30 января 2023 г. 22:36

«КИІК АТУҒА халықаралық ұйымдардан ұсыныс түсті» – Министрлік

Фото:

Соңғы уақытта ақбөкендердің саны күрт артуына байланысты фермерлердің шағымы жиіледі. «Киіктерді ғылыми зерттеу бағытында атуға рұқсат етіледі» деген әңгіме шықты. Алайда оның нақты қалай жүзеге асатыны бұлыңғырлау боп тұр.

Бүгін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері журналистер үшін брифинг өткізіп, осы секемді ойларды сейілтуге тырысып бақты. NEGE тілшісі брифингтен соң ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аңшылық шаруашылығы басқармасының бас сарапшысы Асқар ӘБДІРАХМАНОВТЫ сөзге тартты.

Брифингте Батыс Қазақстандағы ақбөкендердің саны 700-800 мыңға күрт өскені айтылды. Демек, қазіргі ғылыми зерттеу жұмыстары оларды сақтап қалу үшін жасалып жатыр деу бір-бірімен кереғар пікір емес пе?

– Жоқ. Киіктердің ең басты жауы – пастереллез індеті. 2015 жылы осы індеттен қаншама киік қырылып қалды.

– «Жәңгір хан агротехникалық университеті бастамасымен сондағы тәлімбақтағы киіктерге вакцина салынды және ол сәтті өтті» дедіңіз. Бірақ ол барлық киікті пастереллезден құтқармайды ғой?

– Ол вакцинаны тек тәлімбақта өсіп жатқан киіктерге ғана пайдаланады. Жабайы киіктерге оны еге алмаймыз. Оның механизмі де жоқ. Ауада шаша алмаймыз, шөппен бере алмаймыз.

Өйткені жабайы киіктер қолмен шашқан шөпті жемейді, жемді де жемейді. Олар анау шошқа, марал сияқты емес.

Сондықтан болашақта індет болып, жабайы киіктер қырылып қалса тәлімбақта өсіріліп жатқан киіктер олардың орнын толтыра алады. Біз сол үшін әрекет етеміз.

– Тәлімбақта қанша уақыт бойы ұсталады?

– Киіктің өмірінің соңына дейін. Төлін алады, сонда өсіреді.

– Ал олардың нақты белгіленген саны бар ма?

– Олардың ешкілеріне байланысты. Қанша аналық, аталық болады оны нақты білмейміз біз. Енді ғана бастап жатырмыз. Осыны білу үшін ғалымдар қазір зерттеу жүргізуде.

– Ал біздегі киіктер мәселесін неге халықаралық ұйымдар талқылауы керек? Мәселен, оларды атуға рұқсат беруге қатысты.

– Халықаралық ұйымдардың өзінен сондай ұсыныс түсіп жатыр.

– Ату туралы ма?

– Иә.

– Не үшін?

– Былтыр көктемгі санақ бойынша біздегі киік саны 1 000 318 болған. Оның 20-25 пайызы аталық деп есептейтін болсақ, биыл киік саны тағы 900-800 мың басқа артады. Егер осы көктемде індет болмаса, олардың саны 2 000 000-нан асып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда ауыл шаруашылығына үлкен салмақ түседі.

– «Ақбөкендердің 90 пайызы біздің жерде таралған» деген рас ақпарат па? Ол Орта Азия елдері арасындағы әлде ақбөкендердің жалпы таралуы бойынша статистика?

– Иә, ол рас ақпарат. Жалпы планета, жер шары бойынша киіктердің 97 пайызы біздің Қазақстанда шоғырланған.

– Демек, халықаралық ұйымдардың киіктерді ату ұсынысына себеп болған осы көрсеткіш қой? Олардың ұсынысын мемлекет құптаған жағдайда кімдерге атуға рұқсат етіледі?

– Егер атуға рұқсат берілсе, аңшылық шаруашылықтарына лимит бөлініп беріледі.

– Броконьерлер үшін бұл тиімді тәсіл болмай ма? Қолына қару алғанның бәрі ақбөкендерді қырып салмасына кім кепіл?

– Жоқ, онда қорғау жұмыстары жүріп жатыр ғой. Қалай болды, солай жалғасады. Заңсыз ататын болса, оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

– Осыдан 4 жыл бұрын ақбөкенге араша түсем деп браконьерлер қолынын қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің оқиғасын әлі ешкім ұмытқан жоқ. Сондай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін не істеу керек?

– Осы үшін заңды күшейтті ғой. Киіктің бір мүйізін тауып алған жағдайдың өзінде қылмыстық іс қозғалады. Қылмыстық кодексті киіктерге қатысты қатаңдатқаннан кейін ондай оқиғалар азайды.

– Ал «ғылыми зерттеу жүргізу үшін 1815 бас киікке дейін атуға болады» деген ақпарат ше?

– Олар атылмайды. Ғылыми мақсатта алуға лимит қарастырылған. 1800 бас лақты тірідей алады. Ал 15 басты ветеринар мамандар іш құрылысын қарап, тексеру үшін алады. Олар бірінші ұсталынады, содан кейін сойылады. Егер ұстай алса.

– Сонда бізде ақбөкендерден айырылып қалу немесе олардың санын күрт азайтып алу деген қауіп жоқ па?

– Ондай қауіп жоқ. Қорғау әлі де жүргізіле береді. Одан бөлек сақтап қалу мақсатында құрылып жатқан тәлімбақтарымыз да бар.

– Ақбөкендер «Қызыл кітапқа» енгізілмеген деп қалдыңыздар...

– Иә, киіктер ешқашан «Қызыл кітапқа» енген емес. Мүлде болмаған.

– Ендеше неге осы кезге дейін олардың жойылып кету қаупі туралы сөз етіп келдік?

– Ол індеттерге байланысты айтылған болуы керек.

Брифингте Зоология институтының меңгерушісі Константин Плахов: «Ақбөкенді аулау мен олардың етін жеу қазақтың дәстүрінде болды. Сол үшін мұны үлкен мәселеге айналдырмау керек», – деген тәрізді пікір айтты. Бұған келісесіз бе? Біздің салтта азық үшін төрт түліктің өзі жеткілікті болған жоқ па?

– Иә, мен ол кісінің пікірімен келісемін. Төрт түлік бізге азық болғаны рас. Киіктерді де саны азайып кеткенге дейін аңшылықта пайдаланды ғой еліміз. Оны жергілікті аңшылар ғана емес, Үкімет те пайдаланды. Киіктерді кәсіпте қолданып, терісін, етін, мүйізін экспортқа шығарды.

– Ақбөкен қазақ үшін қасиетті аң саналады...

– Қасиетті аңдар бізде жетеді. Киік те қасиетті, қасқыр да қасиетті, елік, марал – бәрі де қасиетті. Бірақ елік, маралды, қасқырды да атамыз.

– Бірақ браконьерлерге шектеу болу керек қой?

– Енді олардың атуға мүмкін саны ғылыми-биологиялық негіздеме арқылы белгіленеді.

Тегтер: