16 Маусым 15:57
...

Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов амнистияға іліге ме? – Адвокат жауап берді

Бишімбаев ісі
Фото: Б.Байжанов. Фото: tengrinews.kz

Мәжіліс қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Яғни, заң бойынша ауыр қылмыс жасағандардың жазасы қысқарып, орташа қылмыстар үшін кешірім берілуі мүмкін. Осыған сәйкес, 4 100 адам толық босатылып шықса, 11 мың адамның жазасы қысқарады. 

Соның қатарында былтыр мамыр айында атышулы Бишімбаев ісі бойынша істі болған туысы Бақытжан Байжанов та бар. Оған Қылмыстық кодекстің 432-бабы – «Қылмысты жасыру» бойынша айыпталып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. Алайда, сотталушы үкіммен келіспей, маусым айында апелляциялық шағым түсіргенмен, шешім өзгеріссіз қалды. Қазір Байжанов Степногорск қаласындағы түрмедегі қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеуде.

Конституцияның 30 жылдығына байланысты жүзеге асатын рақымшылыққа Бақытжан Байжанов та ілігіп қалуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, егер қылмыстық іс адамның жеке басына қарсы жасалып, салдары адам өліміне әкелсе, ондай жағдайларда рақымшылық актісі қолданылмайды.

Депутат
А.Құспан. Фото: ғаламтордан

«Ал егер адамның әрекеті тікелей адам өліміне байланысты болмаса, онда, әрине, рақымшылық актісі қолданылады. Бишімбаевтың ісінде адам өлімі бар. Сондықтан оған рақымшылық қолданылмайды, ал Бақытжан Байжанов сотталған «қылмысты жасыру» бабы рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізіміне кірмейді. Сондықтан оған рақымшылық қолданылуы мүмкін. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс түріне жататын болса, онда олар толық босатылмайды, бірақ жазаның мерзімі қысқартылады», – деп түсіндірді Абзал Құспан.

NEGE тілшісі Бақытжан Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаевқа хабарласып, мән-жайды сұраған еді.

Адвокат
Ғ.Ынтықбаев. Фото: ғаламтордан

– Ғазиз, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң бойынша сотталушы Бақытжан Байжанов рақымшылыққа ілінуі мүмкін бе?

– Ол заң бойынша екі жағдай қарастырылған. Біріншісі – толық босатылады, екіншісі – жазасы қысқартылады. Байжанов кісі өлтірмесе де, соған қатысы бар. Сондықтан екіншісіне ілігіп, жазасының үштен бірі қысқартылуы мүмкін. Заң күшіне енген соң, үкім сотта қайта қаралады да, жылын азайтады.

– Байжановтың уақыты онсыз да аз қалған жоқ па?

– Сот үкімі 24 маусым күні күшіне енді. Оның оған дейінгі тергеу изоляторында отырған әр күні бір жарым күн деп есептеледі делінген. Сонда жазасының жартысынан көбі өтелді. Дәл қазір оны отырып есептеуге уақыт болмай тұр. Жалпы, рақымшылықтан бұрын оның шартты түрде мерзімінен бұрын босайтын уақыты да кеп қалды.

– Осы аралықта қорғаушысы ретінде Байжановтың жағдайынан хабар алып тұрдыңыз ба? 

– Былай туыстары арқылы біліп тұрамын. Бірақ өзім арнайы бармадым. Ол қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

P.S. Бақытжан Байжановтың екінші қорғаушысы Әлібек Секеровтің пікірінше, ол рақымшылыққа міндетті түрде ілегеді. «Бірақ ол жазасын өтеп болып қалды. Алдағы қазан айында бостандыққа шығуы тиіс. Ал шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуды қолдана ма, жоқ па, білмеймін, рақымшылық бойынша жазасының үштен бірі қысқартылатыны сөзсіз», – деді адвокат Ә.Секеров.