22 июня 2024 г. 12:25

Маржан Аспандиярова: «Бәсенің» үнсіз қалғаны бәріне тиімді болған сыңайлы

Фото: Коллаж 24tv.ua

Украинаның құқық қорғау органдары «Бәсе» YouTube арнасының негізін қалаушы, оппозиционер Айдос Садықовқа қастандық жасаған күдіктілерді анықтады. Олар Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев.

Алтай Жақанбаев туралы мардымды дерек жоқ. Кейбір ақпарат көздері оның «ҰҚК-мен байланысы» туралы айтты. Ал Мейрам Қаратаевтың ІІМ саласында қызмет еткені, «құралайды көзге ататын» мерген екені, 2019 жылы полициядан кеткені мәлім болды. Күдіктілердің бірі А.Жақанбаевтың Қазақстанда ұсталғаны туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Ал М.Қаратаев туралы әзірге дерек жоқ.

Қазақстанның ресми билігі осы қастандыққа биліктің қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Бас прокуратура Украиналық әріптестеріне көмек көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

Тақырыпқа орай: Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктілердің бірі Қазақстанда ұсталды

Айдос Садықов бір кездері «Нағыз Ақ жол» партиясының Ақтөбе филиалының басшысы болған. Партияның сол кездегі жетекшілерінің бірі Маржан Аспандиярова NEGE-ге Айдос Садықовқа жасалған қастандық туралы пікірімен бөлісті.

Фото: ғаламтордан

– Айдос Садықовпен кезінде бір партияда болдыңыз. Ол туралы не айтасыз?

– Айдос Садықовты мен жақсы білемін. Өз ұстанымы, өз көзқазқарасы бар адам. Пікірін ашық айтатын турашыл азамат. Ақтөбенің Мәртөк ауданында жұмыс істеген кезінен білемін. Өңірде болып жатқан оқиғаларға, халық қиналып жатқанда, мекеме басшылары қызметкерлеріне дұрыс қарамаған жағдайда көпшілікке бағыт беріп, күреске шақырып жүрді. Өте белсенді болды.

Мынадай жағдайдың болғаны өкінішті. Ақылға сыймайды. Айдостың жағдайына өз басым қатты алаңдап, қиналып отырмын. Өйткені, танитын, білетін адамым.

Айдос пен Наталья «Бәсе» каналын ашқаннан бері жүздеген, мыңдаған адамға қол ұшын берді. Ақпараттық қолдау – қазіргі заманда ең керекті нәрсе. Қай жерде қарапайым халық қиналса, мәселелері шешілмесе, билік басындағылар естісін десе, «Бәсе» арнасына шағымданатын. «Бәсе» ақпарат таратқан соң, мәселелері шешімін тапқан күндері де болған.

Бұл арна – биліктің көзіне түрткі болып тұрған ақпарат көзі. Сондықтан бұлар осындай әрекетке барды деп ойлаймын.

– Украинаға кетуіне не себеп болды?

– Ол Қазақстанда қудаланды. Жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Шынайы күрес жүргізгісі келетін адамдар көп. Бірақ оларға еш адым аштырмайды. Саяси партия, қозғалыс құруға мүмкіндік жоқ. Қаражат жағынан қолдайтын адамдардың да қарасы аз. Күрескерлердің өмірі оңай емес.

Айдостың үстінен қылмыстық істі қолдан ұйымдастырған деп ойлаймын. Одан кейін Натальяға да қауіп төнді. Сондықтан олар Украинаға кетуге мәжбүр болды.

А.Садықов пен Н.Садықова. Фото: ғаламтордан

– Украинаға кеткен соң, Айдоспен хабар алысып тұрдыңыздар ма?

– Өз басым, тікелей араласқан жоқпын. Бірақ арнасын, ақпараттарын көретінмін. Өзге үзеңгілестерімен байланыста болғанын білемін. Киев қаласына жолы түскен азаматтар Айдоспен кездесіп тұрды.

– Қазақстанның бұл қастандыққа қатысы жоқ екені ресми түрде айтылып жатыр. Бұған не айтар едіңіз?

– Қазақстанның тікелей немесе жанама түрде қатысы бар деп ойлаймын. «Бәсе» арнасы тек қана Қазақстан туралы ғана емес, Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар, Өзбекстандағы, Қарақалпақстандағы жағдайлар туралы да ақпарат таратты. Ресейді де сынайды. Сондықтан бұл арнаның үнсіз қалғаны бәріне тиімді болған сыңайлы.

Қазақстанның күштік құрылымдары, олардың бөлімдері билікпен бірге, одан да тыс әрекеттер жасайтыны белгілі. Ресейдің арнайы жасақтарымен де байланыстары бар. Сондықтан, қайдан шықса да, таңқалуға болмайды. Жағдай өте қиын.

Айдос – халықшыл, ұлтжанды, ары таза азамат. Наталия мен үш баласына обал. Өмірлерін елге арнаған адамдар. Құдайдан Айдостың амандығын тілейміз.