11 мая 2022 г. 19:35

Өрт сөндірушілер: Адамды құтқару, қайта өмір сыйлау – ерекше сезім

Фото:

Өрт қауіпсіздігін сақтауға келгенде салғырт қарайтынымыз жасырын емес. Мұны өрт сөндірушілердің дамылсыз жұмысынан аңғаруға болады. Олар бір күн де қол қусырып отырмайтынын айтады. «Тосыннан келетін тілсіз жауға қашан да дайынбыз» дейді олар.

Өрт сөндірушінің жұмыс күні қалай өтеді? Бұл туралы Nege.kz тілшісіне халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өрт сөндіруші мамандары айтып берді.   

Асылбек Наурызғалиев, бөлімше командирі:

Адамдарды құтқару – сауапты іс

– Осы мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба?

– 1991 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келдім. Тәуелсіздік құрдасымын. 2015 жылдан осы салада жұмыс істеп келемін. 7 жылдай болды. Өзім офицер ағама бой түзеп өстім. Кейін бірте-бірте қызығушылығым арта түсті. Атырау қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші, қазіргі кезде бөлімше командирімін.

Адамдарды құтқару – сауапты іс. Әрдайым жұрттан алғыс алу – жақсылықтың нышаны. Мұның өмірімізге де үлкен септігі тиетін шығар деп ойлаймын. Сосын бұл жұмыстың басты ерекшелігі – жауапкершілік жүктейді. Тіпті, өмірде де сондаймын. Бұл мамандықтың әсері болар, сірә.

– Арнайы оқу орнын оқыдыңыз ба?

– Колледж бітіріп, әрі қарай 2012-2013 жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышымды өтедім. Сосын 2015 жылы №3 өрт сөндіру бөліміне құжатымды тапсырып, жұмысқа қабылдандым.

– Өрт сөндіруші – қауіпті мамандық. Жұмыс барысында өміріңізге қауіп төнген кездер болды ма?

– Әрине, болды. Ауқымы кең өрттер кезінде қауіпсіздікті біріні орынға қоямыз. Әсіресе, жұмысқа орналасқан алғашқы жылдары абдырап қалатын едім. Бәрі тәжірибемен келеді ғой. Кейін бәрі оңай көрініп кетті. Барған жердің бәрінде өшетін өртті өшіріп, аман ораламыз. Жұмысты атқарған соң «уақытында келдіңдер, сәл кешіккенде басқа жағдай болар ма еді?» деп алғысын жаудырады. Сол себепті де бұл саладан кеткім келмейді.

– Бөлімше командирінің басты міндеті қандай?

– Жаңадан келген қызметкерлерді баулып, үйретеміз. Өртті қалай өшіру тактикасын көрсетеміз. Яғни, лапылдап жанып жатқан өрт орнына шауып барып, беталды сөндіруге кіріспейді ғой. 5-6 тонна суды қалай болса солай шашып тастауға болмайды. Желдің бағытына қараймыз. Өрт сөндірушілердің бағытын айқындап береміз. Сосын өрттен кейін қателігін айтамыз. «Мына жерде былай істеуің керек еді» дейміз. Бірте-бірте үйреніп кетеді.

– Өрт сөндіруші боламын деп келіп, «маған қол емес екен» деп кетіп қалатындар бола ма?

– Тәжірибемде кездеспепті. Басқа бөлімдерде кездесетін шығар. Бірақ өз басым естімеппін. Жалпы, жұмыс аса қиын емес қой. Алғаш жұмысқа орналасар кезде фобиясын жеңу үшін түрлі жаттығу жасап, меңгереді. 4 қабатты мұнарадан әрі-бері арқанмен секіріп, өрмелеп өз-өзімізді құтқарамыз. Басында қорқады, кейін бойы да үйренеді. Жеке-жеке психологиялық жұмыс істейміз. Жылдың басында оқыту-үйрету жоспары жасалады.

– Өрт сөндірушіге қойылатын басты талап қайсы?

– Әуелі денсаулық мықты болу керек. Аттестациядан өткізеді. Психолог маманның психологиялық тестін тапсырамыз. Содан кейін жұмысқа қабылданады. Ал қазір әскери билет болу маңызды емес.

Абылай Низамадин, аға өрт сөндіруші:

20 секундта киініп, бір минутқа жетпей шығамыз

– 2019 жылдың қыркүйегінен бастап өрт сөндіруші болып жұмысқа орналастым. Қазір аға өрт сөндірушімін.

– Бұл мамандықты таңдауға кім түрткі болды?

– Әкем әскери салада жұмыс істеді. Киім кию үлгісі, жүріс-тұрысы ұнайтын. Былайша айтқанда, әкеме еліктеп өстім. Колледжді бітіріп, әскерге барып келген соң, отбасыммен ақылдасып өрт сөндіру қызметінде жұмыс істегім келетінін айттым.

Бала кезімде өрт сөндірушілердің жұмысын тек кинодан ғана көретін едім. Сондай сәтте өзімді солардың орнына қоятынмын. Егер өрт сөндіруші болсам, қалай көрінер екенмін деп қиля әлеміне ерік беретінмін. Жалпы, «өрт сөндірушілер қалай өмір сүреді, жұмысы қандай?» деген де қызық болатын. Оның үстіне адамдарға көмектескенді жаным сүйеді. Әйтпесе, арнайы оқуын оқыған жоқпын.     

– Адам өміріне қауіпті мамандық екені анық. Алаулаған өрттің ортасына тап түскенде ең алдымен ойға келетін нәрсе не?

– Ең бірінші өзімнің амандығымды ойлаймын. Себебі, біз қорғанып, қауіпсіздікті басты орынға қоймасақ, өртте қалған адамды кім құтқарады? Сосын жаныңдағы әріптестердің және жанын шүберекке түйген тұрғындардың қауіпсіздігін ойлайсың. Олардың алғысы бізге үлкен мотивация, өмір сүруге деген құлшыныс сыйлайды. Жанымызға келіп «Сіздерге рахмет, еңбектеріңіздің жемісін көріңіз!» деген бірауыз сөзі шабыттандырады.

– Жұмыс барысында есіңізде қалған оқиға бар ма?

– Көп деуге болады. 2020 жылы Атырау қаласы Сарықамыс шағын ауданындағы «Гаухартас» тұрғын үй кешенінің 8 пәтері толығымен жанып кетті. Біз жедел жеткеннің арқасында басқа пәтерлерге өрт шарпымады. «Арасан» моншасы жанды, «Зина» базарындағы өртті сөндіруге атсалыстым. Бұл менің жұмыс тәжірибемдегі ең ауқымды өрт болды. Одан бөлек дала өртін тоқтатуға бардым.

– Сонда 8 пәтерді де өрттен аман алып қалуға болмады ма?

– Тілсіз жау тез тарайды ғой. Бір күшіне мініп алса, оны тоқтатуға кім болса да дәрменсіз. Бізге хабар жетті, дереу бардық. Өрт сөндірушілері 20 секундта киініп дайын болады, көлікке отырып 1 минуттан кешікпей бөлімнен шығып кетеміз. Әрі қарай жолдағы көлік жүргізушілеріне байланысты. Кейбірі көріп тұрса да, жол бермейді. Одан бөлек көлік кептелісі де кедергі келтіреді. Ал су үнемі дайын тұрады. Қанша техника бар, бәрі сақадай-сай.

Әрқайсыңыздың жауап беретін өз миссияңыз бар шығар...

– Әрине, бұл өрттің ыңғайына қарай ғой. Не жанды, қалай жанып жатыр? Желдің соғуы қалай? Әуелі соны біліп аламыз. Сосын қарауыл бастығы мен бөлім бастығының айтуымен іске кірісеміз. Ең басты мақсат – адам өмірін сақтап қалу. Өз тәжірибемде адам шығыны болған емес.

– Кей күні мүлдем қоңырау түспейтін кездер бола ма?

– Ондай мүмкін емес. Әйтеуір бір шығып келеміз ғой. Тым құрымағанда «қоқыс жанып жатыр» деген қоңырау түседі.  

– Жалақыңыз толыққанды өмір сүруге жете ме?

– Шүкір дейміз. Мен үшін ақша маңызды емес. Ең алдымен Алланың алдына сауап жинап баруды мақсат етемін. Дегенмен, жер басып, тіршілік ететін адамға ақша керек қой. Әзірге бойдақ болған соң жетіп жатыр. Осы жұмысқа орналасқалы бері анам мені қатты уайымдайды. Ананың махаббаты бөлек қой. Түсте, кешке хабарласып, жағдайымды біліп қояды. Таңертең ауысымнан шыққан кезде «Аман-есенсің бе? Қашан келесің?» деп хабарлама жазады.  

Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

– Жоқ, керісінше, қуанамын. Адамды құтқару, қайта өмір сыйлау – ерекше сезім. Сосын әріптестерімнен көп нәрсе үйрендім. Бір-бірімізге сыйлымыз. Әрқашан қолдау көрсетіп, сенімділік ұялатамыз. Шын мәнінде, бір отбасы сияқтымыз. Кейін отбасын құрып, болашақта өмірге келетін балам да құтқарушы боламын десе, қарсы болмаймын.

Тегтер: