USD
USD
USD

Маңғыстаудағы әскерилер қазасынан кейін Қорғаныс министрлігінде 13 қылмыстық іс қозғалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Астана, NEGE. Комиссия мүшелері қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемалардың әшкерелегенін атап өтті. Алдын ала тергеу нәтижесі Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығуды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсеткен.

«Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заңбұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар комиссия әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілікті анықтаған. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Президент алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктегі жағдайды, соның ішінде әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеру үшін арнайы комиссия құрды.

27 қыркүйекте қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Сол күні оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. 3 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен бұған дейін қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – қарулы күштер бас штабының бастығы лауазымын атқарған Қаныш Әбубәкіров қызметінен босатылды. Сондай-ақ қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Джумакеев пен қарулы күштер әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен кетті. Әбубәкіровтің орнына Айтқұрман Омарбеков қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы қарулы күштері бас штабының бастығы болып тағайындалды.

Қазір оқып жатыр

Атырауда лифт құлап, үш адам ауруханаға жеткізілді

Құлаған лифт орны

ІІМ төрт адам қаза тапқан жол апатына бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы бар деген ақпаратқа түсініктеме берді

Сая Әуелбекова

Семейде студенттің шотына 25 адамнан 16 млн теңгеден астам қаражат түскен

күдікті студенттер

Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев