16 Маусым 18:10
...

«Өзгелерге сабақ болсын дедім» – Жұлдыз Мақатаев «хайп қуған блогердің соты» немен біткенін айтты

Мұқағали Мақатаевтың ұлы
Фото: Ж.Мақатаев. Фото: ғаламтордан

«Мұқағали – сорлы еркек...» деп хайп қуып, адамгершіліктен тайып кеткен блогер Әлішер Теменовтің әрекетіне намыстанып әрі өзгеге сабақ болсын деген ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев сотқа шағым түсірген еді. Нәтижесінде Теменовке қатысты Қылмыстық Кодекстің 131-бабы 2-тармағы «Қорлау» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот процесі Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында өтті.

Сонымен, бүгін судья Бейнекүл Қайсина шешімді жария етіп, істің тоқтатылғанын мәлімдеді. Сот шешімі бойынша жәбірленуші Жұлдыз Мақатаев айыпталушыны кешіріп, моралдық шығынын да азайтқан.

NEGE тілшісі бұл жайында ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевтың өзінен сұрап білді.

– Жұлдыз Мұқағалиұлы, сотқа шағым түсіргенге дейін кешірім сұрамаған блогер Әлішер Теменов сотта кешірім сұрады ма?

– Иә, шағым түсіргенге дейін табалдырығымды аттамады ғой. Сот процесі басталған соң кешірім сұрады. «Бұрын келе алмадым. Бірақ Қарасаз ауылына барып, Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші жанында дүйім жұрттан кешірім сұрадым» деген уәжін айтты. Әлеуметтік желіде өзі жүргізетін парақшадан әкемді балағаттап, өлеңін мазақ еткені үшін күллі халықтан кешірім сұрап, бейнежазба жариялауға уәде етті.

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деуші ме еді, енді «жаздым, жаңылдым, қателестім» дейді ғой.

Блогер
Ә.Теменов. Фото: видеодан стоп-кадр

– Бірақ сіз әу баста моральдық шығын ретінде 10 млн теңге талап етіп едіңіз ғой...

– Сөйттім ғой. Оны 3 миллионға түсірді. Қолында 2 млн бар екен, қалғанын кейін әкеп беретінін айтты. Оның үстіне отбасылы жігіт көрінеді. Бір баласы бар, әйелі жүкті екен. Одан бөлек әлеуметтік, материалдық жағдайының нашар екенін айтты. Біз де түсінеміз ғой, қателігін шынайы мойындап, біліп отырған соң отбасылық жағдайын ескердім. Сот отырысында да Теменов отбасылық жағдайына қатысты моральдық шығынды азайтуды сұрағанын және оған келісетінімді айттым.

Мен ақша өндіріп алуды көздемегенімді әу баста айттым ғой. Сабақ болсын, басқалар да осы жігіт секілді аузынан күйіп қалып жүрмесін деген ой ғана. «Жарайды, бір қателік кеткен шығар, бірақ екінші мәрте ондай болмасын» деген пікірімді жеткіздім.

– Сотқа шағым түсіру, оған үздіксіз қатысу уақытыңызды ұрлап, жүйкеңізді де жұқартқан шығар...

– Иә, айтпаңыз. Өз басым әлеуметтік желіде жоқпын. Туыстарым, таныстарым айтқан соң, бейнежазбаны қарадым. Бұл маған өте ауыр тиді. «Мұны бейжай қалдырсам, әрі қарай да жалғаса бере ме?» деген оймен арыз түсіруге бекіндім. Міне, содан бері де 4-5 ай уақыт өтіп кетіпті.

Менің айтарым, мына әлеуметтік желіні сүзгіден өткізіп, өзін «блогер» санайтындардың сөзін қадағалауда ұстау керек. Елдің алдына айтары, беретін тәрбиесі бар адамдар шығуы тиіс. Ал қазір кім көрінген парақша ашып, оқырман жинау үшін әдейі әлгіндей пікір айтатын әдісті қолданатын сияқты. Ал не болды? Қазақ халқы мойындаған ақиық ақынды келекеге айналдырып, не абырой тапты? Керісінше, өзі абыройсыздыққа ұрынды.