«Қазақстанда әйелдер төңкерісін жасауға түрткі болдым» – Дина Таңсәрі
Екі күн бұрын «НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрінің Черногорияда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы хабарланса, кеше түстен кейін Черногорияның Жоғарғы сотында өткен жабық сот отырысы оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқаны мәлім болды. Алайда, Бас прокуратура «Черногория сотының шешіміне қарамастан, құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмысын жалғастырады» деп мәлімдеді.
NEGE тілшісі Дина Таңсәрінің (Смайылова) өзіне хабарласып, мән-жайды сұрады.
– Мені Черногорияда ұстап, түнде Подгорица полициясына алып келді. Оларға Қазақстан Бас прокуратурасының арызы бойынша мені қамауға алу туралы және Қазақстанға экстрадициялау бойынша тапсырма берілген. Кеше Черногорияның Жоғарғы сотында шұғыл сот отырысы өтті. Алайда, мені және адвокатымды тыңдаған сот Қазақстанға беруден бас тартты. Бірақ құжатымды алып, Черногориядан сыртқа шығуға тыйым салды. Әрине, қалада әрі-бері қозғалысыма шектеу қойылған жоқ. Тек қайда жүргенім туралы хабардар етіп отыруым керек.
Бұл Қазақстанның мені экстрадициялау жөнінде жіберген екінші ұсынысы. Алғашқысын Ішкі істер министрлігі 2024 жылдың 24 мамырында жіберген. Бұл кезде де жергілікті сот қарсы шешім шығарды. Осымен Черногория соты екінші рет экстрадициялаудан бас тартты.
– Черногорияда қанша уақыттан бері тұрасыз?
– Соңғы бір жарым жылда Черногорияда тұрып жатырмын. Қазақстаннан 2021 жылы кеттім. Әу баста екі жарым жыл Грузияда тұрдым. Кейіннен бұл мемлекет елден сыртқа шығуға тыйым салып, кезекті іссапардан кейін кіргізбеді. Содан кейін Черногорияға барып, саяси баспана сұрауға мәжбүр болдым. Осыны естіген Қазақстан билігі «саяси баспана мәртебесін алмасын» деп, аяқастынан маған іздеу салып, үстімнен алаяқтық туралы қылмыстық іс қозғады. Яғни, Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады. Ең қызығы, қозғалған 6 қылмыстық істің екеуі – алаяқтық әрекет. Енді мені экстрадициялауды талап етіп отыр.
– Үстіңізден қозғалған 6 қылмыстық істің бірде-біреуімен келіспейсіз бе?
– Әрине, мұның бәрі ойдан құрастырылған. Қылмыстық іс заңсыз. Себебі, бұған дейін іс бойынша ешкімге шақырту түскен жоқ, ешқандай түсініктеме алынған жоқ. Қазақстанда құқымды қорғайтын 5 адвокатым бар. Алайда, оларға ешбір хабар бермей, сараптама жүргізіп, сот шешімін шығарғанын заңсыз деп санаймын.
Қолымда сол 6 қылмыстық істің әрқайсысына беретін дәлелім бар. Қорғаушыммен сөйлесіп, бәрін дайындап қойдым. Бірақ Бас прокуратура мен полиция менен түсініктеме алып, дәлел құжаттарымды қабылдамай отыр. Неге екені белгісіз, олар мұның бәрін Қазақстанға өзімнің әкеп беруімді талап етуде. Яғни, менің ұсталғаныма қатты мүдделі болып, елге келіп түсініктеме беруіме күш салып жатыр. Әлбетте, қазір Қазақстанда не болып жатқанын жақсы білемін. Сондықтан барғым келмейді. Енді саяси баспана мәртебесін беруге қатысты мәселенің сотта қаралуын күтіп отырмын.
– Ал донаторлардың үстіңізден арыз түсіруі туралы не айтасыз?
– Алдымен ойдан шығарған деректермен іс қозғады. Содан кейін ғана 7200 адамға сұрау салып, жәбірленушілер іздеуге кіріскен. Оның ішінен 7 адамға қысым жасап, менің үстімнен арыз жазуға мәжбүрлеген. Нәтижесінде мені «44 еуро шығын келтірген-міс» депті. Ал мені көп көлемде ақша жымқырды деп, Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлімі «алаяқтық» бойынша тергемекші. Мұны естіген Черногориядағы адвокатым таң қалып, сотта мұны «логикаға сыймайтын» жала деп айтты.
– Сонда сіздің ізіңізге түсіп, үстіңізден іс қозғауға не түрткі болды деп ойлайсыз?
– Не үшін дейсіз бе? Себебі, Қазақстанда әйелдер төңкерісін жасауға түрткі болдым. Өйткені, әйел ретінде үндемей қалмауға шақырдым. «НеМолчи.kz» қорының арқасында посткеңестік, тіпті Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан әйелдері ғана зорлық-зомбылық туралы ашық айтатын деңгейге жетті. Әйелдер мұның қалыпты жағдай емес екенін біле бастады. Қазір өзім тұрып жатқан Черногорияда мұндай жоқ. Бұл жақта да патриархалды қоғам әйелдердің зорлық туралы ел алдына шығып, пікірін айтуына кедергі келтіреді.
– Қазір Черногорияда кіммен тұрасыз?
– Заңды тіркелген некелі күйеуіммен тұрамын. Бірақ неге екені белгісіз, Қазақстан полициясы мені азаматтық некеде тұрады деп хабарлаған. «НеМолчи.kz» қорын да, қозғалысын да 2017 жылы күйеуім екеуміз бірге аштық. Ол мені басынан қолдап келеді.
Айтпақшы, полиция «ақшаны күйеуінің картасына жинаған» депті. Бұл – жалған ақпарат. Біз қордың қамқоршылық кеңесінің ақшасын ғана картаға салдық. Себебі, донотарларға солай тиімді еді. Азаматтық кодекстің 516-бабына сәйкес, заңды түрде жұмыс істедік. Бұл бап бойынша, донаторлар мен көмек алушылар арасында өзара қатынас негізінде қайырымдылыққа берілетін ақшаға мемлекеттің қатысы жоқ. Өйткені, біз Қазақстанның заңнамалық құжаттарын бұзған жоқпыз.
– Елімізде қайырымдылық қорлар, ұйымдар жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып жатқанынан хабардар шығарсыз. Бұл жайында не айтасыз?
– Білуімше, енді депутаттар жаңа заң қабылдауды қолға алып, қайырымдылық жасауға тыйым салмақшы екен. Бұл – адамдардың тәуелсіз өмір сүруіне шектеу қою. Қазір біз Қазақстанның және халықаралық гранттардан бас тартуға мәжбүр болдық. Біз – тәуелсіз, халықтық ұйымбыз. Себебі, бізді халық қаржыландырады. Сондықтан солардың алдында есеп беріп, халыққа тегін көмек көрсетеміз. Біздің күшіміз осында. Ал сонда неге біздің ізімізге түсті? Өйткені, біздің айналамызға көптеген адам топтасып, донатор ретінде ақша бөледі. Олар біздің көмегімізді алып, әркез қолдап, әлеуметтік желіде жұмысымызды көрсетіп жүр. Әлбетте, бұл полицияға, прокуратураға ұнамайтыны сөзсіз.
Неге десеңіз, біз полиция атқара алмаған жұмысты, сот тергеушілері жүргізе алмаған істің қозғалуына түрткі болдық. Біз заңнамалық реформаларға қатысып, 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне күш салдық. Сот, тергеу органдарындағы жемқорлық әрекеттерді әшкереледік. Білсеңіз, 12 полицияның түрмеге қамалуына, 200-ден астам құқық саласы қызметкерлерінің әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмыстан босатылуына мұрындық болдық. Әрине, олар бізге іздеу салып, қамауға алуға асығады.
– Бар күдік 2023 жылы жиналған 65 млн теңгеден шығып тұр ма? Бұл қаржы да халықтан жиналған ба?
– Иә, бір жылда халықтан осындай ақша жиналды. Бірақ ол қаржыға бізге жәрдем сұрап келгендерге құқықтық көмек беретін 22 адвокатқа ақысын төледік, одан бөлек қорда жұмыс істейтін 14 адамның жалақысы бар. Сондай-ақ, 11 тәуелсіз сот-медициналық сараптама жасалды, 5 отбасын көшіріп алып, 16 отбасына әлеуметтік көмек ретінде қаржы берілді. Ешбір мемлекет мұндай көмек жасамайды.
Алайда, Қазақстанда дағдарыс орталықтарына 2 млрд 300 млн теңге бөлінеді. Сол 2023 жылы дағдарыс орталықтары 800 млн теңгені ғана игерген. Біз сол жылы 15 мың тегін кеңес беріп, 2 жарым мың тұрмыстық зорлық-зомбылық істі сотқа жеткізіп, шешім шығаруына әкелдік. Одан бөлек ішінде педофилі бар, адам өлтіргені бар, жалпы 42 қылмыскерді темір торға отырғыздық.
Біз ешқандай грант алмаймыз, әкімшілік қолдау көрмейміз, министрлер кездесуге шақырмайды, бізді ешкім «осындай жұмыс атқарып жатырсыңдар» деп бағалап, марапаттап жатқан жоқ. Қазақстанда «НеМолчи.kz» деген қор жоқ сияқты, үнемі елемегендей сыңай танытады. Бізбен үздіксіз байланыста болуы тиіс балалар омбудсмені Динара Зәкиева мені барлық жақтан бұғаттап тастаған. Бірақ соған қарамастан өзіміз адвокат жалдап, қолда бар ресурсты қосып, халыққа көмек беруге тырысамыз. Бірақ прокуратура, сот, полиция біздің есепшотымызды блоктап, әлеуметтік желідегі жарияланымдарды аңдып отырады.
Маған 2023 жылдың соңында «алаяқтық» әрекет бойынша іздеу салынса да, қазақстандықтар көмек сұрауын тоқтатқан емес. Өздері донатор ретінде ақша жіберіп, былтыр 42 млн теңге жиналды. Бұл нені білдіреді? Себебі, билікке сенбеген азаматтар бізге сенеді. Сіз білесіз бе, біздің полицияның бір күндік бюджеті – 1 млрд теңге. Сонда жылына 365 млрд теңге бөлінеді. Ал олардан халыққа қандай көмек ұсынылады, бізден ше? Тіпті, біз полицияның, прокуратураның, омбудсменнің қызметін қоса атқарып отырмыз. Соған қарамастан мені «донаторлардың ақшасын жинап, қашып кетіп, өзіне жұмсаған» деп айыптап, жұртты адастырғысы келеді. Бұл қаражат жәбірленушілерге, адвокаттарға, сот-медициналық сараптама жасаған мамандарға төленіп отырды. Мұны халық жақсы біледі. Әркез есеп беріп тұрамын. Соншалықты көп те қаражат емес қой. 20 млн теңгеге не істей аламын? Мұның бәрі іс материалдарында тұр.
– Сіз әу баста шетелге не үшін кеттіңіз?
– Бастапқыда Грузиядағы құқық қорғау ұйымының арнайы шақыруымен денсаулығымды толық тексеруге бардым. Скрининг тексеруінен кейін қатерлі ісік анықталып, сол жақта ота жасатып, реабилитациядан өтуіме тура келді. Одан кейін тағы да бірнеше ауру түрі табылып, инфаркт алып қалдым. Осылайша, денсаулығыма байланысты біраз уақыт емделдім. Бірақ сол мезетте Қазақстан тарапы мені «ақша жымқырып, шетелге қашып кетті» деп шығарды. Мен ешқайда қашқан жоқпын.
– Қазақстандағы «НеМолчи.kz» қоры жұмысын жалғастыра бере ме?
– Әрине. Мені Қазақстан құқық қорғау органдары бір жарым жылдан бері іздеп жатса да, донаторлардың арқасында қор жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазір қорда 9 адам жұмыс істейді. Командамның бір бөлігі Грузияда. Халықтан түскен өтінішті өзім қарап, әрі қарай сүйемелдеп отырамын. Былтыр 42, ал осы жылдың өзінде 16 қылмыскердің темір торға қамалуына түрткі болдық.
– Әлгінде ғана Бас прокуратура қамауға алу жайында түсініктеме беріп, нақты қандай жағдайға қатысты іс қозғалғаны туралы айтты. Черногория сотының шешіміне қарамастан, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмысын жалғастырады» деді.
– Эфирге шығып, маған тағылып отырған әр айып туралы теріске шығарамын. Бас прокуратура цифрларды ауадан алып, тексерілмеген ақпаратты ұсынып отыр. Бұл айыптар бойынша маған бірде-бір шақырту жіберген жоқ. Құқық қорғау органдары ешқандай түсініктеме алмады. Бірнеше рет «онлайн түсініктеме берейін» деп арыз түсірдім. Бәрін менсіз, менің қорғаушымсыз тергеу амалдарын жүргізіп, аудиторлық тексеру жасап, есепшоттарымды бұғаттады. Олар келтірген сандар да менікімен сәйкес емес. Бір жылда қорға 65 млн теңге түссе, олар 42 млн депті. Егер аудиторлық тексеру жүргізсе, неге көрмейді? Барлық есеп әлеуметтік желідегі парақшамызда тұр. Сондықтан бұл жалған айып.