19 июня 2023 г. 14:25

Щвеция Қазақстанды Статидің аяғына жығып берді. Стати ісін жалғастыру НЕГЕ пайдасыз шаруаға айналып барады?

Фото:

Швецияның Жоғарғы соты Қазақстан Ұлттық банкін Стати ісі бойынша шағымдану құқығынан айырды. Ал осы шілдеде Брюсель де Қазақстанға қарсы шешім қабылдаса, онда Қазақстан соттасып жатқан юрисдикцияларының жартысында жеңілмек. Қалған жартысы қалай аяқталатыны әлі белгісіз. Швецияның сот шешімі бойынша Қазақстан Анатоли мен Габриель Статилерге 76 миллион доллар төлеуі тиіс.

Қазақстан үшін Статилермен соттасу мүлде тиімсіз болып барады. Себебі, Назарбаев кланы билік құрған кезінде, экс Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ принципті түрде осы сотқа ақша аямаған болатын. Нәтижесінде, Статилер Қазақстаннан барлығын қосқанда 500 миллион доллар талап етсе, Әділет министрлігі онымен соттасамыз деп 300 миллион доллар жаратып жіберген. Іс онымен бітпейді, Статилер сұрап отырған 500 миллионға сот шешімі бойынша жылына 25 миллион доллар процент қосылып отырады.

Стокгольм соты ең алғашқы рет осы шешімді 2013 жылы шығарғанын ескерсек, одан бері 10 жыл өткендіктен біз 500 миллионның үстіне тағы 250 миллион доллар төлейтін боламыз. Сол 2013 жылы мәселені аппеляциясыз, Статимен келісіп шеше салғанда Қазақстан Үкіметі жарты миллиард доллар немесе 230 миллиард теңге үнемдейтін еді. Стати соты кезінде Қазақстанға келгісі келген біраз инвесторларды үркітіп жіберген. Сол себепті, Назарбаев дәуіріндегі солақай шешімдер мен рейдерлік әрекеттердің салдары қазір еліміздің дамуына кедергі болып қайта айналып келуде.

Коллаж: NEGE

Статидің үлкені, Анатоли Статидің өзі кезінде Қазақстандағы компанияларын Қайрат БОРАНБАЕВ пен Кәрім МӘСІМОВ тартып алды деп нақты мәлімдеді.

«Стати активтерін тартып алудың негізгі «сәулетшілері» Қайрат Боранбаев пен Кәрім Мәсімов сыбайлас жемқорлық және мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауда отыр. Боранбаевтың Стати процесінде Қазақстанға халықаралық кеңесші болған фирма – Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Бәйбек негізін қалаған Bolashak Consulting Group-пен байланысы бар»

Назарбаев кланы жойылса да, қазіргі Әділет министрлігі Стати ісінде ескі идеологиямен келе жатыр. Қазақстан Статиді 2013 жылы Стокгольм сотының шешімін алаяқтық жолмен шығарып алған деп айыптап, әлі күнге дейін осы стратегияны ұстап алған. Және жыл басынан бері тек Нидерландыдағы Амстердам округтік сотында ғана аралық жеңіске жетті.

Анатоли Стати

Статилер Қазақстанға инвестор ретінде 1999 жылы келген болатын. Олардың «Tristan Oil Ltd» офшор компаниясы Қазақстанның «Tolknynneftegaz» және «Kazpolmunay» компаниясын сатып алып, Батыс Қазақстанда Боранкөл және Толқын мұнай-газ кенішін игерген. 2008 жылы Қазақстан осы кеніштерді «салық төлемеді» деген айыппен Статилерден тартып алып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқаруына берген еді.

Статилер де сау сиырдың боғы емес. Олардың оффшорларға деген әуестігі, салықты оңтайландыру үшін түрлі схемалар құрған әрекеттері атышулы «Панама досьесі» барысында белгілі болған еді. Қазақстан жағдайында рейдер мен алаяқ кездескен сияқты.

Тегтер: