«Қытайға АЭС салдыру арқылы Қазақстан Ресейдің ықпалын азайтқысы келеді» – Айк Дерзян
Жақында Қазақстан билігі үшінші атом электр станциясын Қытайдың CNNC компаниясы салатынын растады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр брифингте хабарлады. Бұл мәлімдеме сарапшылар арасында абың-күбің пікірталас тудырды.
Армян саясаткері, медиа сарапшы және жастар жобаларының жетекшісі Айк Дерзян Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша NEGE тілшісіне арнайы сұхбат берді.
– Айк мырза, Қазақстан үшін АЭС салуда Қытай неге басты серіктеске айналды деп ойлайсыз?
– Мәнің ойымша, CNNC-ге таңдау түсудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, прагматизм. Қытай Қазақстанның жақын көршісі және сейсмикалық, климаттық қиын аудандарда АЭС салуда Қытайдың мол тәжірибесі бар. Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасының құрылымында көптеген жылдар бойы қытай экономикасының аясында болды, және энергетика саласындағы алыс-беріс ынтымақтастық табиғи жалғасы деуге болады.
Сонымен қатар, CNNC қаржылық және технологиялық жағынан икемділік көрсетіп, бірлесіп қаржыландыру, кадр даярлау, технологияны трансферлеу мүмкіндігін ұсына алады. Бұл ядролық энергетикаға ұзақ уақыт бойы араласпаған ел үшін өте маңызды.
– Қытай технологиялары Франция, Корея және Ресейге қарағанда несімен тиімді?
– Қытайлық Hualong One реакторлары – үшінші буын технологияларының жетілдірілген нұсқасы. Олар батыс пен ресейлік жобалардың үйлесімі, бірақ тәжірибе жүзінде дәлелденген. Құрылыстың мерзімі қысқа, бұл жағдайларға бейімді деген сөз. Франциядағы EPR жобалары жиі кідіріп қалып, шығыны артып жатыр. Кореялық технология сенімді болғанымен, ТМД кеңістігінде кең тарамаған. Ал ресейліктердің ұсынысы геосаяси тепе-теңдікті сақтағысы келетін Қазақстан үшін саяси тұрғыдан сезімтал болуы мүмкін. Сол себепті де Қазақстан Қытайға АЭС салдыру арқылы Ресейдің дәстүрлі ықпалын азайтқысы келеді.
– Қытайдың АЭС жобасына қатысуы оның аймақтағы саяси ықпалын күшейтуі мүмкін бе?
– Өзге ойыншылардың көңілінде мұндай алаңдаушылық бар. Алайда Қытай әдетте тікелей саяси қысым емес, ұзақмерзімді экономикалық тәуелділік арқылы ықпалын күшейтуді жөн көреді. Айталық, инфрақұрылым, энергетика, көлік салалары арқылы. АЭС жобасында бұл кадрларды бірлесіп оқыту, өндірісті жергілікті деңгейде ұйымдастыру және Қытайдың несие желілерін пайдалану ұсыныстары арқылы көрінеді. Мұның соңы саяси ықпалға ұласа ма? Бұл Қазақстанның келіссөздер жүргізуде тепе-теңдік сақтай алуына байланысты. Егер Қазақстан өз мүдделерін белсенді қорғай білсе, бұл ықпалды тізгіндеуге әбден болады.
– Қазақстан мен Қытай арасындағы АЭС құрылысы жөніндегі келісімдер қаншалықты ашық жүргізілуде?
– Қазіргі таңда келіссөздер жабық форматта өтіп жатыр, сондықтан ашықтық деңгейі төмен. Келісімдердің тек жалпы мазмұны белгілі. Бұл Қазақстан ішінде де, шетелде де алаңдаушылық туғызуда. Экология, қарыздық міндеттемелер мен технологияға қолжетімділік мәселелері ашық талқыланып, сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жүргізілуі тиіс. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, атом энергетикасындағы жабықтық – бедел мен әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Мұндай мысалды Франциядағы Flamanville, Финляндиядағы Olkiluoto 3 немесе Жапониядағы Fukushima Daiichi арқылы білеміз.
– Қытайдың АЭС салу жобалары шетелде қаншалықты сәтті болды? Халықаралық мысалдар бар ма?
– Табысты мысалдардың бірі – БАӘ-дегі «Барака» жобасы. Онда корейлік реакторлар пайдаланылғанымен, Қытай инфрақұрылым мен инженерлік қолдауда маңызды рөл атқарды. Ең айқын мысал – Пәкістан. Онда CNNC бірнеше Hualong One реакторын салып, олар тұрақты жұмыс істеп тұр. Дегенмен де Қытай АЭС-тері ҚХР аумағынан тыс әлі кең тарала қойған жоқ. Сондықтан Қазақстандағы жобаның Қытай үшін флагмандық мәні бар деуге болады. CNNC мұнда өздерінің эталондық сапасын көрсетуге мүдделі.
– Қытайдың Қазақстанда АЭС салуы Орталық Азиядағы мүдделер тепе-теңдігіне қалай әсер етеді?
– Бұған дейін Ресей Орталық Азиядағы ядролық салада өзін негізгі ойыншы санап келген. Қытайдың келуі – аймақтағы статус-квоны өзгертуге бағытталған қадам. Франция мен Корея да өз технологиясын ұсынғанымен, құрылыс мерзімі мен қаржы икемділігі тұрғысынан қытайлықтардың көлеңкесінде қалды. Қазақстан бұл бәсекелестікті өз мүддесі үшін тиімді пайдаланып отыр, ал бұл аймақты бір полюстен көп полюсты энергетикалық дипломатия аренасына айналдырады.
– Қазақстан атом энергиясын экспорттайтын аймақтық энергетикалық хабқа айнала ала ма?
– Теориялық тұрғыдан қарасақ, энергетикалық хабқа айналу мүмкіндігі бар. Бірақ АЭС салумен шектелмей, электр желілерін жаңарту, экспорттық заңнаманы жетілдіру, АЭС қауіпсіздігін халықаралық деңгейде мойындату қажет. Сондай-ақ бұл өңірде жаңа, тұрақты генерация көзінің пайда болуы – көршілер үшін энергетикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, бұрын шектеулі жеткізушілер үстемдік еткен аймақтарда тепе-теңдікті қалыптастыруы мүмкін. Бұл Қазақстанның энергетикалық әртараптандыру факторы ретінде рөлін күшейтіп, конфронтация туындатпай, керісінше, өңірлік тұрақтылықты қолдауға жол ашады. Тағы да айта кету керек, мұнда дұрыс дипломатия қажет.
– АЭС құрылысын 2035 жылға дейін аяқтау мүмкін бе? Аймақтық болашақ туралы не айтасыз?
– Қытайда АЭС құрылысы 5-7 жылда аяқталады. Өзге елдер 8-10 жылға дейін созып жүр. Қазақстанда нормативтік база, экологиялық тыңдаулар мен қоғамның қабылдауы шешуші рөл ойнайды. Егер осы кезеңдерде көлденең кедергі болмаса, 2035 жылға дейін аяқталуы мүмкін. Ең бастысы бұл жобаны саяси шиеленіске айналдырмауға күш салу қажет.
Алдағы бесжылдық – шешуші кезең. Дәл осы уақытта қандай жобалар жүзеге асатыны, қандайы өзектілігін жоғалтатыны, ал қайсысы жаңа контексте жедел даму мүмкіндігіне ие болатыны белгілі болады. Бұл өзгерістерге сауатты бейімделу жаңа әлемдік тәртіпте кімнің алда болатынын айқындайды.
- Айк Дерзян – армян саясаткері, халықаралық сарапшы және Арменияда орыс тіліндегі Trigger бағдарламасының жүргізушісі. Армения Республикашыл партиясы кеңесінің мүшесі, Андраник Маргарян атындағы саяси мектептің жетекшісі, «Арманыңды орында» қоғамдық ұйымының президенті, MediaSchool жобасының негізін қалаушы және Армениядағы Дүниежүзілік жастар фестивалінің (WYF) ресми өкілі. Экономика университетінің, Мемлекеттік басқару академиясының, Еуропалық саяси мектеп пен Қытайдың AIBO бизнес мектебінің түлегі.