Каспийдегі сарбаздардың қазасы: әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қамауға алынды

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұстады.

Қорғаныс министрлігі

Астана, NEGE. Ведомство ақпаратынша, ол Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс аясында ұсталды. Сот санкциясымен бұрынғы қолбасшы қамауға алынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. 

Бұған дейін Президент бейбіт күнде сарбаздардың өмірін қиған Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға «бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын» айтып, оқу-жаттығу жиынында әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Ниязбековтің болмағанын қатаң сынға алған еді.

«Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары», – деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Осы жағдайдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктегі жағдайды, соның ішінде әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексеру үшін арнайы комиссия құрды.

Оқиғаға байланысты қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға ұсталды.

27 қыркүйекте қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Сол күні оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. 3 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен бұған дейін қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – қарулы күштер бас штабының бастығы лауазымын атқарған Қаныш Әбубәкіров қызметінен босатылды. Сондай-ақ қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Джумакеев пен қарулы күштер әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен айрылды. Әбубәкіровтің орнына Айтқұрман Омарбеков қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы қарулы күштері бас штабының бастығы болып тағайындалды.

5 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін тыңдады. Комиссия мүшелері қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемалардың әшкерелегенін атап өтті. Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заңбұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды.