Полицей мен дәрігерге шабуыл жасайтындарға қатаң шара қолдану керек – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен жиында полицейлер мен дәрігерлерге жұдырық ала жүгіретіндердің әрекетіне тосқауыл қою қажеттігін айтты.

gov.kz

Астана, NEGE. Тоқаевтың айтуынша, заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс.

«Полицейлердің заңды талаптарына бағынбау, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, яғни сотқарлар мен бұзақыларды "қаһарман" жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек», – деді ол.

Президент полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет деп есептейді.

Айта кетейік, соңғы уақытта полиция қызметкерлері мен дәрігерлерге шабуыл жасау деректері жиілеп кетті. Сәуірдің басында Атырау облысының Мақат ауданында бір топ жас жігіт түнгі уақытта қызметтегі полицейлерге шабуыл жасаған болатын. Оқиға салдарынан екі полиция қызметкері зардап шекті.

Сондай-ақ Қостанай қаласында масаң күйдегі бірнеше адам балаларымен жұмысқа шығып бара жатқан полиция қызметкерін тепкіге жықты.

Ал Алматыда ер адам науқасқа шақырту бойынша барған медицина қызметкерлерін пышақпен қуалап, қорқытқан.

Таяуда Астанадағы психикалық орталықтың фельдшері хабарласып, науқасқа келушілердің бірі қабылдау бөлімінде агрессиялық мінез көрсетіп, қылғындырғанына шағымданды. Тексеріс барысында орталықта күзет қызметін шақыратын арнайы дабыл жүйесінің жоқ екені анықталды.

Қазір оқып жатыр

Теннисші Зарина Диас спорттағы мансабын аяқтады

ФБР Қытай қосымшаларын қолданбауға шақырды: БАҚ-та Temu, SHEIN және басқалары аталды

Молдова билігі Нұрлан Сабуровтың концертін өткізбеуге кеңес берді

Тоқаев пен Мирзиёев бейресми кездесу өткізеді