Қазақстанда 1 шілдеден бастап газ қымбаттайды

Қазақстанда 1 шілдеден бастап көтерме газ бағасы 33%-ға өседі. 

pixabay.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, мұндай шешім инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңарту мақсатында қабылданған.

«Сөз көтерме бағалар жайлы болып отыр. Орташа өсім – 33%, өңірлер бойынша жеке есептеулер бар. Бұл саланы инвестиция үшін тартымды етуіміз қажет. Сондай-ақ халықтың газды үнемдеп пайдаланғанын қалаймыз. Бұл шаралар газ инфрақұрылымын дер кезінде жаңартуға және экономикалық талаптарға сай болуға мүмкіндік береді. Мұнда индексация мен инфляция мәселесі де бар», – деді вице-министр брифингте.

Министрлік өкілі бағаны көтермей Қазақстанда энергетика саласын дамыту мүмкін емес екенін айтты. Сонымен қатар Тұтқышбаев көтерме газ бағасының өсуі тұрғындар үшін белгіленген тарифтерге әсер етпейтінін атап өтті.

Еске салсақ, биыл газ бағасының ең жоғары өсімі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Мұнда баға өткен жылдың мамырымен салыстырғанда бірден 63%-ға көтерілген.