Ғылым саласына жүргізілген аудиттен кейін төрт адам қызметінен босатылып, отыз екі адам жауапқа тартылды
Ғылым саласындағы қаржылық бұзушылыққа байланысты кімдер жазаланғаны мәлім болды. Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржановтың мәлімдеуінше, мемлекеттік аудиттен кейін төрт адам қызметінен босатылып, отыз екі адам әкімшілік, тағы екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Астана, NEGE. Палата өкілінің айтуынша, аудит барысында жалпы 51 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталған. Оның 37,7 млрд теңгесі тексеру кезінде қалпына келтірілсе, қалған қаражатты келер жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланған. Сонымен қатар үш материалды құқық қорғау органдарына жолдау туралы шешім қабылданған.
Бұл ретте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қаржыландырылғанымен, сәтсіз аяқталған ғылыми жобалар бойынша бірнеше іс сотқа жолданғанын атап өтті. Сондай-ақ бөлінген қаражатты қайтару үшін медиациялық рәсімдер жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Қазіргі уақытта сот және медиация арқылы 3,5 млрд теңгені қайтару жоспарланған.
Министр ғылым саласында мүдделер қақтығысына жол берілгенін мойындады. Оның сөзінше, былтырдан бастап осы мәселені шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізілген.
Жаңа талаптарға сәйкес, ғылыми кеңес құрамына бір-бірімен туыстық байланысы бар, бір жоғары оқу орнында жұмыс істейтін немесе қаралып жатқан ғылыми жобаға тікелей қатысы бар адамдар кіре алмайды. Бұдан бөлек, енді бір ғалым тек бір ғылыми жобаға ғана жетекшілік ете алады. Бұған дейін кейбір ғалымдар бірнеше жобаны қатар басқарған.
«Қазіргі уақытта өз әріптестерімізбен алысып жатырмыз. Бұл бізге оңайға түскен жоқ», – деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бүгін, 11 қарашада Құрылтайда ғылым саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары таныстырылды. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, ғылым саласына жүргізілген тексеру кезінде 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған, сонымен қатар 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған.
Бұдан бөлек, аудиторлар жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысына жол берілгенін анықтаған. Атап айтқанда, ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңге болатын 127 жоба бойынша зерттеу топтарының құрамына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған.