Павлодардағы колониядан Wi-Fi-роутерлері, Sony PlayStation ойын приставкасы мен смартфондар табылды
Павлодарда прокурорлар колонияларға тексеру жүргізіп, сотталғандарға пайдалануға тыйым салынған заттарды анықтады.
Астана, NEGE. Прокуратураның хабарлауынша, мекемелердің біріндегі үй-жайдан 15 смартфон, 6 Wi-Fi-роутер, сымсыз және сымды құлаққаптар, USB-кабельдер, флеш-карталар, Sony PlayStation ойын приставкасы және басқа да заттар тәркіленді.
Бұл дерек бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.
«Қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың режимдік объектіге қалай түскені, оларды ішке өткізу арналары және оған қатысы бар тұлғалар анықталуда», – делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында ер адам уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткенін жазған едік. 33 жастағы ер адам кешкі серуен кезінде изолятордың ішкі ауласына шыққан. Ауладағы есіктің құлпын ашып, басқа серуендеу алаңына өткен. Кейін қабырғадағы ұлутасты итеріп, арматураны майыстырып, ғимараттың шатырына шыққан. Одан соң тікенекті сымнан өтіп, сыртқа қашып кеткен.