Қаржыдан мұнайға ауысу оңай емес. Кеңес Рақышев НЕГЕ борыштан көз ашпады?
Кәсіпкер Кеңес Рақышевке қарасты «Fincraft Group» басқарушы холдингі былтырғы жылды 9,2 миллиард теңге шығынмен аяқтады. Сонымен қатар тағы да қарызға батты. Дәл осы кезде Кеңес Рақышев өз компаниясынан жылдық 18 пайыздық мөлшерлемемен 66 миллиард теңге қарыз алады. НЕГЕ?
Fincraft Group міндеттемелері бір жылдың ішінде 49%-ға өсіп, 248,4 млрд теңгеге жеткен. Ал меншікті капитал, керісінше, 22%-ға азайып, 38,5 млрд теңгені құрады. Осылайша, компания активтер көлемі бойынша ірілене түссе де, кредиторларға, облигациялар нарығына және мұнай-газ жобаларының болашақ құнына бұрынғыдан да тәуелді бола бастаған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Fincraft Group 9,17 млрд теңге таза шығынға ұшыраса, одан бір жыл бұрын топ 37,47 млрд теңге таза пайда көрсеткен еді. Nege.kz осының себептеріне үңіліп көрді. Топтың қаржылық көрсеткіштері операциялық жетістік емес, қағаз жүзіндегі қайта есептеулерден тұратын болып шықты. Мысалы, 2024 жылы Fincraft Group әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтерінен 40,87 млрд теңге таза кіріс таныған.
Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш небәрі 4 млрд теңгені құрады да, проценттік шығындардың кесірінен компания минусқа батып кетті. Сонда топ нақты бір операциялық пайдаға емес, активтерді қайта бағалауға қарап отыр.
Оған қоса, топтың 2025 жылғы пайыздық кірістері 8,83 млрд теңге болса, пайыздық шығыстары 16,18 млрд теңгені құрады. Демек, таза пайыздық нәтиже минус 7,35 млрд теңге деңгейінде қалыптасты.
Басқаша айтқанда, қарыз капиталын пайдалану компанияға пайыздық активтерінен келетін кіріске қарағанда екі есеге жуық қымбатқа түсіп отыр.
Тақырыпқа орай: Каспий нефть. Кеңес Рақышев Құлыбаевпен НЕГЕ келісуі мүмкін?
Дәл қазір Кеңес Рақышевқа түсімнің негізгі бөлігі мұнайдан келе бастады. Түсім сегментіне көз жүгіртсек, 28,48 млрд теңге жиынтық түсімнің 22,66 млрд теңгесі немесе 80 пайызы мұнайға тиесілі. Осылайша, 2024 жылдан бастап мұнай-газ бағыты Fincraft Group-тың негізгі операциялық бизнесіне айналған.
Әсіресе топ негізгі бәсін Beineu Petroleum Limited компаниясына қойып отырған сияқты. 2024 жылы Кеңес Рақышев бұл компанияның 40% үлесін 29 млрд теңгеге сатып алды. Қазіргі таңда осы активтің құны қайтадан теріс бағаланып, алшақтық 18,24 млрд теңгені құрады.
Себебі кейбір параметрлер ойдан шықпай, артынан Beineu Petroleum инвестициялық ресурстары Батыс Прорва жобаларын жүзеге асыруға және Баранкөл газ өңдеу зауытының жабдықтарын жаңғыртуға бағытталып кетті.
Десе де, теріс қайта бағалауға қарамастан, Fincraft Group Beineu Petroleum-ға салатын инвестициясын көбейтуді жалғастырмақ. Биылғы көктемде топ қосымша акцияларды 10,32 млрд теңгеге сатып алды. Ал маусым айында тағы 17,47 млрд теңгеге үлесін арттырды.
Тақырыпқа орай: Tethys минуста болса да, Кеңес Рақышев НЕГЕ мұнайға сеніп отыр?
Рақышевтың Бейнеуден жоғалтқан қаржысын сәл де болса Tethys Petroleum Limited орнына қойып берген. 2024 жылы Fincraft Group бұл компанияның шамамен 31 пайыз акциясын 6 миллиард теңгеге сатып алған еді. Қалған акциялар пакетін толық алу бойынша келіссөздері сәтті аяқталмай жатыр. Оның алдында Fincraft Group өзінің ұсынысын жаңартып, «Tethys Petroleum Limited» акционерлеріне бір жай акция үшін 1,75 канадалық доллар ұсынған. Бірақ тараптардың мәмілеге келгені туралы еш ақпарат жоқ.
Алайда Tethys Petroleum 2024 жылы 12,4 миллион доллар шығын көрсеткен. Ол Қазақстан аумағында шикі мұнай мен табиғи газ кен орындарын барлау және игеру жұмыстарымен айналысады. Компанияның газ жобалары Аққұлқа мен Қызылой кен орындарында, ал мұнай жобасы Ақтөбе облысындағы Құл-Бас кен орнында шоғырланған.
Кеңес Рақышев мұнайға НЕГЕ қызығып отыр деген сұраққа келсек. Бүгінгі таңда Tethys Petroleum иелігінде ауыз толтырып айтуға келетіндей мұнай қоры бар. Дәлелденген мұнай запасы 47 миллион баррель шамасында болып тұр. Одан болашақта жақсы пайда көруге болады.
Бір сөзбен айтқанда, кей қазақстандық кәсіпкерлер мұнай саласынан кетіп жатса, келесілері банк пен қаржы саласын тастап, керісінше өндіру бағытына ауысуда. Әр саланың қызығы мен шыжығы бар. Кімге не жаққанын болашақта көретін боламыз.