге Бекетаевтың қандай қатысы бар? Бұл туралы сәл кейінірек баяндаймыз. Алдымен Статилер туралы.

Коллаж NEGE

Молдовалық бизнесмен Анатол СТАТИ Қазақстанға 90-жылдардың соңында келген. Ол Маңғыстау облысындағы Толқын, Боранкөл мұнай-газ кеніштерін игеремін деп біршама қаржы құяды. Қазақстандық жемқор шенеуніктердің өндіршегі бүлкілдеп тұрғанын сезе қойған қу құлашын кеңге жайып, Боранкөлден газ өңдейтін зауыт салмақшы болады. Tristan Oil деген компаниясы арқылы жобаға 156 млн доллар салады.

2008 жылы Молдова президенті Владимир ВОРОНИН Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА бүй деп үшбу хат жолдайды: «Бұл Стати деген қызылкөз бәле молдавалық оппозицияны қаржыландырады. Бұның жүріс-тұрысы өте күмәнді. Сондықтан сақ болған жөн...»

2009 жылы Молдовада төңкеріс бола жаздады. «Тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деп, полиция Анатол Статидің баласы Габриэлды тұтқындайды. Оппозиция, төңкеріс дегеннен өлердей қорқатын Нұрсұлтан Назарбаев мұны ести сала тізеге салып отырып Статилердің бизнесін тартып алады. Статилердің бизнес құрылымына кіретін «Казполмұнай» компаниясының бас директоры Сергей КОРНЕГРУЦТЫ 2009 жылы күзде Ақтау қалалық соты «алаяқтық жасады» деп айыптап, төрт жылға соттайды. Компанияны мемлекетке 22 миллиард теңге төлеуге міндеттейді. Бірақ Корнегруц бір жылдан соң түрмеден қашып кетіпті. Міне, бәленің бәрі осыдан кейін басталған.

Сот үкімі. Фото: NEGE

«Жыланның аяғын көрген» қу Статилер бірден халықаралық сотқа шағымданып, Амстредам соты «Самұрық-Қазынаның» 5,2 млрд долларын бұғаттап тастайды. Мұны да азсынған Статилер «Қазақстан Қашаған кен орнындағы үлесін сатсын да,маған қарызын өтесін» деп талап қояды. Мемлекет мұндай авантюрамен қалай келіседі? Әрине, келіспейді.

Кейбір деректерге қарағанда, халықаралық соттар Статилердің арызы бойынша Қазақстанның Ұлттық қордағы 22 млрд доллардан астам қаржысын бұғаттаған. Осылайша Статилердің шатпағынан және экс-президент Н.Назарбаев командасының ессіз әрекетінен Қазақстан халқына тиесілі миллиардтар сандықтың түбінде қозғалыссыз жатыр.

NEGE порталы бұл тақырыпты бірнеше мәрте қаузаған. Статилердің «бас терісін сыпырып көргенде» бұлардың халықыралық деңгейдегі алаяқтар екеніне көзіміз жеткендей болды. Мәселен, Александр МАШКЕВИЧТІҢ 40 пайыз үлесі мемлекетке тиесілі ERG компаниясы 2017 жылдан бері Үкіметке дивиденд төлемей келеді. Сылтауы белгілі – Статилердің арызынан соң халықаралық сот Қазақстанның компаниядағы үлесін бұғаттап қойған, сол себепті дивиденд арнайы шотта жиналып жатыр-мыс. Ал біздің білуімізше, онда мардымсыз ғана ақша жатыр.

Енді не болмақ? Егер Қазақстан үкіметінің халықаралық соттағы әрекеттері бұдан әрі де нәтижесіз болса, Статилерге 500 млн доллар өтемақы төлеуге мәжбүр боламыз. Бұдан бөлек, сот шығындары тағы бар. Бірді бірге қосқан Статилердің белсенді әрекетіне қарасаң, бұлар Қазақстан үкіметін тақырға отырғызбай тоқтамайтын сияқты.

Ал енді бұрынғы Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВТЫҢ Статилердің ісіне қандай қатысы бар? Бұл іске Бекетаевтың тікелей қатысы бар болып шықты. Ол 2016 жылдық қыркүйегінен бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Әділет министрі болды. Бұл атышулы Статилердің халықаралық соттағы шатпағымен тұспа-тұс келеді. Кейбір деректерге қарағанда, сол кездегі Әділет министрі М.Бекетаев «халықаралық сотта Қазақстанның мүддесін қорғаймын» деп мемлекеттің қыруар қаржысын жымқырған.

«Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау барысында Әділет экс-министрі «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен ұсталды. Ол жыл сайынғы келісімшарттар жасау кезінде белгілі бір компаниялардың мүддесіне жұмыс істеген. Осылайша мемлекетке орасан зор шығын келтірді», – деп хабарлаған Антикор біздің болжамымызды растап берді.

Бізге жеткен деректерге қарағанда, М.Бекетаев Алматы қаласының бұрынғы әкімі – Н.Назарбаевтың кластасының баласы Бауыржан БАЙБЕК пен оның туыстарының компаниялары арқылы мемлекет қаржысын жымқырған болуы мүмкін. Егер солай болса, Байбектің де артына қоңырау байланар күн алыс емес.

Бекетаев батпаққа белшеден батқан сияқты. Енді бұдан жуық арада шығуы екіталай. Өйткені Бекетаевтың Назарбаевпен ғана емес, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім МӘСІМОВПЕН де байланысы тығыз болған көрінеді...     

Тегтер: