Tethys минуста болса да, Кеңес Рақышев НЕГЕ мұнайға сеніп отыр?
«Tethys Petroleum Limited» жекеменшік мұнай компаниясы Қазақстан қор биржасындағы листингтен кетті. Бұл Кеңес Рақышевтың компанияның қалған 68,04% акциясын сатып алу келісімінде сатушыларды көндіргенін білдіреді. Осы тұста екі сұрақ туындап отыр. Рақышев акцияларды қаншаға сатып алмақ? Tethys жағдайы биыл жақсара ма?
Оның алдында кәсіпкер Кеңес Рақышевке тиесілі Fincraft Group өзінің ұсынысын жаңартып, «Tethys Petroleum Limited» акционерлеріне бір жәй акция үшін 1,75 канадалық доллар ұсынған еді. Бұл өте жомарт ұсыныс. Сонда Кеңес Рақышев «Tethys Petroleum» компаниясына толық иелік ету үшін 81,7 миллион АҚШ долларын санап беруге дайын болды.

Тараптардың келіскеніне қарасақ, мәміле де шамамен осы сома төңірегінде болды деп топшылай аламыз. Tethys Petroleum-ның 44,92 пайыз акциясын «Pope Asset Management» американ инвестициялық компаниясы ұстап отырды. Олар ұзақ уақыт Қазақстандағы мұнай активтерін сатпай келді. Бірақ екінші акционер болып табылатын Кеңес Рақышевтың американдық акционерлер тағайындаған менеджметке мүлде көңілі толмай жүрген еді.
Себебі, Pope Asset Management Рақышевтың адамдарын Tethys Petroleum басқаруына жолатпады. Инвестор Билл Уэллс мұнай компаниясындағы операциялық шешімдерге дейін өзі қарап отырды. 2024 жылы Tethys 12,4 миллион доллар шығын көрсеткенде Кеңес Рақышевтың шыдамы таусылғаны байқалды. Егер ол жеке мұнай компаниясын толық өз қарамағына ала алмағанда, өзінің үлесін сатып, бұл бизнестен шығып кетер еді.

«Tethys Petroleum» НЕГЕ 2024 жылы қиналып қалды және бұл компанияның болашағы бар ма? Офшорлы компания Кайман аралдарында тіркелген. Ол Қазақстан аумағында шикі мұнай мен табиғи газ кен орындарын барлау және игеру жұмыстарымен айналысады. Компанияның газ жобалары Аққұлқа мен Қызылой кен орындарында, ал мұнай жобасы Ақтөбе облысындағы Құл-Бас кен орнында шоғырланған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Tethys қаржылық есепте 12,4 миллион доллар шығын көрсетті. Мұнай мен газ сатудан түскен табыс бір жылда 58%-ға төмендеп, небәрі 15,2 миллион долларды құрады. EBITDA көрсеткіші бірнеше есеге қысқарды. Шығынның негізгі себебі активтің қағаз жүзіндегі құнсыздануы десек, оған өндірістің уақытша тоқтауы мен әкімшілік кедергілер де жағымсыз фактор ретінде қосарлана келді.
Рақышев НЕГЕ сеніп отыр? Компанияның мұнай қоры ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. Дәлелденген мұнай запасы 47 миллион баррель шамасында болып тұр.
Егер өндіріс жолға қойылып, мұнай бағасы нарықтарда барреліне 60 долларына кем болмаса, Рақышев өз шығынын оңай ақтап алады.
Ең бастысы, «Tethys Petroleum» компаниясында қарыз жоқ. Биыл олар өндірісті қайта іске қосып, газ бойынша тұрақты сатып алушы тапты. Сондықтан дивиденд те мол болуы тиіс.