Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына жиналған қаржы таратылды
Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен сарбаздарға көмек ретінде жиналған қаржы толық таратылды. Алайда олардың әрқайсысына қанша ақша берілгені жарияланбайды.
Астана, NEGE. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді.
Қаза тапқан сарбаздардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге көмек көрсету үшін «Ұлттық рух» қоры арқылы қаржы жиналған. Оған еліміздегі ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлер мен демеушілер ақша аударған.
Жиналған қаржының әділ бөлінуін қадағалау үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Құрылтай депутаттары, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірген. Комиссия жұмысына қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысқан.
Жүсіповтің айтуынша, қордағы ақша қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына теңдей бөлінген. Ал оқиғадан аман қалған сарбаздарға да қаржылай көмек берілген. Оларға төленетін соманы комиссия жеке белгілеген.
Бірақ қанша қаржы жиналғаны және оның кімге қанша мөлшерде берілгені әзірге белгісіз.
«Әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының өтінішін ескере отырып, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялылығын сақтау мақсатында төлемдердің нақты сомасы мен қаражат алушылардың дербес деректері жария етілмейді», – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Жүсіповтің сөзінше, комиссия ақша қорға түскен сәттен бастап, отбасыларға аударылғанға дейінгі барлық жұмысты бақылаған. Қабылданған шешімдердің бәрі хаттамаға енгізілген.
Қазір комиссия жұмысын аяқтады. Жүсіпов қордағы қаржы түгел таратылғанын хабарлады.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктегі жағдайды, соның ішінде әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеру үшін арнайы комиссия құрды. Содан кейін Қорғаныс министрлігінде 13 қылмыстық іс қозғалды.
27 қыркүйекте қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Сол күні оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. Ал Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұстады.