Әскерилер қазасы: оқиға екі бап бойынша тергеліп жатыр
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза болуына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Үкіметтік комиссия отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов хабарлады.

Астана, NEGE. 24 қыркүйек күні сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Санжар Әділовтің айтуынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір тергеу және жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, қажетті сот сараптамалары тағайындалған.
Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде анықтап, қайғылы жағдайға кінәлі адамдарға қатысты тиісті шара қолдануды тапсырды.
Отырыста қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін көмек те сөз болды. Бозымбаевтың айтуынша, заңда көзделген төлемдерден бөлек, отбасыларға көмектесуге ниет білдірген азаматтар мен кәсіпкерлерден де ұсыныстар түсіп жатыр.
«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді. Олардың бірі әр отбасыға 25 млн теңгеден бөлді. Сондай-ақ бірқатар ірі бизнес өкілдері де көмек көрсетуге ниет білдірді», – деді вице-премьер.
Бозымбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігіне отбасыларға берілетін қаражаттың ашық бөлінуін және көмектің тиісті адамдарға толық жетуін бақылауды тапсырды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың мәліметінше, оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Үкіметтік комиссия жұмысын жалғастырып жатыр.




