Нұрай Серікбайдың қазасы бойынша айыпталушы сотта қысым көргенін мәлімдеді
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында пышақ жарақатынан қаза болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр.
Астана, NEGE. Сотта айыпталушы Шерхан Аймахан сарапшыларға ұсынылған 5 мамырдағы бейнежазба Алматыдан Шымкентке қайтарылғаннан кейін өзіне қысым көрсету арқылы түсірілгенін мәлімдеді, деп жазады Kazinform.
Бұған қоса ол Ақтастағы республикалық психиатриялық ауруханада болған кезінде медицина қызметкерлері тарапынан қысым көрсетіліп, кемсітуге ұшырағанын айтты.
«Санитарлар: "Қайтып бар, әйтпесе бұл жерден сенің мәйітіңді ғана алып шығамыз" деп айтты. Мен толыққанды сараптама жүргізілмеді деп есептеймін. Сіздер сұрақ қойып отырған кезде басқа қызметкерлер жай ғана шай ішіп отырды. Мен бұл қорытындымен келіспеймін», – деді Шерхан Аймахан.
Сарапшы бұл шағымды теріске шығарып, қорытынды объективті тексеру нәтижесінде жасалғанын айтты. Ал ауруханада оған қысым көрсетілгені туралы мәлімдемелер тергеу органдарының құзыретіне жататынын атап өтті.
Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтарда Шымкент қаласында жасалған. 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы 11 жерінен пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді.
Бұл факт бойынша адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен он шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.
Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, ол Талғар ауданы Ақтас ауылындағы мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Кейін күдіктінің ақыл-есі дұрыс екені анықталды. Таяуда бұл іс бойыша сот процесі басталды.
Марқұмның туыстары сотталушы Шерхан Аймаханнан моральдық өтемақы ретінде 10 млрд теңге талап етуде.