Көп күткен жеміс те пісті. Андрей Тимченконың бизнесі НЕГЕ өрлей бастады?
«Bereke Bank» АҚ басқарма төрағасы Андрей Тимченконың жеке бизнесі – «N1BROKER» акционерлік қоғамы 2025 жылды жоғары қаржылық көрсеткіштермен аяқтай алды. Оның алдында екі жыл қатарынан бұл компания шығынға ұшырап келген болатын.
Былтыр жарияланған 2024 жылғы аудиттелген есептілігінде N1Broker өзінің бизнес-моделі бойынша 2024 және 2023 жылдары шығын жинақталып, ал 2025 жылы операциялық табыстылық көрсету арқылы шығынды азайтатыны бойынша болжам берген еді. Сол болжам шынға айналды. Брокерлік компания есепті жылды 417,9 миллион теңге таза пайдамен аяқтап отыр.
Оның алдында компания 289,2 млн теңге шығынға батқаны туралы былтыр жазған болатынбыз. Енді таза комиссиялық кірісі 25,2 млн теңге шығыннан 1,159 млрд теңге пайдаға дейін өсті. Яғни операциялық блок өте жақсы жұмыс істеген. Бір жылда брокерлік комиссиялық кірісі 19 есеге өсті.
Осының арқасында Андрей Тимченконың бизнесі қордаланған шығын көлемін 668 миллион теңгеден 251 миллион теңгеге қысқарта алды. Егер биыл акционерлер тобы дивиденд алмаса, келесі жылы баланстан қордаланған шығын кетіп, керісінше капитал құрамында үлестірілмеген кіріс пайда болады деп болжауға болады.
Бұл күндері Андрей Тимченко «N1BROKER» АҚ-ның 90,01% акциясына иелік етіп, негізгі акционер болып отыр. Оның серіктесі Рафаэль Валеевте еншісінде 9,99% акция бар. Жақында Андрей Тимченконың «Reccon Press» жарнама агенттігін сатып алғаны туралы «Ручная экономика» телеграм арнасы жазған болатын.
Осылайша, Bereke Bank топ-менеджері «N1 Factor Limited», «N1Credit», «N1Broker», «N1 Products Limited», «Reccon Press» компанияларына иелік етеді. Қазір олардың көбі таза пайдаға шығу фазасына ауыса бастады.
Бұл Андрей Тимченкоға ертеңгі күн үшін алаңдамауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар оған Bereke Bank-тің араб акционерлері тарапынан үлкен сенім білдірілген.
Отандық тәжірибелі банкир жеке брокерлік және микроқаржы бизнесін өзі басқарған «Альфа-банк» АҚ санкцияға ұшыраған 2022 жылғы алмағайып кезеңде бастағаны белгілі. Сол уақыттан бері Nege.kz оның қаржылық жағдайын үздіксіз бақылап келеді. Жақсы прогресс байқалады.
Банкир өз бизнесін құрып жатқанда оны «Бәйтерек» холдингі Bereke Bank-ті басқаруға шақырды. Сол уақыттан бері Андрей Игорьұлы банкті де, өзінің бизнесін де қатар алып келеді.