«Министрдің жолы жіңішке» деген Саясат Нұрбек отставкаға кетуге дайын ба?

Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудиттен кейін ғылым саласында миллиардтаған теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. Осыған байланысты БАҚ өкілдері ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен отставкаға кету-кетпеуі туралы пікірін сұрады.

NEGE

Астана, NEGE. Өз кезегінде Саясат Нұрбек кез келген шешімге дайын екенін жеткізді.

«"Министрдің жолы жіңішке" демекші, бүгін бар, ертең жоқ. Бұл – басшылық қабылдайтын шешім. Біз қазір қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Нәтижелер де бар. Әрине, үлкен кемшіліктер мен сын-пікірлер әрдайым болады. Министр ретінде кез келген шешімге дайынмын. Біз сарбаздар секілдіміз», – деді ол. 

Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік тексерістен кейін ғылым саласында 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғаны мәлім болды, сонымен қатар 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланып, жұмсалған. Бұл жөнінде бүгін, 11 қарашада Құрылтай отырысында айтылды.

Палата өкілдерінің мәліметінше, мемлекеттік аудиттен кейін төрт адам қызметінен босатылып, отыз екі адам әкімшілік, тағы екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, аудиторлар жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысына жол берілгенін анықтаған. Атап айтқанда, ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңге болатын 127 жоба бойынша зерттеу топтарының құрамына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған.