Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының филиалы құрылды

«Әділет» партиясы өңірлік филиалдар желісін құрып, мемлекеттік тіркеуден толық өткізді. 

astanatv.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде партияның баспасөз қызметі хабарлады. Аумақтық бөлімшелер Қазақстанның барлық облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында құрылған.

«Келесі кезең – филиалдардың басқару органдарын жасақтау: төрағалар мен басшылық органдарды сайлау, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарын құру.

Аумақтық желіні қалыптастыру – партияның ұйымдастырушылық құрылымын дамытудың маңызды кезеңі. Бұл қадам азаматтармен тікелей байланыс орнатуға және партия бастамаларын жергілікті деңгейде дамытуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, өңірлік филиалдарды құру туралы шешім «Әділет» партиясының ІІ съезінде қабылданып, тиісті ережемен бекітілген болатын. Құжатта партияның өңірлік құрылымдарының құқықтық мәртебесі, жұмыс тәртібі, басқару және ішкі бақылау жүйесі айқындалған.

«Әділет» партиясы 2026 жылғы 1 маусымда мемлекеттік тіркеуден өтті.

14 маусымда AMANAT партиясының мүшелері «Әділет» партиясының құрамына ресми түрде қабылданды.