16 сентября 2020 г. 19:37

Құрғақ портта жүк көліктері неге айлап кептеліп тұр?

Қазақстан-Қытай шекарасында айлап тұрған жүк көліктері қожайындарының шыдамы таусылыпты. Бүгін олар Nege.kz порталына хабарласып, қойылған кезектің алға жылжымайтынын айтып, ашынды.  

«Бұл бірінші мәрте емес. Маусым айында көлік жүргізушілері кезектегі орнын таппай қалғаны бар. Жүйкесі тозған мыңдаған жүргізуші аптасына бірнеше шақырым ғана жүреді. Себебі, кедендегі қозғалыс қиындап кетті», – дейді бізге шағымын жеткізген жүргізуші. Олар бұл мәселеге қазақстандық шенеуніктерді кінәлап отыр. Айтуынша, шенеуніктер мәселені шешуге асықпайды. Ал билік өкілдері өткізу бекеті штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтады.

Ал КамАЗ жүк көлігінің қожайыны Мұхтар:

«Көлігімді Құрғақ портта 1715-болып кезекке қойдым. Бір ай болды. Тіпті, қазір мені тізімннен алып тастаған. Тізімде неге жоқпын, ол туралы ешкім ештеңе түсіндірмейді де.  4 күнде 320 көлік қана шықты. Панфилов ауданының әкімі жиналыс өткізгенде: «Тізім неге өзгере береді? Тіпті, аты-жөнімді неге алып тастаған?», – деп сұрадым. Осындай түсінбеушіліктер көп. Қазақстан азаматы ретінде салығымды төлеймін. Көлігім заңды түрде жүріп тұр. Біреу үшін неге жапа шегуім керек? Бұл тізімді әкімдік бекіткен. 47 парақ! Оның ішінде дубликат нөмірмен кезекке тұрғандар көп. Қарапайым халық жұмыс істемеуі керек те, басқалар күнін көре беруі керек пе? Әкімдікке «Неге бұлай?» десем, жауап берген жоқ».

Бұл мәселе көліктерді Құрғақ портқа ауыстырғалы туындаған. Бұған дейін мұндай бейберекетсіздік болмапты. «Біз бұрын әр күн сайын 2 шақырым жүрдік. 10 күнде бір мәрте Қытайға кіріп шығатын едік. Қазір бір айда бір мәрте кіре алмай қалдық. Бізді Құрғақ портқа жібергелі бір ай болды. Бұл кімнің шешімі? Трассада тұруға болмайды дейді. Біз осы ақылы жолға ақша төлейміз. Сонда неге тұруға қақымыз жоқ?», – деп ашынды жүк көлігінің қожайыны.

Біз бұдан соң Панфилов ауданы әкімдігінен қандай да бір жауап алуға тырыстық. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат: «Иә, тізімді әкімдік жасады. Оны аудан әкімі бекітеді. Одан кейін тізім электронды кезекке қойылады. Тізімнің ілгері жүруін қадағалайтын қоғамдық штаб өкілдері, белсенділер бар. Егер тізімде жоқпын дейтіндер болса, хабарласып, айту керек. Бұған дейін әкімдікке келіп, шағым айтқан ешкім болмады. Қазір сайтты жасап жатыр. Бұйырса, 10-15 күнде мәселе ретке келеді. Бұл бұған дейін қалыптасқан жағдай. Үкіметтен келген тапсырма бойынша, қазір жүк көліктеріне трассада тұруға болмайды», – деп жауап берді.

Аудан әкімінің баспасөз хатшысының айтуынша, бұрын жүк көліктері Қытайға кәдімгі кезекпен кіретін. «Қазір көлік көбейіп кеткен. Қытай тарапы да осыны құптаған. Сол себептен электронды тізім жасалып жатыр», – дейді ол.

Панфилов ауданының Кіріс департаментінің басшысы Талғат Қозыбеков болса, жүк көліктерін тізімге қойып, өткізумен әкімнің штабы айналысатынын айтты. «1 қыркүйектен бастап электронды кезекке қою жұмысы басталды. Онымен де әкімдік шұғылданып жатыр. Жүк көлік иелері жеке кәсіпкер ретінде бізге тіркеледі. Транспорт инспекциясынан Қытайға кіру үшін рұқсат қағаз алады. Бізге салық есептерін тапсырып, міндетті төлемдерін төлейді. Ал мына ұзын-сонар кезекке біздің департаменттің қатысы жоқ. Жүк көлік иелерінде де мәселе жоқ. Мұндағы түйткіл – тек тізімнің дұрыс реттелмеуінде ғана», – дейді Талғат Қозыбеков.

Қазір Құрғақ портта 2 мыңдай жүк көлігі қаңтарылып тұр. Себебі, кезек жылжымайды. Бұл тізімді әу баста реттеуге болмады ма? Өз кәсібін өрге домалатқысы келгендер көлігін неге айлап қаңтарып қоюы керек? Онсыз да карантин кезінде титықтап қалған кәсіпкерлерге жұмыс істеуге кім мүмкіндік береді? Әлде тізім жасауда да жемқорлықтың иісі аңқи ма? 

Тегтер: