9 октября 2025 г. 15:12

«Робин Гуд» атанған блогер қажылардың ақшасын құмар ойынға жұмсаған ба?

Фото: NEGE

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.

Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.

Өткен сот отырысында Ілияс Сариевтен жауап алу басталған болатын. Бүгін екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсеева сотта жауап берді.

А.Дүйсееваның айтуынша, MM Travel компаниясы 2023 жылы 16 қаңтарда құрылған. Құжат бойынша компанияның директоры А.Дүйсееваның өзі. Ол компанияны айыпталушы І.Сариевпен бірігіп, Алматы қаласында ашқан. Ол жерде екеуінен бөлек ұстаздық қызмет еткендер, гид қызметін көрсеткендер мен менеджерлер жұмыс істеген.

Процесс барысында А.Дүйсеева өзінің ажырасқанын және 11 жастағы бір баласы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, І.Сариевпен 2018 жылдан бері таныс екенін және араларында тек серіктестік қарым-қатынас болғанын мәлімдеді.

Фото: NEGE

«Компанияның тікелей міндеті – мұсылман қауымын қажылық сапарға апаруға себепші болу. Мекке мен Медина қалаларына қажылыққа апарып отырдық. Екі жылдың ішінде екі мыңнан астам қажы барды. Осы жылдың наурыз айына дейін бізге ешқандай шағым келіп түскен жоқ», – деді Ақтоты Дүйсеева сотта.

Айыпталушы А.Дүйсеева сотқа арызданған 20 қажының не себепті Меккеге бара алмағанын түсіндірді. Айтуынша, оған қаржылық қиындықтар себеп болған.

«Компанияны Сариевпен бірігіп ашқанымызды айттым. Кассадан үлкен көлемде қаражат алынған. Сол қаражат орнына қайтпағаннан кейін, мен қажылыққа баратын адамдардың бір легінің қаражатын, екінші лектің қаржысымен жауып отырдым. Мысал келтіріп айтатын болсам, наурыз айының басында баратын топты наурыз айының ортасында немесе соңында кететін қажылардың ақшасымен жіберіп отырдық», – деді айыпталушы.

А. Дүйсееваның айтуынша, оның Kaspi қосымшасын І.Сариев пайдаланып отырған.

«Мен тек Kaspi Pay-мен төлемдерді қабылдап отырдым, Kaspi қосымшасы Сариевте болды. Ол жерде «Шоттар арасында» деген бар. Сол арқылы шоттарды Kaspi Pay-ден немесе депозиттен қолданыстағы шотқа аударуға болады. Нақтысын айтқанда, ақша солай жұмсалып кетті», – деді А.Дүйсеева.

Ақша қайда жұмсалды? Не себепті жетпей қалды? Бұл сұраққа Ақтоты Дүйсеева: «Оны Сариевтен сұрау керек», – деген жауап қайтарды.

Айтуынша, ол ақшаны І. Сариевтің өзі жұмсаған. Прокурордың нақтылау сұрағына Ақтоты Дүйсеева «ол қаражатты І.Сариев құмар ойынға жұмсады» деп жауап берді. Алғашында оның құмар ойынға ақша тіккенін білмеген, тек кейін Kaspi қосымшасындағы төлемдерді қарап отырып байқаған.

Өткен сот отырысында Ілияс Сариев Ақтоты Дүйсееваның банк карточкасын, жеке есепшотын қолданды деген мәліметті жоққа шығарған болатын.

«Жоқ, ол жалған ақпарат. Мен қамалғаннан кейін неше түрлі қауесет жүрді. Қандай мақсатта айтқанын білмеймін. Бірақ, ешқандай да құмар ойынға салмадым», – деген еді Сариев.

Сонымен қатар Ілияс Сариев туристік фирмаға түскен ақшаға өзінің жауапты емес екенін, ол қаражаттың қайда кеткенін білмейтінін айтқан еді.

Ақтоты Дүйсеева қажылармен кездесуге Ілияс Сариевті жібермегенін және ешқандай өтініш білдірмегенін жеткізді.

«Біз 7 сәуір күні адамдарды қажылыққа жібере алмай қалдық. Сол кезде ол менен ақшаны орнына қойып беремін деп, бір апта уақыт сұрады. Барлығына өзі хабарласып, өзі алдарына шықты. Бұл жерде Ақтотының өтініші бойынша деп айтып жатыр ғой, бірақ мен ондай өтініш айтқан жоқпын. Менің ойымда алдап кету болса, екі жылдың ішінде екі мыңнан астам адамды қажылыққа жібермейтін едік. Барлығы аман-есен барып келді, тек соңғы екі айдың көлемінде мәселе туындады», – дейді Дүйсеева.

А.Дүйсееваға 20 эпизод бойынша айып тағылып отыр. Ол бір жәбірленушінің ақшасын қайтарып бергендіктен 19 эпизод қаралуда. MM Travel-ге жәбірленушілердің қаражаты Дүйсееваның KaspiPay-не түскендіктен, ол шығынды өтеп беруге ниетті. Сонымен қатар өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты.