9 февраля 2026 г. 12:10

Сара Назарбаева ауруханадан шықты

Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

Экс-бірінші ханым қаңтарда амбулаториялық емдеуге шығарылған.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ұлттық госпиталінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Денсаулық жағдайы, диагнозы, емдеу әдістері мен нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, өзге де ақпарат Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 273-бабына сәйкес дәрігерлік құпияға жатады және жария етілмейді», – деп мәлімдеді медициналық мекеме өкілдері.

Еске салсақ, өткен жылдың мамыр айында Сара Назарбаеваның ауыр халде жатқаны хабарланған еді. Ұлттық госпиталь өкілдері сол кезде экс-бірінші ханымның аталған медициналық мекемеде емделіп жатқанын мәлімдеді.

Көп ұзамай желіде оның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда кейін бұл ақпарат теріске шығарылды.

Қазан айында оны емдету үшін Швейцарияға алып кеткені айтылды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеме жасап, Назарбаеваны отандық мамандар қарап жатқанын хабарлады.