Ақтөбе облысында ер адам уақытша ұстау изоляторының төбесі арқылы қашып кеткен
Ақтөбе облысында 33 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен, деп хабарлады «Диапазон».
Астана, NEGE. Қарғалы ауданының тұрғыны бұған дейін көлікті мас күйінде және жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік басқарғаны үшін сотталған екен.
Сот материалдарына сәйкес, ол кешкі серуен кезінде изолятордың ішкі ауласына шыққан. Ауладағы есіктің құлпын ашып, басқа серуендеу алаңына өткен. Кейін қабырғадағы ұлутасты итеріп, арматураны майыстырып, ғимараттың шатырына шыққан. Одан соң тікенекті сымнан өтіп, сыртқа қашып кеткен.
Ер азаматтың айтуынша, қашқаннан кейін Кемпірсай ауылын жаяу айналып өтіп, Ақтөбеге бара жатқан көлікке отырған. Алайда ер адам алысқа ұзай алмай, сол күні полиция қызметкерлерінің қолына түсті.
Изолятордан қашқаны үшін оған Қылмыстық кодекстің 426-бабы бойынша жаңа қылмыстық іс қозғап, 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Сондай-ақ бұған дейінгі өтелмеген жазасын ескере отырып, оған түпкілікті екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотта ол кінәсін толық мойындады.
Жаңа жазасын ол жалпы режимде емес, барынша қатаң қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейтін болады.