9 ноября 2022 г. 10:56

Мәсімовтің сотында ең алдымен Назарбаевтан жауап алу керек

Фото:

Сонымен, Қанды Қаңтардан кейін күллі жұрт он ай бойына тағатсыздана күткен сот процесі басталғалы тұр: Бас прокуратураның хабарлауы бойынша, ҰҚК бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істің материалдары сотқа жөнелтілген. Сот өте құпия жағдайда өтеді екен.

Әрине, заңнаманың өз талаптары бар, оларды орындау – міндет. Мәселен, сот барысында мемлекеттік құпия ашылып қалатын болса немесе онда қаралған мәселелердің егжей-тегжейі ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, соттың жабық түрде жүргізілуі орынды. Бұған дейін де талай сот көпшіліктің қатысуынсыз өтті емес пе.

Бірақ, дәл осы сотқа келгенде заңның бұл талабы ретсіз деп санаймын. Өйткені, бұл Мәсімов пен оның орынбасарларына ғана қатысты сот емес. Бұл сот – Қанды қаңтар туралы бар шындықты шырқыратып тұрып айтуға тиіс сот. Дәл осы сотта қазақ елінің қабырғасын қайыстырған ұлттық трагедияның себептері мен салдары белгілі болуы тиіс. Ең бастысы – бұл сотта Қанды қаңтарға тікелей жауапты күштер мен тұлғалардың аты аталуы тиіс!

Өз басым, 30 жыл бойына бір адамға табынып, соның ашса – алақанында, жұмса, жұдырығында боп, тек соның айтқанымен жүріп келген билік өкілдері сол кісінің тапсырмасысыз не рұқсатысыз төңкеріс жасауға бел буды дегенге сенбеймін! Не болса да, не ол адам тікелей тапсырды, не үнсіз келісім берді.

Және де осы уақыт ішінде Назарбаев отбасының мүшелері бас биліктен дәмелі болып, таққа ұмтылып келгені де баршаға аян. Билік транзитінің отбасылық (династиялық) нұсқасы талай саяси, имидждік жобаларға негіз болды. Отбасылық негізде партиялар мен тұтастай БАҚ империялары құрылды. Отбасы мүшелері конституциялық органдар мен ұлттық байлықты игеретін компанияларды басқарып, аса астамшыл амбицияларын ешкімнен жасырмады.

Кезінде қылышынан қан тамып, саяси оппозицияны аяусыз қудалаған Назарбаевтың үлкен күйеубаласы Рахат Әлиевтің өзі де, оған тәуелді қоғамдық күштер мен БАҚ та «монархиялық жүйе» орнату идеясын қоғам санасына жапатармағай тықпалағаны да есімізде. Шетелдерге сапар кезінде Назарбаев отбасы мүшелерін ертіп, әлемнің алпауыттарына болашақ мұрагер ретінде таныстырып жүрді.

Мұның бәрі – сол кездің өзінен бастап билік транзитінің бір сценарийі отбасылық боп бекітіліп, оны жүзеге асыруға тыңғылықты дайындық жүргізілді деген сөз. Олай болса, 2019 жылы сол жоспары орындалмай, Тоқаев президент боп келгеннен кейін отбасы мүшелері бармағын бүгіп, іштей тынып қалғаны да бар.

Қылмыстық құқықта «умысел» («қасақана оймен әрекет жасау») және «мотив» («түрткі», «себеп») деген ұғымдар бар. Билік басына өздері келе алмай, Тоқаев келіп, қызметтері мен жиған-тергенінен айрыла бастаған отбасы мүшелерінде реванш алу ниеті болмады деп кім кесіп-пішіп айта алады?! Нағыз мотив соларда болды, әлі де бар!

Сол себепті өз басым Қанды қаңтарға қатысты сот болса, құзырлы органдар, ең алдымен, Назарбаевтың өзі және оның отбасы мүшелерінен жауап алуы тиіс деп санаймын.

Формальды түрде айтсақ, Қаңтарға дейін Назарбаев мемлекет қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін бірден бір құзырлы тұлға, яғни Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болған жоқ па? Яғни, алғашқы жауапты дәл содан алу керек.

Әрине, Қазақстан азаматтары ретінде оларға да «кінәсіздік презумпциясы» жүреді. Егер қылмыс жасамаса, сөзімен, ісімен, нақты деректері мен дәлелдерімен сот барысында дәлелдеп, өздерін ақтап алсын!

Әйтпесе, Мәсімов және оның орынбасарлары «еркек тоқты – құрбандық» рөлін атқарып, бар кінәні соларға артып, айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатын жағдай жасалуы мүмкін. Сөйтіп, жаңаша тарихымыздағы ұлттық трагедиядан тағы да тиісті тағылым ала алмай қаламыз.

Жасыратын несі бар – «елдегі жағдайға, соның ішінде қанды Қаңтарға жан-жақты әрі әділ баға беру ісіне Назарбаевтың өзі кедергі жасап отыр» деген де сөз жоқ емес. «Сол кісінің кесірінен оның отбасы мүшелері жауапқа тартылмай отыр» деген де әңгіме бар.

Олай болса, сотқа бұрынғы президенттің өзі де, саяси шешім қабылдауға араласқан отбасы мүшелері де келсін. Бәрі өздерін осыншама жыл асырап келген халқының алдында ағынан жарылсын.

Сонымен, «Қанды қаңтар процесі» діттегеніне жетіп, оқиғаның ақ-қарасын ажыратып, мейлінше әділ үкім шығаруы үшін не істемек керек?

Меніңше, тек қана Қанды қаңтарға қатысты ғана емес, бір адам бүкіл елді жекебас билеп-төстеген 30 жылдық кезеңге тиісті баға беруге тиіс осы сот ашық түрде өтуі тиіс! Өйткені, Қанды қаңтар қырғыны – осы авторитарлық режимнің апогейі, шарықтау шегі, агониясының ақыры, қастерлі символы.

Сол себепті құқықтық және қоғамдық-саяси маңызы бойынша бұл сотты атақты Нюрнберг процесімен салыстыруға болады.

Ашық сот, ең алдымен, қоғамға керек. Өйткені, Қаңтардың жарасы әлі де жазылған жоқ. Әрине, ешкім де сол күндері өз халқына қарсы оқ атқан бандиттер мен мародерлерді ақтай алмайды. Бірақ та Қаңтар о бастан бейбіт сипатта басталғанын билік біртіндеп ұмыта бастаған секілді. Осы екі факторды шатастырудың әрі баға беруде екеуін қатар қоюдың керегі жоқ.

Ашық сот Қаңтардың құрбандары мен одан зардап шеккендерге керек. Өлілер соттың шешіміне риза болмай, тірі жүргендер байымайды, ақиқат ашылмай, Жаңа Қазақстан құрылмайды.

Ашық сот Тоқаев мұрындық боп отырған игі бастамаларды қолдаса да, биліктің кешегісіне ренжулі, бүгінгісіне көңілі толмаған, ертеңіне сенбейтін, бір сөзбен айтқанда, отыз жыл бойына санасына «билікті қолдау – сатқындық» деген екіұшты да дүдәмал кағидат әбден сіңіп, орнығып қалған ағайынға керек.

Сол себепті ашық сот президенттің өзіне де керек. Өйткені, жасыратын несі бар, ел ішінде Қаңтар мен президентке қатысты әлі де біраз түсінбеушілік бар. Нақты жауаптар ала алмаған соң ел амалсыздан әртүрлі арандатушылардың, соның ішінде Тоқаевтың жеке дұшпандарының сөзіне ден қояды. Оның өзі биліктің, қала берді мемлекеттің тұрақтылығына өз әсерін тигізуде.

Ашық сот барысында барлық сұрақтарға жауап берілсе, жеті жыл президент болғысы келетін Тоқаевтың саяси бастамаларын қолдайтын күштер көбейе түсер анық. Оның өзі президент жариялап отырған реформаларды баянды етері хақ.

Ал халқы қолдамаған кез келген президент, кез келген реформа – тұл...

Әміржан Қосан, саясаткер.

Тегтер: