Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеретін арнайы комиссия құрды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру үшін арнайы комиссия құру туралы өкімге қол қойды. Комиссия алғашқы нәтижесін жеті күн ішінде ұсынуға тиіс.
Астана, NEGE. Тексеріс Қорғаныс министрлігіндегі жалпы ахуалды, соның ішінде әскери бөлімдерді қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды.
Комиссияны Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Оның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов белгіленді.
Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қауіпсіздік Кеңесі, Қаржы министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кірді.
Атап айтқанда, комиссия құрамында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы Мұрат Баймұқашев, қаржы министрі Мәди Тәкиев, бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев және ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бар.
Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы қорытындысын жеті күн ішінде Мемлекет басшысына баяндауы керек.