21 апреля 2022 г. 19:35

Манас Ташыбеков: «Аспанда жұлдыз көп пе, әлде жерде қырғыз көп пе?»

Фото:

Қазақстандағы тағы бір этнос – қырғыздар. «Қазақ пен қырғыз бір туған» деген нақылдың өзі екі ұлттың ұстастығы көп екенін білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, қазақпен байырғыдан төскейде малы, төсекте басы қосылған халық. Ең басты сабақтастыратын нәрсе – тілі мен салт-дәстүрі.

Nege.kz тілшісі «Мурас» қырғыз этномәдени орталығының төрағасы Манас Ташыбековпен аз-кем әңгімелесті.

«Саны жағынан ең көп ұлттың бірі – қырғыздар»

Басқа ұлт өкілдеріне қарағанда, елімізде сан жағынан қырғыз халқы көп. Сонау 1970-1999 жылдары қырғыздар республика халқының 0,1 пайызын құрады. Ал 2009 жылы өткен халық санағы бойынша Қазақстанда 25 мыңнан астам қырғыз бар деп есептелген. Бұл көрсеткіш 1999 жылы өткен санақтан кейін күрт өскен көрінеді. Дәл бүгін елімізде қанша қырғыз өмір сүріп жатқанын нақты айту қиын. Десек те, кейбір дерек көздерінде 30 мыңнан асады деп көрсетілген. Егін мен мал шаруашылығына жақын олар көбінесе оңтүстік өңірге қоныс тепкен. 2014 жылғы мәлемет бойынша, Жамбыл облысында – 9,2 мың, Түркістан облысында – 2,8 мың, Маңғыстау өңірінде – 588, Шығыс Қазақстан облысында – 542, Алматы қаласында – 6,7 мың, Нұр-Сұлтан қаласында 3,9 мың қырғыз өмір сүріп жатыр.

Бұл көрсеткіш одан бергі 7-8 жылда тағы да толыға түскені шүбәсіз. Әсіресе, соңғы жылдары ірі қалалардағы киім-кешек базарларында сауда жасайтын қырғыз ағайындардың шамадан тыс көбейіп кеткені белгілі. Оған себеп – екі ел шекарасының жақындығы және жеңіл өнеркәсіп тауарына деген сұраныс. Қазір қырғыз диаспорасы Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Түркия, Ауғанстан, Ресейде де бар. Осы ретте «Аспанда жұлдыз көп пе? Жерде қырғыз көп пе?» − деп мақалдап, мақтан ететіні сияқты, қырғыздар әлемнің 38 мемлекетінде мекен етеді.  

«Қырғыз – таудың тарпаңы, Қазақ – қырдың құланы»

Қырғыз ұлты тарихына көз жүгіртсек, ертеде Енисейдің жоғары бөлігінде мекендеген халық кезінде түркітілдес тайпалардың дәуірінде Алтай, Ертіс, Тыва, Шығыс Саян аумағында өмір сүріп, Қырғыз қағанатын құрған. Кейін олар көрші Моңғол империясынан қысым көріп, Тянь-Шань тауының етегіне қоныс аударды. Ал Қазақстанға қырғыздар 1760 жылы Абылай ханның Қырғызға жасаған шабуылынан кейін және тәуелсіздік алған жылдары үдере көшті.

1761 жылғы Ресей патшасына жолдаған хатында Абылай сұлтан: «1760 жылы Ташкент тарапынан Ұлы жүзге бардық, содан қырғыз деген жауымызды шаптық, жаманын қырдық, қалғанын ел қылдық. Ақ үйлі аманат алдық һәм Ташкент, Бұқара, Самарқан шаһарларының елдері бір атаның баласындай тұруға уағдаластық» деп жазады.

Қырғыз елі осы жорықтың нәтижесінде қазаққа ақ үйлі аманат берді, Абылай көшпелілердің тәртібімен ел арасын бітімге алып келейік деп Сарыбағыш руының манабы Мәмбетқұлдың қызына үйленді. Қырғыздан келген Тәтіш ханым қазір өз басына жеке үй тігіп отыр, ол да болса ел арасын қосатын белгі болса керек.

1779 жылы Абылай хан Алатауға соңғы жорығын жасаған кезде қазақ ханының аты бүкіл Орталық Азияға жеткен. Қырғыздар Абылайды және соңына ерген әскерімен бірге қонақжайлықпен қарсы алады. Екі ел бітімгерлікке келіп, қырғыз билігін Абылайға бермекке келіседі. Соның белгісі ретінде таңдаулы деген манаптарының отбасыларынан аманатқа он отбасын алып келді. Оның бесеуін хан өзінің ауылына алып қалса, үшеуін Шыңғыс сұлтанға және Барақ баласы Бөкейге берді. Екі қырғыздың отбасын Әбілпейізге берді. Тарихы – осы.

Кезінде «Қыйлы сөзді чыгарма Қырғыз, қазақ алачтан», – деп Молдо Кылыш, «Қырғыз – таудың тарпаңы, Қазақ – қырдың құланы», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қатар қоныс тепкен тағдырлас, тамырлас, рухтас, ділдес, қанаттас, қандас қырғыз бен қазақ халқы сан ғасырлар төсекте басы, төскейде малы қосылған әлемде ең жақын туыс халық.

Сонау ғасырлар тереңінен, қилы қиыншылықтарды басып, бір тамырдан қуат алып, асқақ Алатаудың бауырын мекендеп, оның тұнық бұлақтарының суын ұрттап, ауасынан бірге дем алып күн кешкен қырғыз-қазақтың діні, тілі, ділі бір бауырлас халық екені айнымас шындық. Екі ынтымақты ұлы жұрттың дүниелік рухани байлықтары да бірін-бірі толықтырып отырған.

Этно мәдени орталығы: «Мекеннен» – «Мурасқа»

Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне мүмкіндік теңдей берілген. Олардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға шектеу жоқ. Бұл жағынан Қазақстан халқы ассамблеясы инстиутының септігі көп. Татулық пен бірлікті биік ұстаған мемлекет әсіресе, жастарға барынша қолдау көрсетіп келеді.

1996 жылы «Мекен» қырғыз мәдени орталығы ашылып, жұмыс істеді. Кейінірек ақылдастар алқасы кеңесе келе орталық «Мурас» деп аталды. Мұның қазақша мағынасы – мирас.

Яғни, аты айтып тұрғандай, бұл ұрпақ сабақтастығын жалғайтын мұра дегенді білдіреді. Құрамында 200-ден астам мүшесі бар мәдени орталық Қазақстан халқы ассамблеясы идеяларын жүзеге асыруға, ұлтаралық қатынасты сақтауға, демократиялық қоғамды дамытуға, қырғыз халқы шығармашылығын насихаттайтын фестивалдер ұйымдастыруға, сондай-ақ, жексенбілік мектептерде қырғыз классикалық шығармаларын таныстыратын кездесулер өткізуге ден қояды.  

Бізге не мирас етілді? Біріншіден, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр мен әдет-ғұрып. Қырғыз халқы әу бастан дәстүрге берік. Айыр қалпағын басынан тастамайтын ұлттың дәстүрге деген құрметі болмысынан көрінеді. Қырғызстандағы Ош, Бішкек қалаларына барсаңыз, ұлттық киімдегі қырғыздарды көп ұшыратасыз. Дәстүрді сыйлау – ұлтқа деген құрметтің бір парасы.

Екінші, бізге қалған мұраның бірегейі – «Манас» жыры. Ертеде көшпенді өмір сүру салты кезінде ауылға атбасын тіреген жыршылар «Манас» жырын үздіксіз жырлаған. Дастанды жатқа айтып, жиналған жұрттың делебесін қоздырған ақын-жыраулар үлкен сый-құрметке бөленген.

Осы тұрғыда «Мурас» мәдени орталығы мүшелері де атадан әкеге мирас болып қалған мұраларды насихаттап жүр. Шын мәнінде, қырғыз халқы ауыз әдебиеті жанрларын сақтауда көш алдында. Бәлкім, бұл бізге қаннан берілген қасиет шығар.

«Мурас» мәдени орталығы кезінде Фрунзеге кеп, баяндама жасап, «Манас» эпосын сақтап қалған жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына және екі елге ортақ болған жазушы Шығыс Айтматовтың рухына арналған шаралар өткізді. Жазушылар Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов және Қалтай Мұхамеджановтың рухани байланысының өзі неге тұрады? Екеуі бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» шығармасы да екі ұлттың достығына қойылған ескерткіш іспеттес.

Қуғын-сүргін кезінде Тоқтағұл ақын айдауда келе жатқанда Жамбыл Жабаев қарсы алып, тонын кигізіп, жалғыз атын сойып берген деседі. Осы рухани қарым-қатынас әлі де жалғасын үзген жоқ.

Тегтер: