2 марта 2022 г. 17:34

Наталия Бутырская, Киев тұрғыны: Путиннің уақыты тым аз қалды

Фото:

Украина мен Ресей арасындағы соғыс – әлем назарында. Елдегі саяси жағдай жергілікті тұрғындар тұрмақ, сырттағы бізді де алаңдатып отыр. Мән-жайға қанық болу үшін Киев тұрғыны, Шығыс Азия бойынша сарапшы Наталия Бутырскаяны әңгімеге тарттық.  

«НАТО Ресейден қорықты»

Наталия, Украинадағы дәл қазіргі жағдай қандай?

– Шынымды айтсам, өң мен түстің ортасында жүрген сияқтымын. Бейбіт өміріміз соғысқа айналады деп кім ойлаған? Кәдімгі шок жағдайда жүрміз. Осы соғыс тап бүгін және дәл біздің елде болып жатқан жоқ сияқты.

Бірақ біз бұған дейін де соғыстың шет-жағасын көрдік. 2014 жылы майданда көтеріліс болғанда да оқ атылып, төңкеріс жасалды. 8 жыл бұрын екі елдің арасында соғыс басталып, Донбассқа, шығыс жақтағы қалаларға алғашқы танкілердің кіргенін көрдік. Осы 8 жылда 15 мың адам құрбан болды. Күн сайын қаншама жастар қыршынынан қиылды. Әрбір өлімге егіліп жыладық.

Қазіргі жағдай өте қорқынышты. Дәл осылай кең ауқымдағы соғыстың болатынына сенген жоқпыз. Әуелгіде Украина дипломатиялық тұрғыдан келіскісі келді. Бірақ Ресей қыр көрсетті. Негізі бізде әскери тұрғыдан аумақты қайтарып алу деген мәселе болған емес. Яғни, Украина әскери күш қолданып Донбасты қайтарады дегенді де ешкім ойлаған жоқ. Коронавирус өршіген екі жылда бұл аумақтан ешкім шыққан жоқ, біз де өте алмадық. Тіпті, сол жерде өмірге келген адамдар да кіре алмайды.

Мәселен, күйеуім Донецкі қаласынан. Қазір онда анасы тұрады. Екі жыл болды, бара алмады. Себебі, онда кірген адамның қайта шығуы неғайбыл. Ізім-ғайым жоғалып кетуі мүмкін. Оның үстіне Ресей Донецкі мен Луганскі облысы аумағына да көз салды. Бұл – бір.

Фото: ғаламтордан

Екінші, Ресей Украинаның НАТО-ға кіруіне қарсы. Ал біз неге Ресейді тыңдауымыз керек?! НАТО 2008 жылдан бері ұйымға кіруге мүмкіндік бермеді. Неге десеңіз, Еуропа елдері Ресеймен болатын кез келген қақтығыстан қатты қорықты. Сол үшін де біз ұйымға мүше бола алмай келеміз. 8 жылда Қырымды қайтаруға тырысқан жоқ. Путиннің саяси ойы да, амбициясы да үлкен. Ол осы билікте өмір-бақи қалғысы келеді. Көрші Беларуське де үстемдігін жасап, Қазақстан билігіне де араласты. Бірақ Путинге Украинамен ымыраласу қиынға соғады.

– Киевті Ресей әскері қоршап алды деген ақпарат бар. Осы рас па?

– Алғашқы күні таңғы 5-те баллистикалық зымыранмен оқ жаудыра бастады. Оқтың даусынан ояндық. Терезеден қарасақ, Киевтің әр мүйісінде зымыран жарылып жатыр. Олар бір уақытта оқ-дәрі қоймаларына, әскери бөлімдерге, шағын қалаларды атқылады. Ресей Киевті Донбасс сияқты шапалақ ұрып, қуана қарсы алады деп ойласа керек. Одан бергі уақытта тұрғындар да біраз жайтты түсініп қалды ғой.

Бірінші күні жер үйіміздің жертөлесіне тығылдық. Оған дейін керекті азық-түлікті сатып алдық. Екінші күні жарылыс даусы үдей түсті. Үшінші күні зымырандар біздің үйдің төңірегінде жарыла бастады...

Әке-шешем Киевтен 300 шақырым жерде тұрады. Балам, әпкем үшеуміз сонда жетіп алдық. Бірақ Киевтегі көршілерім, достарыммен хабарлама алысып тұрмын. Жер үйі барларға қатты қорқынышты емес, ал көпқабатты тұрғын үйде тұратын танысым терезеден қарсы алдындағы үйдің жарылғанын көрген. Олар түн бе, күндіз бе қарап жатқан жоқ. Билік метроны төрт-бес күннен бері уақытша панаға айналдырды. Метро мен жертөлелерде сәбилер өмірге келіп жатыр.

Фото: АР

Ресей әскері мектеп, балабақшаны жарып, өтіп бара жатқан бейбіт адамдарды атқан. Жолда көлікпен кетіп бара жатқан 3-4 отбасы түгел оққа ұшты. Одан бөлек жанармай қоры сақталған станцияны, газ станциясын жарып, экологиялық апат жасамақшы. Қазір әскерлері Чернобыль атом станциясын қоршап алып, жарамыз деп қорқытып тұр. Кезінде мұндағы апаттан кейін Беларусь пен Ресейдің жартысы зардап шекті. Әлі күнге адамдардың денсаулығына кері әсер етеді. Тағы жарылса, не болады?

«Халықтың көбі үрейден арылды»

– Елден кетіп жатқандар көп пе?

– Алғашқы екі күнде туған-туыстарына баруға мүмкіндігі бар тұрғындардың бір бөлігі шығып кетті. Тағы бір бөлігі шекараға барды. Себебі, Польша шекарасын ашып, көбіне бас сауғалаған әйелдер мен балаларды кіргізді. Ал ер азаматтарды ешқайда жіберген жоқ. Киевте 4-5 млн халық тұрады. Оның 1-2 млн-ы шығып кетсе, 2-3 млн халық қалада екені анық. Екі күннен бері далаға шығуға рұқсат берген жоқ, тек бүгін ғана дүкеннен керегін алуға шықты. Бірақ дүкендерде де азық-түлік таусыла бастады. Себебі, жеткізу қызметі тоқтап тұр.

Бүгінге дейін құрбан болғандар саны белгілі ме?

– Соғыс басталғалы бері бейбіт тұрғындар арасында шамамен 400-ден астам адам көз жұмды. Оның 16-сы – балалар. Ал кеше күндіз жекеменшік үйлер орналасқан жерде атыс көп болды. Бүгін зымыранмен үш-төрт шағын қаланы атқылады. Қаза тапқандар саны тағы да артуы мүмкін.

Ресей армиясы да бірталай әскерінен айрылды. Олар мұны жасырып отыр. Кеше таңертең 4 жарым мың солдат өлгені айтылды. Қаншама техникасы өртенді. Яғни, бұл соғыста Ресей де көп зардап шегуде. Тіпті, Беларусь жақтан танкілер кіріп жатыр. Олардан ұшып келіп жатқан зымырандар да көп. Олар да бұл соғысқа белсенді түрде қатысып, солдаттарын жіберген. Ресей желтоқсан айында Украинаға диверсия тобын өткізіп, негізгі әскери нысандар мен әскери бөлімдердің қайда орналасқанын, барлап кетіпті.

Фото: dw.com

– Әскерден бөлек, қарапайым халықтың қолына қару алып, басқыншыларға қарсы тұрып жатқаны рас па?

– Дұрыс айтасыз, халықтың көбі үрейден арылды. Жұрт шама-шарқы келгенше әскерилерге көмектесіп жатыр. Ал елдегі ер азаматтар өздері жасақ құрып, қолдарына қару ұстауды үйренді. Олар өздерінің үйін, көшесін қорғауды мойнына алды. Сондай-ақ, мородерлерді жібермеуге тырысады.

– Бұл соғыста президент Зеленскийдің әлем алдындағы абыройы артты. Ал өз халқы қолдай ма?

– Ол сайлауда 73 пайыз дауыс жинады. Халық Порошенконы кетіргісі келді де, саясат сахнасында тәжірибесі жоқ Зеленскийді сайлады.

Басында көпшілік оны «шоумен», «клоун» деп әжуа қылды. Бірақ ол президент ретінде көп нәрсені үйренді. Мемлекет үшін талай дүние істеуге тырысты. Ал дәл бүгін ол өзін нағыз батыр ретінде көрсетті. Себебі, президент осындай қиын кезеңде елді ұйыстырып отыр.

Шын мәнінде, әскері, техникасы жағынан әлеуеті екі есе жоғары мемлекеттер Ресейден қорқып отырғанда, біздің президент өжет, намысшыл екенін дәлелдеді. Алғашқы күндері Ресей тарапы ақпараттық соғыс жариялап, Зеленскийді тұқыртқысы келіп, қашып кетті деп те жазды. Бұл – гибридті соғыс. Олар фейк ақпаратты көп таратты. Бұдан кейін біздің мемлекеттің ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратып, нақты жағдайды халыққа шынайы жеткізе бастады. Халық пен билік арасында көпір орнады. 

Зеленскийдің өзі де әлеуметтік желідегі парақшасында жан-жақты мәлімет беруде. Ол ешқайда кетпегенін, басқа да билік өкілдерінің өз орнында екенін мәлімдеді. Оның командасы мықты. Бәрін дипломатиялық жолмен шешу үшін жұмыс істеп жатыр. Қаншама мемлекет қолдау көрсетті. Тіпті, біздің жағдайға өте байыппен қарайтын Франция мен Германия да қатаң санкция жариялап, Ресейдің «Солтүстік ағынын» тоқтатып тастады. Мұның бәрі Украина билігінің дипломатиялық жұмысының нәтижесі.

В.Путин. Фото: Antonio Masiello/Getty Images

– Путин өз үндеуінде «Украинаны большевиктер мен Ленин құрған, Украина «Ленин» деп аталуы керек» деді. Бұған не дейсіз?

– Ресей бізді бар жақсымыздан айырғысы келеді. Киев Русін өздерінің мұрасы ретінде көреді. Киев Русінің тарихы 852 жылдан басталады. 980 жылы князь Владимир Киев Русін билегенде Мәскеу болмаған. Қала 1048 жылы құрылды.

Ресей Киевтің тарихын бұрмалағысы келеді. Біздің тарих тереңде жатыр. Мыңжылдық тарихы бар ескерткіштерге де ие болғысы бар. Ал Украинаны Ленин құрды дегені бос сандырақ. Қысқасы, Ресей біздің мемлекеттігімізді мойындағысы келмейді, жекешелендіріп алуға құштар. Естеріңізде болса, Путин «Қазақстанға біраз жерді сыйға тарттық» деді. Екінші дүниежүзілік соғыста да жеңіске өздері ғана жеткендей болады. Қысқасы, Путин өзін ұлы Владимир образында көрсетіп жүр. 

«Біздің үмітіміз – әскеріміз бен халықтың бірлігінде»

– Украинада орыс тілінің қолданыс аясы тарылып жатыр ма?

– Мемлекеттің шығыс жағында орыстілділер тұрса, орталық-батыс жағында украинша сөйлейтіндер көп. Бұл келіспеушілік туындататын себеп емес. Кеңестік кезеңде ұлттық тілді өте төмен деңгейге түсірді. Киевте ұзақ уақыт тұрып келе жатқан тұрғын ретінде айтсам, қалаға келген украиндықтардың бәрі орыс тілінде сөйлейтін. Себебі, ол кезде украин тілі – ауылдағы халықтың тілі делінді.

Тәуелсіздік алған 90-жылдары мемлекеттік тілдің  қолданыс аясы аздап кеңейгенмен, кейін бұл қарқын басылып қалды. Ең басты мәселе экономика саласы саналды. Яғни, экономикалық мәселе туындап, нан табуға деген құлшыныс артқанда тіл, ұлт мәселесі екінші жоспарға ысырылды. Билікке Янукович келгенде Ресей ақпараттық соғысты одан әрі күшейтті.

– Сонда мемлекеттік тілге 2014 жылдан кейін шындап көңіл бөліне бастады ма?

– Украин тілі – мемлекеттік тіл. Ал орыс тілі қоғамдық қарым-қатынаста еркін қолданылады. Мысалы, күйеуім орыс тілінде, өзім украин тілінде сөйлеймін. Ал балам украинша жақсы сөйлейді және орыс тілін де біледі. Себебі, әкесі орыс тілді. Бізде осындай отбасы көп.

2014 жылғы саяси оқиғадан кейін украин тіліне басқаша көзқарас қалыптасты. Оған дейін ақпарат құралдары негізінен орыс тілінде хабар тарататын. Ал 2014 жылдан бері қоғамда әркім өзін орыс әлемінен аулақтату үшін мемлекеттік тілге көңіл бөле бастады.

Ақпарат құралдары да украин тіліне басымдық берді. Зеленский келгелі және екі елдің арасындағы саяси ахуалға байланысты заңнамаға сәйкес, БАҚ-тың бәрі украин тіліне көшті. Ал Ющенко мен Тимошенко билік басында болғанда бәрібір орыс тілі үстем еді. Сол Тимошенконың өзі орыс тілінде сөйлейді. Порошенконың кезінде Донбасс билігі украин тілінде сөйлегісі келмейтінін ашық айтатын. Сосын заң қабылданып, мемлекеттік шенеуніктерге украин тілінде сөйлеу міндеттелді.

Фото: ғаламтордан

Әрине, бұл заң бір күнде емес, біртіндеп жүзеге асып келеді. Демек, «Тіл туралы» заң билікте Порошенко отырғанда қабылданды, Зеленскийдің кезінде жүзеге асып жатыр. Заңға сәйкес, басқа аз ұлт өкілдері өз тілінде сөйлеуге, мәдениетін дамытуға құқы бар. Бірақ шенеуніктер, қоғамдық орында жұмыс істейтіндер мемлекеттік тіл – украин тілінде сөйлеуі тиіс.

 Елдің экономикалық ахуалы 2014 жылдан кейін оңалды ма?

– Майданнан кейін төмендеп кетіп еді, қайтадан дұрыстала бастады. Одан бері эконгомикаға ковидтің де салқыны тиді.

Украина – Еуропа елдерімен шекаралас мемлекет. 2016 жылдан бері визасыз режим енгізілген. Бір сағатта Еуропа елдерінің астанасына топ ете қаласың. Еңбек мигранты ретінде Польша, Германияда жұмыс істеп жүргендер көп. Украина Еуропадағы жоғары өмір сүру деңгейін үлгі ретінде алуға күш салуда.

Біздің билікке деген талабымыз күшті. Мәселен Порошенко да мемлекет үшін талай шаруа атқарды. Бірақ ол үнемдей алмады, жемқорлыққа тосқауыл қоя алған жоқ. Соғыс басталмас бұрын Зеленскийге де экономикалық жағдайға сай сын көп айтылды. Себебі, біздің жанымызда өмір сүру деңгейі сапалы, жоғары мемлекеттер тұрады.

Бір қуаныштысы, Украина Еуроодаққа кіру үшін өтініш берді. Қазір оған мүше мемлекеттер қолдап, біз үшін шартын жеңілдетіп отыр. Ал НАТО-ға келсек, ол тараптан 57 пайыз қолдау бар. Бұл Ресейдің агрессиясымен байланысты. 2014 жылға дейін украиндықтар НАТО-ға кіру туралы еш ойланбайтын. Ресей біздің жерді тартып алғаннан кейін және мемлекеттің агрессорға шамасы жетпеген соң кіруді көздеп отыр.

– Елде интернет, телефон байланысы жұмыс істеп тұр ма?

– Әзірге, істеп тұр. Интернет, электр көзі бар. Біраз күн бұрын Ресей әскері Киевті жарықпен қамтамасыз ететін электр станциясын жаулап алып, істен шығаруға тырысқан.

 – Келіссөздерден не күтесіздер?

– Беларусьте келіссөздің алғашқы раунды жүрді. Нәтижесін жариялаған жоқ. Келіссөз тағы жалғасады. Бірақ Путин жеңіске жеткен адам сияқты өз шартын қойып, Украинаға қаруды тастауды талап етіп отыр. Бұл – ақылға қонымсыз нәрсе. 8 жыл агрессия жолымен Украинаның аумағын жаулап алған Ресейдің мұндай талап қоятын жөні бар ма? Сонда тәуелсіз мемлекет қарусыз беріле салуы керек пе? Сосын «Украина Қырымды Ресейдің жері екенін мойындасын» дейді.

Біріншіден, Украина әскері қарсы тұра білді, келесі келіссөзде біздің позиция мықты болады. Екіншіден, Ресейге салынған санкциялар күшіне еніп, жүзеге аса бастады. Сондықтан Путиннің уақыты тым аз қалды. Егер ол жеңіске жете алмаса, Украинаға бүгінге дейін не істегенін түсіндіруі керек. Ал біздің бар үмітіміз – өз әскеріміз бен халықтың бірлігінде.

Тегтер: