Маңғыстауда қаза тапқан әскерилердің отбасыларына жиналған қаражатты арнайы комиссия бөледі
Ақтауда Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында тергеудің барысы мен қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін көмек талқыланды.
Астана, NEGE. Үкіметтік комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекет қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына заңда көзделген барлық төлемді кідіріссіз беретінін айтты. Әр отбасыға тұрақты көмек көрсету үшін жауапты мамандар бекітіледі.
Сонымен қатар арнайы қорға қажетті қаражат жиналып болғандықтан, қаражат жинау тоқтатылды.
Жиналған ақшаны қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге бөлу үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов басқарады.
Комиссия қаражаттың ашық, атаулы және әділ бөлінуін қадағалайды. Құқық қорғау және мемлекеттік органдарға ақшаның мақсатты жұмсалуын бақылау тапсырылды.
Үкіметтік комиссия тергеу мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын бақылауда ұстап отыр.
Еске салсақ, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына кетті. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі 12 сарбаз қаза тауып, үш әскери құтқарылғанын, екі сарбаз іздестіріліп жатқанын хабарлады. Екі сарбаздың денесі бүгін таңертең табылды.
Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық ісҚылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.
Ішкі істер министрлігі бүгін бес әскери лауазымды тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Олардың ішінде ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар. Олар ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікке ілініп отыр.