Пайда мен қарыз бірге өсуде. Ағайынды Тастекейлер биыл НЕГЕ қарқын алып келеді?
Ағайынды Дулат пен Рахат Тастекейлердің бақылауындағы «TAS Finance Group» биыл тоғыз айда былтырғы бір жылдық пайдасынан да көп табыс алды. Әрине, бұл әлі аудиттелмеген көрсеткіш. Бірақ осы нәтижемен қоса компанияның міндеттемелері бірден 22 миллиард теңгеге көбейген.
NEGE осы микроқаржы ұйымының есебін жылына бір рет талдап отырады. Биыл көктемде «TAS Finance» тобының табысы өскенімен, қарызға қызмет көрсету шығыны оның пайдасын тежеп отырғанын жазған едік. 2025 жылды компания 7,94 миллиард теңге таза пайдамен аяқтаған. Өсім болғанымен, бизнес көлемінің ұлғаюы түпкі нәтижеге толық айнала қоймағанын байқағанбыз. Ал үстіміздегі жылы жағдай өзгерді.
Осы қаңтар мен қыркүйек аралығында компания 9,1 миллиард теңге таза пайда тапқан. Былтырғы сәйкес кезеңдегі 5,66 миллиард теңгемен салыстырғанда өсім 60,7 пайызды құрайды. Тоғыз айдың нәтижесі өткен толық жылдың көрсеткішінен шамамен 1,17 миллиард теңгеге жоғары. Мұндай серпіліс қайдан туды?
Біріншіден, несие бизнесі ұлғайған екен. Компанияның пайыздық кірісі 20,3 миллиард теңгеден 28,16 миллиард теңгеге дейін өсіп, 38,8% қосқан.
Алайда қаржы тартуға жұмсалатын шығын әлі де кірістен жылдам өсіп келеді. Пайыздық шығыс 6,39 миллиард теңгеден 9,82 миллиард теңгеге көтерілген. Соған қарамастан, пайыздық кіріс пен шығыстың айырмасы ұлғайып, компанияның таза пайыздық табысы 18,34 миллиард теңгеге жеткен.
Бір жыл бұрын ол 13,9 миллиард теңге болған еді.
Тастекейлердің биылғы нәтижесін жақсартқан екінші фактор бар. Олар әкімшілік шығындарды кәдімгідей қысқартты. Компанияның әкімшілік шығыстары 7,97 миллиард теңгеден 7,07 миллиард теңгеге төмендеген. Үнем шамамен 900 миллион теңгені құрайды. Ең үлкен өзгеріс жарнамада байқалады. Былтыр тоғыз айда осы бағытқа 1,56 миллиард теңге жұмсалса, биыл 306 миллион теңге ғана кеткен. Демек, жарнама бюджеті 80 пайызға жуық қысқарған.
Бір жақсы жері, «TAS Finance» тобы өз қызметкерлерінің есебінен үнемдемеген. Керісінше қызметкерлердің еңбекақысына есептелген шығын 3,36 миллиардтан 4,62 миллиард теңгеге өскен екен. Бірақ компанияның жиынтық міндеттемелері жыл басындағы 57,1 миллиард теңгеден 79,44 миллиард теңгеге жетті. Мұндағы өсім 22,34 миллиард теңге немесе 39,1 пайыз.
Тоғыз айда компания 45,65 миллиард теңге қарыз алып, бұрынғы қарыздарының 34,34 миллиард теңгесін өтеген. Облигация орналастырудан 20,06 миллиард теңге тартып, айналымдағы облигацияларының 10 миллиард теңгесін жапқан.
Сондықтан тартылған ақшаның бәрін жаңадан қосылған қарыз деп санау дұрыс емес. Бір бөлігі бұрынғы міндеттемелерді өтеуге кеткен. Бірақ таза есеппен компанияның сырттан қаржы тартуы көбейгені анық.
Тақырыпқа орай: Баланстан тыс. Банктер НЕГЕ кепілдіктер бизнесіне қызығып отыр?
Қазір Дулат пен Рахат Тастекейлердің әрқайсысы компанияның 46,075 пайыз акциясын ұстап отыр. Сонда бауырлар микроқаржы ұйымының 92,15 үлесіне ие. Пайда көбейіп жатса да, олар әзірге «TAS Finance» тобынан мол дивиденд ала қоймады. Тоғыз айлық есепте 2026 жылғы 18 ақпанда қабылданған шешім аясында акционерлерге 1,1 миллиард теңге дивиденд бөлінгені көрсетілген. Оның 56,6 миллион теңгесі салық ретінде ұсталып, қатысушыларға ақшалай 1,04 миллиард теңге төленген.
Қыркүйек соңында TAS Finance Group капиталындағы үлестірілмеген таза кіріс 43,6 миллиард теңгеден асты. Акционерлер пайданың басым бөлігін бизнесте саналы түрде қалдырып отырғаны анық. Себебі, ірі кредиторы – Halyk тобы берген кредиттік желінің өз шарттары, яғни ковенанттары сақталуы тиіс.