Шерзаттың өліміне қатысты сотталғандардың бірі рақымшылыққа өтініш білдірген
Шерзаттың өліміне қатысты сотталған Азамат Тоқтаубаев рақымшылыққа өтініш білдірген. Бұл туралы оның адвокаты Гүлмира Бабажанова журналистерге берген сұхбатында айтты.
Естеріңізге сала кетейік, сот үкімімен Азамат Тоқтаубаев ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) жасағаны үшін, бұрын жасаған ауыр қылмысы және ол бойынша өтелмеген жазасы ескеріліп, 15 жыл бас бостандығынан айырылған болатын.
Азамат Тоқтаубаевқа оқиға орнында жәбірленуші Нұрғанат Ғайыпбаевтың ұялы телефонын ұралады деген айып тағылған болатын.
- Тақырыпқа орай: Шерзат ісі: Сот үкімі өзгеріссіз қалды
«Бәрімізге белгілі, маусым айынан бастап рақымшылық заңы қолданыста. Сол себепті, Азамат Тоқтаубаевқа қатысты «ұрлық» фактісі бойынша рақымшылық заңын қолданып, оны қылмыстық жазадан босатуды сұрадық. Ол қазір соттың құзырында. Рақымшылыққа орташа және ауыр емес санаттағы қылмыстық істер кіреді», - деді адвокат Г.Бабажанова.
Азамат Тоқтаубаевқа «ұрлық» фактісі бойынша 3 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындалған.
Бүгін апелляциялық шешім жарияланғаннан кейін жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев Шерзаттың өліміне қатысты сотталғандардың баптары рақымшылыққа ілікпейтін санатқа жататынын мәлімдеді. Сонымен қатар А.Тоқтаубаевтың ауыр қылмысы рақымшылыққа ілігуіне кедергі болатынын атап өтті.
«Тоқтаубаев екі баппен сотталып отыр. Ауыр бап, кіші бапты «жұтып қояды». Сол себепті ауыр баппен сотталып отырғандықтан, ол рақымшылыққа ілікпейді», - деді М.Шекеев.