23 апреля 2025 г. 16:30

Инвесторлар әбден соруға дайын. Қашаған НЕГЕ елге пайда әкелмеді?

Фото: Фото: Nege.kz

Былтырдан бастап қана Қашағанда жұмыс істейтін компаниялардың салығы бюджет үшін минустан шығып плюске ене бастады. Әйтпесе жылдар бойы оларға бюджет қосымша құн салығының қайтарымын төлеп келген еді.

Осы күнге жету үшін Қазақстанға бақандай 9 жыл қажет болды. Бірақ Қашағанда өндірілетін мұнайдың тек 2 пайызы ғана Қазақстанға тиесілі. Инвесторлар өздері салған 60 миллиард долларды түгел шығарып алмайынша, Қазақстанға бір доллар да татырмайтын болады.

Фото: Nege.kz

Былтырдан бастап Қашаған жобасының қатысушылары сәл де болса салық төлей бастады. Мысалы, «КМГ Кашаган Б.В.» компаниясы 2024 жылы 39 миллиард теңгеден астам салық төледі. Бұл корпоративті табыс салығына көбірек келеді. Сонда Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қашағандағы компанияның салық бойынша төлемдері оның қосымша құн салығы бойынша қайтарып алған қаржысынан асып отыр.

Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлісу туралы келісімге (СРП) сәйкес, жоба акционерлер ішкі кірістілік нормасы белгілі бір деңгейге жеткен кезде корпоративті табыс салығын төлей бастауы тиіс. Қазір тек «КМГ Кашаган Б.В.» компаниясы ғана корпоративті табыс салығын төлеуде. Бұл «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының Қашағандағы өкілі. Ал сонда «Shell Kazakhstan Development B.V.», «TotalEnergies EP Kazakhstan», «AgipCaspian Sea B.V.», «ExxonMobil Kazakhstan Inc.» cынды шетелдік акционерлердің ішкі кірістілік нормасы қашан салық төлейтін деңгейге жетеді?

Фото: Nege.kz

Әзірге бұл шетелдік компаниялар тек бюджеттен қосымша құн салығын қайтарып алумен айналысып келеді. Мысалы, Shell Kazakhstan Development B.V. 2024 жылы Қазақстаннан 8 миллиард теңге, TotalEnergies EP Kazakhstan 7,19 миллиард теңге қайтарып алған.

Көптеген сарапшылардың ойынша, Қазақстанның Қашаған бойынша асығып СРП жасап жібергені үлкен қателік болды. Назарбаевтың жіберген үлкен 10 қателігінің ішіне осы «Қашаған» кейсін кіргізуге болады.

Бұл тұста асықпай, Норвегия мұнайшыларымен бірлесіп, теңдік пен әділдік принципімен жақсы жоба жасауға болар еді.

Қазір Қашағанның мұнай қоры 9-13 миллиард баррель аралығында деп есептеледі. Қазақстан енді тек 10 жылдан кейін ғана табыстан ауыз толтырып айтарлықтай үлес көре бастауы тиіс. Оған дейін мұнай қоры біршама сарқылатын болады.

Инвесторлар мұнайды соңғы тамшысына дейін сорғанша Қашағаннан кетпейді. Тіпті Қазақстанмен халықаралық соттарда тіресуге дайын. Қазірдің өзінде олар халықаралық арбитражды өз пайдасына бұрып үлгерді.

Тегтер: