25 Қыркүйек 20:57
...

«Робин Гуд» атанған Ілияс Сариевтің сотында жәбірленушілерден жауап алынып жатыр

Ілияс Сариев
Фото: NEGE

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан.

Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсеева ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілерден жауап алу жалғасты. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне сотталушылар Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваны фото-видиоға түсіруге тыйым салынды.

Жәбірленуші Жамал Жақсылықова Ілияс Сәриев жарнамалаған MM Travel компаниясынан Умра қажылығына 1 миллион теңгеге тур сатып алған. 

«MM Travel-ден Умраға 2 адамдық тур алдық, ақшаны компанияның шотына түсірдік. Жарнамада көрсетілген телефон нөміріне байланысқанда сәуір айының 6-нан 7-не қараған күні ұшатын болып келістік. 5 сәуір күні пойызға отыратын кезде, What's up группасында «12 сәуірге қалдырылады» деп жазылды. Біз бардық, 7-сі ұшатын күні Сариев жолдас келді. Біз Умраға баратындар компанияның кеңсесінде жиналып тұрағанбыз. Сол жерде «менеджерлердің бәрін жұмыстан босаттық, қаржылық қиындықтарға байланысты 12 сәуір ұшасыздар» деді. Біз жиналғандардың ішінде 7 адам ұшпайтын болып келістік. Сол себепті олар бізге ақшаны 9 сәуір қайтаратын болды.

Белгіленген күні 11.00-де жиналуымыз керек еді, бұл кісі 14.00-де келді. Біз 7 сәуір күні журналист Руслан Өтепбайды шақырдық. Ол жерде түсірілген видеолар бар, бізге ақшаны қайтарамын деп уәде берген. Сонымен 9 сәуір күні келді, ақша жоқ болды. Арада келіспеушілік басталды. Соңында бәріміз бармайтын болып қалдық. Бүгін-ертеңмен бұл кісілер уәдесінде тұра алмады.

9 сәуір күні 102-ні шақырып, арыз жаздық. Бізге Астанадан келе алмайды деген Дүйсеева 15 минутта жетіп келді. Сол жерде уәде беріп, қолхат жазып берді. Екі күннің ішінде ақшаны қайтаратын болды, сөзіне сеніп тағы да кеттік. Сонымен 10 сәуір күні уәдесінде тұрмағаннан кейін, ақша қайтпағаннан кейін, арыз жазуға мәжбүр болдық. Кейін прокуратураға барып арыз жаздық. Сонымен осы мәселе шешілген жоқ», – дейді жәбірленуші.

Жәбірленуші Жамал Жақсылықова өзіне тиесілі ақшаны қайтарып беруді сұрады.

«Мен ол жерге бардым, өйткені Сіз сияқты аналар келді. Барғаным да, сұхбат бергенім де рас. Мен сіздерге ақшаға еш қатысым жоқ деп сол жерде айттым ғой. Мен оны 100 рет айтамын, оны дәлелдеймін. Қанша сараптама жасатсақ та, ақшаға қатысым жоқ екенін дәлелдеп бере аламын. Сіз менің анамдай адамсыз. Менің де кәмелет жасына толмаған 5 балам бар. Мен сол жерге мәселені шешу үшін ғана бардым. Мен тек компанияны жарнамаладым. Бірақ, сіздердің бір тиын ақшаларыңызды алмадым», – деді Ілияс Сариев.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілер келтірілген шығын өтелсе, кешірім беретінін мәлімдеді. Өтелмеген жағдайда, заң алдында жауап беруі тиіс деп есептейді.

Сот процесі ары қарай жалғасады. Келесі сот отырысында қалған жәбірленушілерден жауап алынады.

Естеріңізге сала кетейік, І.Сәриев әлеуметтік желілерде өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атайды. Оның үстінен алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2025 жылы сәуір айында өамауға алынған болатын.