22 Маусым 12:18

Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктілердің бірі Қазақстанда ұсталды

Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктінің біреуі Қазақстаннан табылды
Фото: UA.KyivPolice/ facebook.com

Қазақстанның Бас прокуратурасы Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовты атып кетті деп айыпталған күдіктілердің біреуі қамалғанын хабарлады, деп хабарлайды Kazinform.kz

Алматы, NEGE. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура 18 маусымда Киев қаласында Айдос Садықовқа жасалған қастандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Украинаның құқыққорғау органдары жеделдігі мен кәсібилігін көрсете отырып, қысқа мерзімде осы қылмысты жасаған тұлғаларды анықтады.

«Бас прокуратура Украинаның құзіретті органдарына Жақанбаев пен Қаратаевтың жасалған қылмысқа қатысы туралы қылмыстық істің материалдарын беру жөнінде халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады. 21 маусымда Алтай Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды», – деп хабарлады ведомстводан.

Мейрам Қаратаевтың қайда жүргенін анықтау үшін жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр. «Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды» деп ескертті Бас прокуратура.

Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында әлдебіреулер атып кетті. Ол қазір ауруханада жатыр. Украина прокуратурасы екі күдіктінің сол күні-ақ шекараны кесіп өтіп, елден кетіп қалғанын хабарлады. Бас прокуратура Айдос Садықовты өлтірмек болғандарды табу үшін өз бетінше тергеу бастаған еді.

Кеше, 21 маусымда Ішкі істер министрлігі Айдос Садықовқа оқ атты деген күдіктінің Қазақстан полициясында жұмыс істемейтінін хабарлады. Мемлекет басшысы қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.