USD
USD
USD

Бірі өсті, бірі шегінді. Қазақстанның сегіз банкі НЕГЕ активінен айырылды?

Қазақстанның банк секторы тоғыз айда 6 триллион теңгеден астам актив қосты. Бірақ осы өсімнің тасасында балансы қысқарған сегіз банк бар. Тіпті Alatau City Bank-тің капиталы 118,5 миллиард теңгеге төмендеген. NEGE жыл басынан бері кімнің күшейіп, кімнің нарықтағы орнын жоғалтқанын есептеп шықты.

bank
Фото: NEGE

Астана, NEGE. Қыркүйекте банк нарығындағы екі өзгеріс назар аудартқан болатын. Bank RBK актив көлемі бойынша Еуразиялық банкті басып озды. Банк ЦентрКредит бір айда шамамен 480 миллиард теңге қосып, Kaspi-ге жақындай түсті. Бір қарағанда, нарықтағы күштердің ара салмағы өзгеріп жатқандай. Алайда жыл басындағы көрсеткіштермен салыстырсақ, басқа, мүлде көңілсіз көрініске тап боласыз.

Ұлттық банктің дерегінше, 1 қазанда сектордың жиынтық активтері 76,83 триллион теңгеге жеткен. Жыл басынан бергі өсім 8,6 пайызды құрады. Осы кезеңде меншікті капитал 7,5 пайыз ұлғайып, 11,39 триллион теңге болды. Бірақ барлық банк бірдей өскен жоқ.

Halyk
Фото: NEGE

Активіне ең көп ақша қосқан банк – Halyk. Тоғыз айдағы өсімі 1,39 триллион теңгеге жетіп, жалпы активі 21,66 триллион теңге болды. Бұл көрсеткіш бойынша оған жақын тұрған бәсекелес әзірге жоқ. Соған қарамастан, Halyk нарықтағы үлесінің бір бөлігін жоғалтқан. Жыл басында сектор активтерінің 28,64 пайызы осы банкке тиесілі еді. Қазан басында үлесі 28,19 пайызға түсті. Себебі Halyk-тың активтері 6,9 пайыз өскенде, жалпы нарық 8,6 пайызға ұлғайған.

Kaspi, керісінше, үлесін арттырды. Банктің активтері тоғыз айда 1,19 триллион теңгеге көбейіп, 10,68 триллион теңгеге жеткен. Нарықтағы үлесі 13,40 пайыздан 13,90 пайызға көтерілді.

Абсолюттік өсім бойынша үшінші орынға Отбасы банк шықты. Оның активтері 861,8 миллиард теңгеге ұлғайған. БЦК-ның өсімі – 860,1 миллиард теңге. Айырмашылық аз болғанымен, тоғыз айдың қорытындысында Отбасы банк сәл алда тұр.

Otbasy
Фото: NEGE

Жыл басынан бері рейтингтегі орнын айтарлықтай жақсартқан банктердің бірі – Freedom. Оның активтері 535,8 миллиард теңгеге немесе 20,7 пайызға өсіп, 3,13 триллион теңгеге жетті. Банк оныншы орыннан жетінші орынға көтерілген. Бұл өсім депозит базасының кеңеюімен қатар жүрді. Жеке және заңды тұлғалардың салымдары жиынтығында 504,4 миллиард теңгеге көбейген.

Home Credit те жоғары қарқын көрсетті. Активтері 23,9 пайыз өсіп, 1,57 триллион теңгеге жеткен.

Бірақ Қытай банктерінің Қазақстандағы еншілес ұйымдарын пайыздық өсімнің көшбасшылары деуге болады. ICBC Алматы активтерін 72,6 пайызға ұлғайтып, триллион теңгелік межеден асты. Қазақстандағы Қытай банкінің активтері 53 пайыз өсіп, 887,1 миллиард теңге болды. Екеуі тоғыз айда активтеріне жиынтығында 754,9 миллиард теңге қосқан.

EU
Фото: NEGE

Еуразиялық банк биыл активі ең көп қысқарған банк болып отыр. Тоғыз айда оның балансы 217,9 миллиард теңгеге немесе 7,2 пайызға кішірейген. Жыл басындағы жетінші орыннан тоғызыншы орынға түсті. Банктегі клиенттер салымдары 145,4 миллиард теңгеге азайған. Оның 131,3 миллиарды заңды тұлғалардың салымдарына тиесілі. Демек, активтердің қысқаруымен қатар корпоративтік депозит базасы да төмендеген.

Қыркүйекте Еуразиялық банкті Bank RBK басып озды. RBK активтері бір айда 120,2 миллиард теңгеге өсіп, 2,89 триллионға жетті. Еуразиялық банкте, керісінше, 42 миллиард теңгелік қысқару тіркеліп, актив көлемі 2,81 триллионға түсті.

Bereke Bank те өзінің жыл басындағы көрсеткіштеріне қайта жете алмай келеді. Оның тоғыз айда активтері 107,9 миллиард теңгеге, клиенттер салымдары 113,7 миллиард теңгеге азайған. Қыркүйектегі өсім бұрынғы төмендеудің орнын толық жапқан жоқ. Сондықтан Bereke Bank актив көлемі бойынша сегізінші орыннан оныншы орынға түсті.

Alatau
Фото: NEGE

Активі қысқарғандардың қатарында Alatau City Bank те бар: минус 62 миллиард теңге. Шинхан банкте төмендеу – 32,2 миллиард, ВТБ-да – 30,8 миллиард, Нұрбанкте – 25,2 миллиард, Altyn Bank-те – 23,1 миллиард, Заман-Банкте – 4,9 миллиард теңге болды.

Alatau City Bank капиталы НЕГЕ азайды? Бұл жерде актив пен капиталды ажырату керек. Активі қысқарған банк міндетті түрде шығынға батты деген сөз емес. Мәселен, Еуразиялық банктің балансы кішірейгенімен, капиталы 2,1 пайыз өскен. Bereke капиталы 11,2 пайыз, Нұрбанктікі 9 пайыз ұлғайған. Ал Alatau City Bank-те активпен бірге капитал да төмендеді.

Жыл басында баланстық меншікті капиталы 995,8 миллиард теңге болса, қазан басында 877,3 миллиард теңге қалған. Қысқару 118,5 миллиард теңге немесе 11,9 пайыз болды. Бұл сектордағы ең үлкен абсолюттік төмендеу.

Қазір оқып жатыр

Шымкентте Василий Колесниковті қатыгездікпен өлтірген алты адамға үкім оқылды

сот үкімі

Әйелдер мен балаларды қорғайтын жобаға не кедергі: депутат екі министрлікке талап қойды

Лариса Ли

Қазақстанда құрылыс талаптарын бұзғандарды лицензиясынан айыруы мүмкін

Құрылыс компаниялары

Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін

Атырау мұнай өңдеу зауыты