«Мықты аймақтар – экономика драйвері»: Елордада жұмыспен қамту мәселесі шешімін тауып келеді
2021-2025 жылдарға арналған «Мықты аймақтар – экономика драйвері» ұлттық жобасы аясында еліміздің әр өңірінде ілкімді жұмыстар атқарылып келеді. Ұлттық жобаға бюджеттен 2021-2025 жылға 7 567 408 245 мың теңге көзделген.
Осы бағыт бойынша халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, баспана мәселесін шешу барысында тұрғын үй құрылысын жандандыру, сондай-ақ мемлекеттің транспорттық-транзиттік әлеуетін жақсарту көзделген. Жоба сәтті жүзеге асса, елорданың және ірі мегаполистердегі жалпы аймақтық өнім көлемі мейлінше артпақ.
Мұнымен қоса жұмыс орындарын ашу арқылы ел тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін табады деп жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, ел үкіметі халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Ұлттық жобаның жүзеге асқанына жыл толды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту есебінен халықтың табысын арттырып, тұрақты және уақытша жұмыспен қамтамасыз ету.
Осыған орай, таяуда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолұшын созатын бірқатар әлеуметтік кәсіпкерлік нысанды аралады. Тоғжановтың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары мен табысы төмен азаматтарға тиесілі бюджет қаражатын әділ бөлу, олардың экономикаға одан әрі интеграциялануын ынталандыру басымдық алған.
«Бұл – жаңа мүмкіндіктер бағдарламасы. Бұл негізінен көмекке мұқтаж адамдарға арналған. Оның міндеті – тек қаражат бөлу ғана емес, алушыларды жұмыспен қамтудың әртүрлі нысандарына тарту арқылы өздерінің әлеуметтік статусын өзгертуге, материалдық тұрмысын жақсартуға ынталандыру», – деді Е.Тоғжанов.
Жобаның басты бағыты – әлеуметтік кәсіпкерлік десек, «Мейірім» клиникасының еліміз бойынша 30 медициналық мекемесі бар. Бір жылда 500-ге жуық азамат осы орталыққа тіркелсе, 2,5 миллионға жуық науқас дәрігер көмегін алады. Медицина орталығының республика бойынша өз дәріханасы мен жедел-жәрдем көлігі бар. Орталықта стационарлық көмек беріп қана қоймай, ем алуға да жағдай жасаған. Жеке медицина орталығының өзге аймақтардағы филиалы да халық денсаулығын жақсарту үшін аянбай жұмыс істеуде.
Премьер-министр бұдан кейін мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін «Дос» тәуелсіз өмір орталығының жұмысымен танысты. Мұндағы жұмысшылар мүгедектер арбасын жасаумен айналысады. Яғни, Қытайда шығарылған арба орталықта тапсырыс берушінің өлшеміне сәйкес құрастырылады. Бүгінде тәуелсіз орталық мүгедектер арбасының 30 түрін дайындайды. Арбаға 2 жыл кепілдік беріліп, техникалық қызмет тегін көрсетіледі екен. Тағы бір айта кетерлігі, орталық арбаға жалғанатын электрқондырғысын да жалға береді. Бұл қондырғы электр энергиясы арқылы 30 шақырым жылдамдықпен жүреді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандардың қимыл-қозғалысын жеңілдетіп, жүріп-тұруын жайлы ететін арбалар қолжетімді бағада сатылады.
«Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар игі іс жасап жатар. Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Заң аясында осындай орталықтардың жұмысын жандандыру керек. Орталық мамандары онлайн тілдесу арқылы да арба өлшемдерін алады. Одан бөлек, арбаны жөңдеу орталықтары бар. Күнделікті қозғалыс құралы болғандықтан қашанда жөңдеуді қажет етеді. Осы сипаттағы әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекет қолдау білдіреді», – деді Премьер-министр орынбасары.
Тағы бір орталық – елордалықтарға танымал Green TAL әлеуметтік шеберханасы. Әлеуметтік жобаның негізін қалаушы Эмин Әскеров шеберхананы 2015 жылы ашқан. 9 бағыт бойынша жұмыс істейтін орталық ағаш ұстасы, тігін, киіз шеберханасы, кафе, автокөлік жуу және тағы басқа бағыттар бойынша әлеуметтік санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Демек, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуының арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар кедергісіз орта қалыптастырып, қоғаммен етене байланыс орната алады деген сөз.
Елордада жыл соңына дейін 28 мың жұмыс орны ашылады
«Мықты аймақтар – экономика драйвері» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – жұмыссыздық мәселесін шешу. Осы жылдың алты айындағы көрсеткішке сүйенсек, елордада жұмыспен қамту шараларымен 5 мың 584 адам қамтылған. Оның ішінде 2 мың 804 елорда тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасса, оның 1 мың 120-сы – жастар. Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтің айтуынша, тағы 2 мың 46 адам қоғамдық жұмыстарға, 270-і – жастар практикасына, 128-і – әлеуметтік жұмыс орындарына, 39-ы – «бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша, 10-ы – «күміс жас» жобасы бойынша жұмыспен қамтылды. Мұнымен қоса жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді курстардан 129 елорда тұрғыны өтіп жатыр. skills.enbek.kz порталы арқылы онлайн-оқыту 232 адамға арналған.
«Жыл соңына дейін 28 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, оның ішінде 17 мың – тұрақты, 11 мың – уақытша жұмыс орны (Ұлттық жобаларды іске асыру аясында – 14 180, жеке бастамалар аясында – 14 098). 1 шілдедегі мәлімет бойынша, 12 мың 390 жұмыс орны құрылды. Enbek.kz порталында жұмыс істеп тұрған 7 мыңнан астам бос жұмыс орнын мыңға жуық жұмыс беруші жариялады», – деді Е.Жүсіпов.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға төмен.
«Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар саны 4 мың 873 адамды құрайды, оның ішінде жастар саны – 1 мың 249. Сол сияқты 2 мыңнан астам тұрғын жұмысынан айырылу себебі бойынша әлеуметтік төлем алып отыр. Ал 2 мың 247 адам жұмыспен қамту шарасына қатысушы ретінде саналған. Жұмыс іздеп жүрген тағы 479 адам бар», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Елорданың жоғары оқу орындары мен колледждерінің түлектеріне арналған «жастар практикасы», «алғашқы жұмыс орны», «ұрпақтар келісімшарты» жобалары да жұмыс тауып беруге септігін тигізеді. Осында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, уақыт өте келе өзіне қолайлы жұмыс тауып алуға таптырмайтын мүмкіндік. Яғни, осында жүріп, еңбекке деген қабілетін көрсетен жастар тұрақты жұмысқа орналасып жатады.