Алаяқтық бабы бойынша істі болған блогер Ілияс Сариев сотта жауап берді

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.
Бүгінгі сот отырысында түске дейін жәбірленушілерден жауап алынды. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар. Қалған жәбірленушілерден жауап алу келесі сот отырысында жалғасады.
Түстен кейін Ілияс Сариев сот алдында жауап берді.
«Мен Сариев Ілияс Серікбайұлы Атырау қаласының тумасымын. Үйленгенмін, қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған 5 балам бар. Алматы қаласына 2020 жылдың аяғында келдім. Содан бері ел алдында жүрмін. 2021 жылдан бастап блогерлікпен айналысамын. Осы уақытқа дейін қоғамға зиян тигіздім деп айта алмаймын. Халықтың алдында жүрмін, қанша істе халықпен бірге болдым. Өз ісімді блогерліктен бастаған болатынмын. Халықтың қолдауына ие болып, ел арасында танымал болдым. Көптеген компанияны жарнамаладым», – деді Сариев.
Ол өзіне арызданған 6 жәбірленушіге қатысты эпизодтарды мойындайтынын атап өтті. Айтуынша, олар көмек сұрап жүгінген. Барынша көмектесуге тырысқанымен, жәбірленушілер берген қаражатқа түсірілген видеоны әлеуметтік желіге салып үлгермеген.
«Видео түсіру мақсатында қаражат алдым. Ол кісілер менен көмек сұрады. Ол кезде мен өзімнің командаммен бірге видео түсіру үшін ақша алдым. Видео түсірілді, бірақ салып үлгере алмадым. Басында айтқан едім, қазір де алғанымды айтамын. Бірақ істі соңына дейін жеткізе алмадым. Себебі 11 сәуірде қамауға алындым. Басқа арам ойым болған жоқ, тек көмектескім келді», – деді Сариев сотта берген жауабында.
Сотталушы Ілияс Сариев сотта жәбірленушілердің бірі Венера Хайруллаеваға көмектескісі келгенін айтып, одан кешірім сұрады.
«Осы жерде отырған әпкемізді жақсы танимын. Ол Шелек ауылынан. Жағдайын өз көзіммен көрдім. Аяғы ісіп кеткен, қызының жағдайын да білдім. Келісім болды. Бастапқыда мен ол кісілерді танысу үшін Алматы қаласына шақырдым. Менің уақытым өте тығыз болды.
Олар келген соң сөйлесіп, танысқаннан кейін оған видео түсіру, оны әлеуметтік желіге салу, ары қарай көмектесу сынды қызметімізді айттық. Ол кісі де ақысын берді. Содан кейін мен Шелек ауылына барып, қызымен және әпкеміздің өзімен видео түсірдік. Ауылдың саябағын түсірдік, сосын орталыққа барып гүл тараттық. Видео толықтай жасалған болатын. Бірақ мен мобилографпен келіспей қалғандықтан, монтажын уақытылы аяқтай алмадық. Венера ханым да видеоны көрсетуімді сұрады. Монтаж дайын болмады, басқа блогерлермен келісіп жаттым. Менің міндетім Венера ханымның өзін және қызын видеоға түсіріп, халық арасына шығып, еміне көмек сұрау мақсатында өзімнің әлеуметтік желідегі парақшаларыма видеосын салу болатын. Одан кейін ол видео уақытылы салынбады. Сол үшін ол кісіден кешірім сұраймын.
Сәуірдің 20-нан бастап саламын деген ой болған. Видеосы да дайын еді. Сол уақытта видеоларды жинақтап, үлкен қайырымдылығымды бастаймын деп жоспарлап қойғанмын. Алайда, сәуірдің 11-де қамалып кеттім. Венера ханымға ешқандай өкпем жоқ. Айтқандарымен келісемін», – деді Сариев.
Сариев өзге де жәбірленушілерге осылай видео түсіріп, оны әлеуметтік желіге салуға уәде берген. Сол үшін команданың жұмысына деп жәбірленушілерден ақша алған. Яғни, видеоны әлеуметтік желіге салу, командамен жұмыс істеу, монтаждау, ары-бергі жолақысының өзіндік құны болған. Келісім бойынша видеолар түсірілген, алайда оны әлеуметтік желіге жүктеуіне мүмкіндігі болмаған.
Ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеп беретінін, алайда қазір қамауда отырғандықтан, ол мүмкін болмай жатқанын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін қанша адамға көмектескенімен, олардың біреуі де қолдау білдірмегеніне қынжылдым деген І.Сариев сотта көзіне жас алды.
«Халық көріп отыр ғой, 70-тей отбасыға үй алып бердім. Көп адамға көмектестім, тіпті соңғы тиынымды беріп кеткен уақыт та болды. 203 адам менің көмегіммен тегін қажылыққа барып келді. Қаншама отбасыға осы уақытқа дейін көмектестім, біреуі келіп, сот залында қолдамағанына қынжыламын. Атымды халық «Робин Гуд» деп атады. Фабричныйда Сәт мешіті бар. Сол мешітте 25 жыл имам болған атамыз жетімдерді асырап отырған бір анамыздың қоныс тойында мені «қазақтан шыққан Робин Гудсың» деп атаған болатын. Сол баларды асырап отырған ананың үйлі болуына себепші болдық. Мені солай атағаннан кейін сол атқа лайық болуға тырыстым», – деді І.Сариев.
«MM Travel» туристік фирмасына қатысты тағылған айыпқа жауап берген І.Сариев компанияның 2023 жылы ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар туристік фирмаға түскен ақшаға өзінің жауапты емес екенін, ол қаражаттың қайда кеткенін білмейтінін айтты. Айтуынша, компания Ақтоты Дүйсееваға тиесілі. р
Егер, сотталушы І.Сариев «MM Travel» фирмасына жауапты болмаса, жәбірленушлерге қаражатты өзім қайтарып беремін деп айтуына не себеп болған?
«Мен барлық мәселеде халықтың алдына бардым. Әлеуметтік желіде белсенді болғандықтан, шақырған жерге бару менің міндетім болды. Ол жерге журналист Руслан Өтепбай шақырғаннан кейін де бардым. Мен не үшін қашуым керек? Бәрін айтып түсіндірдім. Тіпті, олардың көбі мені танымайды да. Сол кезде ғана көргендер болды. 2023 жылы қазан айына дейін MM Travel-де бастан аяқ жүрдім. Мен ол фирмадан мүлдем ақша алған жоқпын демедім. Мен қазір арыз жазған жәбірленушілерге қатысты айтып отырмын. Мен олардың бірде-біреуінің ақшасын алған жоқпын», - деді сотталушы.
Сотталушы І.Сариев туристік фирмаға қатысты ешқандай қаражатты алмағанын, сол себепті оны қайтаруға ниеті жоқ екенін жеткізді.
Ал прокурор туристік фирмаға түскен ақшаның қайда екенін сұрағанда, сотталушы І.Сариев бұған компания жауапты екенін жеткізді. Демек, қаражаттың қайда кеткенін қажылық компаниядан сұрау керек.
Прокурор Сәриевтен жәбірленушілердің қажылыққа бара алмай қалғанына не себеп болғанын сұрады.
«Мұндай жағдай көптеген компанияда болып тұрады. Оны әлеуметтік желіден де көрген боларсыздар. Кейбір компаниялар осындай келеңсіздіктерге тап келеді. Себебі, қонақүйлермен өзара келісім болғанда айналып өте алмайтын түрлі жағдай болуы мүмкін. Ораза айының уақытында мұндай сәттер туындап қалады. Сол себепті уақытында ұшыра алмауы мүмкін», – деп түсіндірді І.Сариев.
Егер оған осы жағдай себеп болса, онда тым болмағанда ертерек виза жасалуы керек еді. Жәбірленушілердің бірде-біреуінде виза жоқ, деді прокурор.
«9 сәуір күні полиция бөлімшесінде болғанда Ақтоты Дүйсеева қолхат жазып берді. Сонымен қатар ол сол сәтте визаны жіберіп жатқан болатын. Виза Рамазан айының уақытында адам көп болғандықтан, кешігуі мүмкін. Сол себепті де ұша алмай қалып жатады. Ақтоты Дүйсеева сол күні бәрінің визасы дайын болғанын айтып, чаттарға жібере бастаған еді. Бірақ қажылар ол кезде сапардан бас тартты», – деді Сариев.
Сотталушы І.Сариев MM Travel-ден кеткеннен кейін, өзі бөлек компания ашуды ойлаған. Ол Sayahat Travel компаниясын ашуға әрекет жасайды. Желтоқсан айында компнаияны ашу жоспарға еніп, лицензиясын алу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, компанияның ашылғаны туралы хабарландыру әлеуметтік желіге қаңтар айында салынған.
І.Сариевке Ақтоты Дүйсеевамен қандай қарым-қатынастасыз деген сұрақ қойылды. Өйткені, бұған дейін І.Сариев А.Дүйсееваны таныстарына «жеңгем» деп атағаны айтылған еді.
«Дүйсеевамен бірге жұмыс істедік. Жай ғана таныспыз, жерлеспіз», – деді ол соттағы жауабында.
Ілияс Сариев Ақтоты Дүйсееваның банк карточкасын, жеке есепшотын қолданды деген мәліметті жоққа шығарды. Сонымен қатар, Ақтоты Дүйсеева қажылардан түскен қаражатты І.Сариев құмар ойындарға салып тастады деп айтқан болатын.
«Жоқ, ол жалған ақпарат. Мен қамалғаннан кейін неше түрлі қауесет жүрді. Қандай мақсатта айтқанын білмеймін. Бірақ, ешқандай да құмар ойынға салмадым», – деді Сариев.
І.Сариев жәбірленушілердің ақшасын қайтарып беруге дайын екенін, тек 6 айдан бері қамауда отырғандықтан әрекет жасай алмай жатқанын алға тартты. Өзіне кішкене уақыт, мүмкіндік беруді сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр.