Футболшы Олжас Байбек: «Бауыржан Байбекке еш қатысым жоқ»
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде гол соққан екі қазақтың бірі Олжас Байбек бүгінгі деңгейге ешбір шенеуніктің де, таныс-тамырдың да көмегінсіз, тек маңдай тері мен тынымсыз еңбектің арқасында жеткенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Футболшы Олжас Байбек Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбекке ешқандай туыстық не өзге де байланысы жоқ екенін айтты. Спортшы УЕФА-ның Чемпиондар лигасында гол соғып, қазақ футболының тарихына енгеннен кейін көптің назарын өзіне аударған. Артынша тегіне байланысты қоғамда түрлі әңгіме өрбіп, тіпті «әкімнің баласы» деген алыпқашпа сөздер де тараған. Бұл қауесетке Олжас Alimlivesport YouTube арнасына берген сұхбатында нүкте қойды.
«Иә, ондай әңгіме бар. Оған да кейде ашуың келеді. Солай «біреудің баласы, ақшамен ойнатады» дегеніне шамданамын. Бауыржан Байбекке ешқандай қатысым жоқ. Мүлдем, бір грамм қатысым жоқ. Мен Шардараның тумасымын. Әкемнің аты Ниязбекбеков Сыдықәлі Байбекұлы. Сондықтан Бауыржан Байбекке еш туысқандық байланысым да жоқ», – деді ол.
Еске салсақ, «Қайрат» пен даттың «Копенгаген» клубы арасындағы матчта алматылықтар 81-минутқа дейін ауыр жағдайда қалды. Таблодағы есеп – 0:3. Көпшілік үшін ойын тағдыры шешілгендей көрінді. Бірақ дәл осы сәттен бастап жасыл алаңда нағыз тартыс басталды.
Алдымен «Қайрат» академиясының 17 жастағы түлегі Дастан Сәтпаев көзге түсті. Ол қақпашыны қапы қалдырып, есеп ашты. Бұл гол Дастан үшін ғана емес, бүкіл қазақ футболы үшін ерекше маңызға ие болды – ол Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ атанды.
Араға көп уақыт салмай «Қайраттың» шабуылын 20 жастағы Олжас Байбек жалғастырды. Оның дәл соққысы есеп айырмасын қысқартып, жанкүйерлердің үмітін қайта жаққан еді.