1 октября 2021 г. 11:35

«Қазақтелеком» интернеті: Үй шаруашылығынан – кәсіпкерлікке

Фото:
Шалғай ауылдарға жүргізілген талшықты-оптикалық байланыс желісінің сапасы қандай? Интернет ауыл  тұрғындарының өміріне қалай әсер етті? Осы сұрақтарға жауап алу үшін және ауылдағы ағайынның жай-күйін тікелей біліп, біліп қана қоймай олардың базынасын тыңдау үшін компания басшылары шалғай ауылдарды аралап

, іс-сапарға шықты. Ең алғашқы кездесу Қарағанды қаласынан 250 шақырым жерде орналасқан Бүркітті ауылынан басталды.

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Бүркітті ауылы – талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткен облыстағы 36 елді-мекеннің бірі. Облыс орталығынан қашықта орналасқанына қарамастан, замануи технологиялардың игілігін жан-жақты пайдаланып отырған аймақ. Бүркітті ауылының тұрғындары бүгінгі таңда 1 300-ден асып жығылады, олардың көпшілігінің табыс көзі – мал және егін шаруашылығы. Ауылға интернет келгелі бері, шаруашылықты шыр айналдыруға мүмкіндік артып, жұмыс жеңілдеді. Тіпті тұрғындардың бірқатары интернет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, кәсіптің көзін тапты.

Жазира Әбдіғали алғашында аспаздықты ермек еткен. Жақындарына күнделікті тәттілерін пісіріп беруге әдеттенген. Ол Бүркітті ауылына интернет келген сәттен бастап ауылдың тарихын дейін және кейін деп екіге бөліп қарайды. Оның өмірі де дәл осы ғаламдық желінің келуімен түбегейлі өзгерді. Шағын ғана ауылға танылған аспаз интернеттің көмегімен клиенттік базасын арттырып, кәсібі көркейіп, ауданға таныла бастады.

«Интернет менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Танымал food-блогерлерден онлайн сабақтар ала бастадым. Білгенімді дамытып, ас мәзірін үнемі жаңалауға ғаламтор көмектесті. Бұрын манты мен түшпара түйетінмін. Бүгінде бүтіндей дастарханның мәзірін оп-оңай дайындаймын. Тек тағамды ұсынып қана қоймай, одан шоу жасауға үйрендік. Инстаграм желісінде бұрын Бүркітті аспазы деп тұрсам, қазір кәсібім кеңейіп, Қарқаралы аспазына айналдым», – дейді Жазира Әбдіғали.

Интернет, ауыл тұрғындарының бойында кәсіпкерлік дағдыны қалыптастырды. Қырғыз ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қапашовтың айтуынша, ауыл халқы whats-app желісіндегі ортақ топқа біріккен. Сол жерде егінін де малын да саудалап, тез мәселе шешуге төселіп алған. Айта кету керек, оптика ауылдық әкімдік пен мектеп, аурухана мен емхана, полиция бекеті секілді мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарға тартылды.

Дегенмен ауылға келіп кірген талшықты-оптикалық желілер өңірде замануи, сапалы телекоммуникациялық инфрақұрылымды құруға негізі болды. Осы оптика кірген нүктелердің базасында мобильді байланыс операторлары өздерінің базалық станцияларын орнатып, тұрғындарды 3G сымсыз байланыс желісімен қамтамасыз етті.

Бүркітті ауылының орта мектебі де интернеттің игілігін көруде. Ауылдағы интернет сапасын сынап, тексеру үшін арнайы іс-сапармен шыққан «Қазақтелеком» АҚ Басқарма мүшесі, Бөлшек сауда жөніндегі бас директоры И.Погребицкий қала мен ауылдың арасындағы цифрлық алшақтықты жою компанияның басты мақсаты екенін баса айтты. Жүйрік интернеттің арқасында барлық замануи технологияға қол жеткізіп отырған орта мектептің деңгейі қаладан да кем болмайтынына сенім білдірді.

«Ауылға жүргізілген талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы өткен жылы аяқталғанымен, бұл технология ашқан мүмкіндіктер негізінде интернет тарату жұмыстары тұрақты жалғасып отырады. Біз бүгінгі таңда басымдықты сымсыз технологияларға бұрып отырмыз. Яғни мыс желілері арқылы интернетпен қамтылған ауылдарға FWA технологиясын қолдану арқылы жүйрік интернет тарту бағытында үлкен жұмыстар жасалуда. Яғни елді-мекенде орнатылған базалық станцияларға арнайы қондырғылар орнатып, әр үйге кішігірім интернет тартатын жабдық қою арқылы интернет кіргізетін боламыз», – деп атап өтті И.Погребицкий.

Бүгінгі таңда мектеп қалыпты режимде жұмыс жасауда. Оқушылар білімді игеруде интерактивті тақта, ғаламтордан ақпарат жинақтау, әлеуметтік желілерде түрлі тәжірибелер жасау секілді жаңа технологияларды көп пайдаланып, оқу процесін барынша қызықты өткеруде. Жүйрік интернеттің арқасында мектеп оқушылары TikTok желісінің жұлдыздары, жастар арасында танымал BIP house өкілдерімен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.  

Сонымен қатар интернеттің қалай пайда болғаны туралы еліміздің ірі телекоммуникациялық операторынан толыққанды мәлімет алып, пікір алмасты. Кездесу нәтижесінде белсенді оқушыларға компания атынан сыйлықтар үлестіріліп, естелік суретке түсті.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» компаниясы 2018-2020 жылдар аралығында еліміздің 828 ауылдық елді мекеніне 14500 шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі тартып, 2500-ден астам мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарды интернетке қосқан. Бұдан кейін мобильді операторлар ауылдарға кіріп, базалық станцияларын тұрғызып, сол арқылы сымсыз сигнал арқылы тұрғындарды интернетпен қамтамасыз етті.  Кең жолақты интернет шалғай жатқан ауылдарды орталықпен байланыстыруда таптырмас құрал. Ал олардың сапасын тексеру жалғасады. «Қазақтелеком» АҚ Басқарма мүшелерінің келесі баратын аймағы – Шығыс Қазақстан облысы.

Тегтер: