24 мая 2022 г. 19:36

Перизат Серік, Қазавиақұтқару ұшқышы: Адам өмірі – ең басты құндылық

Фото:

Жыл өткен сайын табиғи апаттардың алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел қызмет көрсету деңгейін жақсарту үшін ілкімді істер атқарылуда. Осы мақсатта бір кездері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазавиақұтқару» АҚ  құрылғаны мәлім. 

Қазавиақұтқару – төтенше оқиғаларға жедел және тиімді әрекет жасауға мүмкіндік беретін мекеме. Nege.kz тілшісі «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының қызметкері, ұшқыш қыз Перизат Серікпен танысып, аталған сала жайлы біліп қайтты.

– Перизат, ең әуелі өзіңіз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. 

– Аты-жөнім – Перизат Серік. 1997 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай аймағының Көктоғай ауданында өмірге келдім. Мен туғаннан кейін ата-анам елге қайтуды қолға алыпты. Сөйтіп, түгел отбасымызбен Қазақстанға көшіп келдік. Жалпы, отбасымызда төрт баламыз. Мен үйдің үлкенімін, меннен кейін сіңілім және екі інім бар.

– Сонда мектепті Қазақстанда оқыдыңыз ғой?

– Иә, Алматы облысы, Талдықорған қаласының Жарлыөзек ауылындағы «Мұсабек» атындағы орта мектебін 2014 жылы үздік бітірдім. Мектеп кезінде математика, физика пәндерінен аудандық, қалалық олимпиадалардың жүлделі орын иегері атандым. Қалалық, облыстық ғылыми жобалар және көркем сөз оқу байқауларына қатысып, мектебіміздің  үлгілі, үздік оқушысы атандым. Мектеп кезінен «физика-математика» бағытына қызықтым. 2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түстім.

– Авиацияға, оның ішінде «өзім ұшқыш боламын» деген ойға, шешімге қалай келдіңіз?

– Ол өзі қызық болды. Университет қабырғасында жүріп, авиация саласына қызығушылығым арта бастады. Бірінші курсты тәмамдай сала «Азаматтық авиация  Академиясына» емтихан тапсырдым. Осылайша 2015 жылы «Азаматтық авиация  Академиясының» студенті болып шыға келдім.

 

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туған балалардың дені «ұшқыш» боламын дейтіні есімде. Іс жүзінде ұшқыш болу, қарапайым көлік емес, ұшақ жүргізу қыз бала үшін ауырлау емес пе?

– Алматы-Боралдай аэродромында тәжірибеден өтіп, АҚШ-та жасалған «Bell 206 B3» тікұшағымен аспанда 135 сағат ұштым. Бұны айтып отырған себебім, тәжірибе қандай маманды болсын шыңдай түседі. Сол себепті де ұшқыштардың әуеде қанша сағат ұшқанын сағатпен қоса айтатыны бар.

Екіншіден, ұстазың, яғни, сені баулыған маманның да еңбегі ерен. Менің тәжірибе кезіндегі инструкторым Дмитрий Задорожный болды. 2016 жылы «Азаматтық авиация  Академиясындағы» тікұшақ бөліміне ауысып, 2019 жылы оқуымды сәтті аяқтадым.

– Қазір жас маманның дені бакалавр, тіпті магистр дәрежесін алып, жұмыссыз жүреді. Бір жағы ұшқыш деген мамандық та жер-жерде емес... Жұмысқа тұру жағы қиынға соқпады ма?

– Жоқ, ондай қиындық, кедергі, мәселелермен кездеспедім. 2020 жылы «Қазавиақұтқару» АҚ-ға жұмысқа тұрдым. «Eurocopter Kazakhstan engineering» компаниясында «ЕС-145» тікұшағымен танысып, тәжірибе жинақтадым. Екінші ұшқыштың қызметіне қол жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» ұшқыштар құрамын даярлау бағдарламасынан өттім. Қазіргі таңда «Қазавиақұтқару» АҚ-да «ЕС-145» тікұшағында екінші ұшқыш болып қызмет істеймін.

– Негізгі жұмысыңыз, қызметіңіз қандай? 

– «Қазавиақұтқару» АҚ-ның негізгі жұмыс мәні төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық авиация саласындағы басқа да шаруашылық қызметті жүзеге асыру екенін білесіз. Осы салада Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық қызмет көрсету тұрғысынан еңбек етеміз.

Бүгінгі таңда ұшқыштар Қазақстанның барлық аумағында әуе кемелерінің орналасу орындары бойынша анықталған және халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету және науқастар мен зардап шеккендерді әуе кеңістігі бойынша жедел тасымалдау, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу, өрт ошақтарын патрульдеу, сондай-ақ, ТЖМ жеке құрамын, құрылымдық аумақтық бөлімшелерді және ерікті құтқару құрамаларын төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша ұшуларды орындаймыз. 

Жұмыс барысында негізгі міндет – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен адамдарды құтқару екенін ерекше айтып өткім келеді. Ол жерде сіздің көмегіңізді күтіп тұрған адамдардың бар екенін ұғыну және оларға көмектесудің өзі үлкен бақыт деп есептеймін.

– «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқышының бір күні қалай өтеді?

– Таңертең күн шыққаннан бастап кезекшілікте отырымыз. Ауа райын бақылаймыз. Тапсырыс не шақыру түскен кезде әуе алаңына барып, медициналық тексеруден өтуіміз керек. Содан кейін ұшатын аумақтың ауа райымен танысып шығамыз. Командирмен бірлесіп, ұшу жоспарын құрамыз, картаны, бағыттарды, ұшу уақыты мен қажетті жағармайды есептейміз. Осының бәрін өтіп болған соң тікұшақты тексерістен өткізіп, бәрі дұрыс болып жатса ғана тапсырыс уақыты бойынша ұшып кетеміз. 

– Мұның бәріне көп уақыт кетпей ме? Қанша дегенмен де төтенше жағдай ғой, жан алысып, жан берісіп жатқан сәт...

– Ол енді жагдайға байланысты ғой. Төтенше жағдай кезінде өте тез, шапшаң қимылдауға, атқарылатын жұмыстарды шұғыл істеуге тырысамыз. Ауа райын алдын-ала телефон арқылы біліп, сол арқылы рұқсат аламыз. Оқиға болған жердің картасын алып, ұшу бағытын да алдын-ала дайындап қоямыз. Өйткені, асығыс кезде іздеп қалмау керек. Ал, ең қысқа ұшу бағытын командир таңдайды. Жұмыс уақыты біткенде тікұшақтарды алда-жалда төтенше жағдай бола қалса ұшуға қолайлы болуы үшін тексеріп, дайындап кетеміз.

– Тікұшақтардың техникалық қауіпсіздігі қанша уақытта тексеріліп тұрады? Сосын, әуеде қанша шақырым жылдамдықпен ұшасыздар?

– Әуеде сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшамыз. Бұл – орташа жылдамдық. Қауіпсіздікке келер болсақ, тікұшақ үнемі тексеруден өтіп тұрады. Оны енді инженерлер жақсы біледі. Оның бәрі тікұшақтардың ұшу уақытына байланысты. Инженерлер ұшу алдында міндетті тексерістен өткізеді, одан кейін өзім де қарап шығамын. Өйткені, қауіпсіздік – ең басты қағидамыз. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Дерек пен дәйек: «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тарихы 2002 жылдан бастау алады. Еліміздің 14 облысы, 2 қаласында базалары бар. Акционерлік қоғам қызметкерлері аталған облыстар және қалалар бойынша кезекшілік атқарып, жұмыс жасайды. Негізгі мақсаты – азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік органдарға авиациялық қызмет көрсету және азаматтық авиация саласындағы басқа шаруашылық қызметтерді жүзеге асыру.

Қазір «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының авиапаркінде: Ми-171, Ми-8Т, Ми-8МТВ, Ми-8АМТ, Ми-26 тікұшақтары (2 дана), заманауи медициналық молульдермен жабдықталған Eurocopter  ЕС-145 тікұшақтары (18 дана), сондай-ақ, SIMPLEX өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған Ка-32А11ВС (2 дана) бар.

Тегтер: