4 июля 2025 г. 14:59

«Qazbilim лицейінің қызметкерлері айлап жалақы алмаған» – Жекеменшік мектептер НЕГЕ заңсыз жұмыс істеп жатыр?

Фото: ғаламтордан

Qazbilim жекеменшік лицейлері төңірегіндегі қоламта тағы да қоздай бастады Естеріңізде болса, дәл осы мектептердің мұғалімдері әлеуметтік желілерде бір жылдан бері әлеуметтік аударымдарсыз жұмыс істеп келе жатқанын, жалақыларын және еңбек демалысына тиесілі төлемдерін айлап ала алмай жүргенін жазған болатын.

Оқу орнының директоры Аятжан Ахметжан осы мәселеге қатысты берген түсініктемесінде «жалақының кешігуіне Білім министрлі кінәлі» деген. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жекеменшік мектептерге бөлінетін жан басына қаржыландыру тікелей министрліктен емес, орындалған жұмыстар актілері бекітілгеннен кейін әкімдіктер арқылы жүзеге асады.

Бірақ бұл жерде тағы бір маңызды жайт бар: жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылғанына қарамастан, Qazbilim лицейлерінде оқу ақылы болып шыққан. Ата-аналардың айтуынша, оқу ақысы аймаққа байланысты жылына 600 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, оқушыларға берілетін аттестаттар Qazbilim лицейінікі емес, мүлдем басқа мектептердікі болып шыққан.

Жағдайды нақтылау үшін журналистер құзырлы органдарға ресми сауал жолдаған. Келген жауаптар көңіл көншітпейді. Республика бойынша барлығы 7 мектептің екеуі – Қарағанды мен Ақтаудағы мектептер заңбұзушылықтар үшін жұмысын уақытша тоқтатқан. Ал Астанадағы бір мектеп мүлде лицензиясыз жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бұл – заңға томпақ әрекет.

Фото: ғаламтордан

Осыған байланысты көкейде бірнеше сұрақ туындайды: Мемлекеттік аккредитациясы жоқ мекемелерде оқитын балалардың қауіпсіздігі мен алған білімінің сапасына кім жауапты? Оқушылар қайдан және қандай негізде аттестат алады?

Алайда, бұдан да сорақы жағдай мынау: мұғалімдер айлап жалақысын алмаған. Жоғары білімді, тәжірибелі ұстаздар тек «Күтіңіздер, бәрі шешіледі» деген бос уәдеге сеніп, жұмысын жалғастыруда.

«Мұндай жағдайға тап болғанымыз – ұят, бірақ одан да ауыры біз оған сеніп едік», – дейді мұғалімдердің бірі.

Оқу орны директорының депутат А.Аймағамбетовпен бірге түскен суреті желіде тарап кетіп, абың-күбің әңгіме тудырды. Мұнда тағы да сұрақты төтесінен қоюға тура келеді: Депутат НЕГЕ құжатсыз жұмыс істеп жатқан мектептерді ашық қолдап жүр? Мұндай «үнсіз келісім» заң бұзушылыққа қатысудың бір түрі емес пе? Артыңда ықпалды адам тұрғандар заңды бұзып жұмыс істей бере ме?

Фото: ғаламтордан

Бұл оқиғаның артында болашағына балта шабылған жүздеген бала, жалақысыз және әлеуметтік кепілдіксіз қалған ондаған мұғалім тұр. Олардың шығынын, іске аспаған жоспарларын, моральдық зардаптарын кім өтейді? Алдағандар мен заңды аттап өткендер қандай жауапкершілікке тартылады? Заңсыз жұмыс істеп жатқан мектептерді қолдаған депутаттың көздегені не?

Сұрақ көп, бірақ әзірге жауап жоқ.