29 мая 2023 г. 20:38

Шерзод Пулатов: Қазақ пен өзбек – түбі бір тамырлас халық

Фото:

Қазақстанда барлық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Бүгінде өзбек этномәдени орталықтары еліміздің өңірлерінде үздіксіз жұмыс істейді. NEGE тілшісі бұл жайында Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА-ның республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Президент жанындағы «Ұлттық Құрылтай» мүшесі Шерзод Пулатовпен сұхбаттасты.

  – Өзбек этномәдени орталығы қашан құрылды және және атқарып отырған қызметіне тоқталсаңыз?

– Өзбектер кеңестік кезеңнің соңына қарай өз мәдениетін сақтап қалу мақсатында қазіргі Қазақстан аумағында тұратын ірі этностар мәдени қоғамдастықтарға бірікті. Осылайша, 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында алғашқы өзбек мәдени орталығы құрылды. Кейін тәжірибе жинақтаған соң, дәл осындай мәдени  орталықтар өзбек этносының өкілдері шоғырланған басқа да аймақтарда құрыла бастады. Атап айтқанда, Жамбыл және Қызылорда обылысындағы этномәдени орталықтар осы жұмыстың нәтижесі.

1995 жылы мәдени мұраны сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды топтастыру мақсатында Қазақстан Республикасы өзбектерінің этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы құрылып, жоғарыда аталған үш этномәдени бірлестікті өз қанатының астына алды. 2010 жылы қауымдастыққа Қазақстанның түрлі өңірлерінен қосымша 7 мәдени орталық қосылды.

Бүгінде Қазақстанның көптеген облыстарын қамтитын «Дустлик» қауымдастығы 12 облыстық этномәдени орталықты біріктіреді. Сондай-ақ, елімізде республикалық, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени бірлестіктері мен олардың аудандардағы филиалдары жұмыс істейді. Бір қуаныштысы, олардың жалпы саны 45-ке жетті.

Этномәдени бірлестіктер мәдениетті сақтауға және дамытуға бағытталған түрлі аспектілерді қамту қызметін атқарады. Әрбір өзбек этномәдени бірлестігі қасынан «махалла-уличком», «төбе би» қоғамдық кеңестері, ақсақалдар мен аналар кеңестері құрылған. Бұдан басқа,  жастар қанаты аясында түрлі шығармашылық ұжымдар, спорттық командалар, вокалдық-аспаптық және хореографиялық ансамбльдер жұмыс істейді. Астана және Алматы қаласында ашылған жексенбілік мектептер де халыққа қызмет көрсетіп келенді. Астана елордаға көшкеннен кейін мұнда қоныс тепкен   өзбек этносының өкілдері де көбейді. Соның нәтижесінде 2007 жылы Астана қаласында да өзбек орталығы құрылды.

   – Қазір елімізде қанша өзбек тұрады?

   – Сонғы статистикалық деректер бойынша Қазақстандағы өзбек этносы өкілдерінің саны – 620324 адам, яғни Қазақстан халқының 3,2 пайыздан астамын құрайды. Өзбек этносы өкілдерінің басым бөлігі Түркістан облысында, Шымкент, Түркістан, Тараз, Кентау қалаларында, сондай-ақ Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт, Меркі аудандарында шоғырланған.

Статистикалық деректерге сәйкес, өзбек этносының 57 пайызы – Түркістан облысында, 4,75 пайызы – Жамбыл облысында, 30 пайызы Шымкент қаласында орналасқан. Ішкі көші-қонның кең ауқымда жүруіне байланысты өзбектердің ірі қоғамдастықтары Қазақстанның басқа қалалары мен өңірлерінде де пайда бола бастады. Мысалы, Астана мен Алматыда 10 мыңнан астам этнос өкілдері болса, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда және басқа да облыстарда өзбектер қоныстанып жатыр.

  Әу баста өзбектер Қазақстанға қалай келгені туралы тарихына аз-кем тоқталсаңыз. Өзбек этносының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайында, қазақ ұлтымен байланысы хақында не айтасыз?

  – Тарихи мәліметтерге сүйенсек, қазақ хандары да, өзбек хандары да бір әулетке жататын, жердің бір бөлігі мерзімімен бір хандықтан екіншісіне өтіп отырған. Мысалы, Ташкент Қазақ хандығының астанасы болған. Ал Оңтүстік Қазақстан жерлері Бұхара Әмірлігі мен Қоқан хандығына қараған.

Одан әрі тарихи және саяси себептерге байланысты, Орта Азияны межелеу және мемлекеттік шекараларды бөлу кезінде өзбектердің шағын тұратын аудандары Қазақ ССР құрамында қалып қойды. Осылайша, Өзбек этносының өкілдері ирреденттер, яғни Қазақстан Республикасында бұрыннан мекендеген байырғы этникалық топ.

Өзбектердің қазіргі Қазақстан аумағына қоныс аударуының өзіндік саяси және экономикалық алғышарты бар. Өзбектердің этногенезі Орта Азия өзен аңғарлары мен іргелес аудандарда орын алды. Өзбектердің ұлт болып қалыптасуына Шығыс Түркі тілдерінде сөйлейтін Орта Азияның ежелгі халықтары – соғдылар, бактриялықтар, хорезмдіктер, ферғаналықтар, сақ-массагет тайпалары қатысты.

Қазақ пен өзбек халқы ғасырлар бойы түбі бір тамырлас халық ретінде әр қилы тарихи кезеңді бастан өткізді. Оларды тек тарихи қалыптасқан салт-дәстүрлері ғана емес, сонымен бірге діні мен  шекарасының бірлігі де жақындастырады. Екі халықтың бауырластығы ортақ жауға шабуылдау кезінде ерлікпен төгілген ата-бабаларымыздың қанымен келген. Одан бері ғасырлар өтті, қоғамдық формациялар өзгерді, тұтас империялар пайда болды және ыдырады. Сол сияқты билеушілер бірін-бірі алмастырды, бірақ қазақтар мен өзбектер арасындағы туыстық, бауырластық және достық сол күйі өзгеріссіз қалды.

    Қоғамда «Ассамблея ұйымы керек пе, жоқ па?» деген пікір жиі айтылады. Сіздің пікіріңіз қандай? Жалпы, Ассамблеяның өзбек этносына тигізген ең басты пайдасы не?

  – Ассамблеяның ең басты мақсаты – еліміздегі барша ұлттарды, яғни 20 миллионға жуық халықты біріктіру мен еліміздің бірлігін нығайту. «Ассамблея керек емес» деген пікірді естігенде бірлік пен тыныштық керек емес сияқты дегендей көрінеді. Шынын айтсам, осындай теріс ой пікірлер Ассамблеяның жұмысына қатысып көрмеген адамдарда болады. Бізге бір нәрсені жақсы түсіну керек, бірлігімізді сақтау және күшейту – еліміздің әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан ауызбіршілікті күшейтіп, тұрақтылықтың арқасында еліміздің дамуына бәріміз бірлесіп атсалысатын болсақ, жарқын болашаққа тек қана осы жолмен жете аламыз деп сенемін.

Ал Ассамблеяның өзбек этносына тигізген пайдасына тоқталсам, өте көп. Ең алдымен мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны өзге ұлт өкілдерінің жан-жақты игеруіне ықпал ету және мемлекеттік тілді халықтар достығының басты құралы ретінде дамыту мақсатында белсенділік танытып жатқан өзбек этностың өкілдері екендігі қуантады. Сонымен қатар өзбек орталықтары оқушылар арасында «Мемлекеттік тілді білу – парызым», «Мемлекеттік тіл – достықтың дәнекері» атты байқауын дәстүрлі түрде өткізіп келеді.

   –  Демек, Ассамблея институтының қоғамдағы рөлі зор дейсіз ғой...

   –  Қазақстан халқы Ассамблеясы – мемлекеттіліктің іргетасы мен бірлікті нығайтатын басты институт. Ассамблея тек этностар мен олардың бірлестіктеріне ғана қызмет етпейді, ҚХА – бұл барша халықтың бірлігі мен ынтымағы және интеграция алаңы. Демек, ол этностық мәселені саясаттандырудың алдын алудың тиімді тетігі және барлық азаматтарды ортақ мемлекеттілік идеясы төңірегінде біріктіретін ұйым.

Негізінде Ассамблея этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардан тұрады. Сонымен бірге, этномәдени бірлестіктердің қызметіне ешқандай бюджеттік қаражат бөлінбейді, олар өз қызметтерін коммерциялық емес және қоғамдық негізде жүзеге асыратынын жеткізгім келеді.

  –​ Өзбек ұлтының Қазақстан халқына айтар алғысы бар ма?

 – Тарихтан мәлім, өзбектер қазақ ұлтымен бауырлас халық ретінде  өмір сүріп келе жатыр. Біздің салт-дәстүрлеріміз де өте ұқсас, базарымыз да бір мазарымыз да бір. Былайша айтқанда, ауылы аралас, қойы қоралас жатыр. Бұл достығымызды жоғары бағалап, сақтай білу және мұны жас ұрпаққа насихаттап үйрету біздің борышымыз. Бір-бірімізді құрметтеп, ізеттеп және қиын жағдайларда тірек болып жүргеніміз үшін бауырларымызға алғысымыз шексіз.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Тегтер: